01.03.2022
  259


Автор: Оспан Әлсейіт

ШЫРАҒЫМ МЕНІҢ

Новелла


 


Алаулап батып бара жатқан күннің қызғылт сәулесі бөлме ішінде ойнайды. Шұғылаға малынған шыны атаулы жалт-жұлт етіп көздің жауын алады. Ол бүгін демалыс күні екенін пайдаланып, көшеге шығып серуендеп қайтқан. Содан келіп дем алып жатқан беті. Төсекке қисая кетіп еді, содан көзі ілініп кетіпті, Жатақхана емес пе, дәліздегі абыр-дабырдан оянды.


Күннің сәулесі қарсы қабырғаға ілінген төрт бұрышты жұқа мыс қаңылтырға түсіп тұр. Оған сондай бір нәзік шеберлікпен шырақ ұстап тұрған қыздың бейнесі бедерленіпті. Ол осы бейнеден еріксіз көз айыра алмай қалды.


Шұғылаға малынған қыз бейнесі бұрынғысынан әдемі көрінді. Ұзын қара шаштары иығын жауып кеткен. Қыз шыраққа қадала қарап қалыпты.


Ол осы бір бейнені қанша рет көріп жүрсе де мынадай көрініске бірінші рет тап болды.



  • Шырақ ұстаған қыз, – деп қалды ол өз дауысының қалай шығып кеткенін аңғармай.


Қайта көз салып еді осы бейнеге жан бітіп кеткендей көрінді. Ол шырақ ұстаған қыздың жүзін біреуге ұқсатты. Көп ойланған жоқ. Тапты кім екенін. Салыстыра бастады. Керемет бір ұқсастық бардай.


«Маусым, Маусымға ұқсайды?» – деді іштей. Сұлулық атаулыны Маусыммен салыстыратын әдеті.


Жанды, жансыздағы сұлулыққа көзі түссе Маусым сұлулығына теңей бастайды. Бәрібір Маусымды сұлу


 


деп шешеді. Бар сұлулық атаулы тек Маусым жүзіне жинақталғандай.


Маусыммен қалай танысқанын ой елегінен өткізе бастады.


Өзімен бірге оқитын Айманның туған күнінде ғой! Туған күннің аты – туған күн. Әзіл-қалжың, күлкі, ән дегендей. Оны бір сәтке телефон шылдыры үзіп жіберген. Айман трубканы көтеріп сөйлесе бастады. Әңгімеге қарағанда – құрбы қыздарының бірі болды шамасы. Сол жолы бойына қайдан батылдық біте қойғанын! Ойында дәнеме жоқ. Қалжындап:



  • Айман, мүмкін мені құрбыңмен таныстырасың, – деген.


Қыздардың әдеті емес пе. Ол:



  • Мінезі көркіне сай жақсы қыз, таныссаң өкінбейсің, бірақ сендей үндеместен не шығар дейсің, – деп сыңғырлай күлді.


Осы жолы бойына қайдан батырлық біткенін өзі де байқамады.


Құрбы назына онша назар аудармастан. Телефон тұтқасын қолына ұстай берді. Сәлемдесті, есімін сұрады.



  • Кешіріңіз, бар мәселе онда емес шығар. Тым асығыс екенсіз, уақытысында біле жатарсыз. Осы жігіттердің қыз көрсе «Қарындас, есіміңіз кім, есіміңіз кім» деп тықақтай жөнелетінін ұнатпаймын. Тек көңіліңізге ала көрмеңіз, бірде болмаса, бірде білісе жатармыз, – деді сыпайы ғана.


Дауысы жұмсақ, әсерлі екен. Бойындағы алғашқы батылдықтан ештеңе қалмаған, лезде сабасына түскен.



  • Қатты кеттім ғой деймін. Жалпы телефон соғып тұруға болады, – деді қыз дауысын жұмсартып..


Ол телефон нөмірін жазып алған. Бір екі-аптадан кейін ойланып-толғанып телефон соққан. Онда да жүрегі дүрс- дүрс соғып телефон тұтқасын қолында көп ұстап тұрды. Кездесуге шақырсам ба екен деп қатты ойланды. Бір кезде:


 


«Менікі не осы, тонымды шешіп алар деймісің, шақырсам шақырайын», – деп өзін-өзі қайрап алған.


Қыз алғашқыдағыдай емес, ашық-жарқын. Қарсылық білдірген жоқ, кездесуге келісе кетті.



  • Қорықпасаңыз, кездесейік. Тек кездесер жер мен уақытты анықтап алайық, – деді.


Ол асып-сасып айтып шыққан. Есінде қалғаны: «Драма театрының алдындағы аялдама, кешкі сағат алты». Келісуін келіскенмен соңынан ойланып қалды. Жүзін көрмеген бейтаныс қыз. Қалай болар деп толқыған.


Тәуірлеу-ау деген киімдерін киіп, уәделескен жерге келген. Келіскенде қыз қандай киіммен болатынын айтқан еді. Жадында қалғаны тек биік өкшелі қара туфли ғана. Толқудың әсері ме, басқадай белгілерін ұмытып қалыпты. Ал, мынау үлкен қалада қара туфли киген қанша қыз болатыны қаперіне кіріп шықпаған.


Театр алдындағы аялдамада тұрды тосып. Автобусқа мініп-түсіп жатқан жұртта да есеп жоқ. Оның үстіне қара туфли киген қыздар да аз болмай шықты. Сағат тілі алтыдан едәуір асып кеткен. Күн жаңбырлы. Мүмкін етік киіп алған болар деген оймен аяғына күздік қара етік киген аққұба қызға назар аударды. Тілдесіп көруге батылы жетпеді. Қыздың өзі де алаңсыз, бейғам. Азғанадан кейін ол қыз тұрған орнында жоқ болып шықты. «Барар жағына кеткен ғой» деп түйді ішінен. Күн батуға таяу, шыдамы таусылып барады. «Қой, қалжындаған болар», – деп кетуге бел байлады. Тек бір алдамашы үміт: «сабыр, сабыр» дегендей көкейінен кетпей қойды. Сөйтіп тұрғанда бір автобус тоқтады да, бойжеткен қыз бен келіншек түсті. Келіншек көп ұзамай басқа автобусқа мініп кетті де, қыз қалып қойды. Сәкіге келіп отырды.


Аққұба жүзді, мөп-мөлдір қара көздері ұшқын шашады. Қара шашын иығына төгіп жіберген. Жанына жақындап келді де, бата алмай тұрып қалды. Алдынан әрлі-бері екі-


 


үш рет өтті.


Ол он-он бес адымдай жерге барып тұрды да сыртынан бақылай бастады. Қыз да байқамаған болып көз қиығын салып отыр екен. Сөйтіп бір-бірінің қимылын бағып тұрғанда жарты сағаттай уақыт өтті. Сол қыз екеніне көз жеткізсе де, бөгде біреу болып шықпаса екен деген ойдан арыла алмай қойды. Сәкіде бос орын жоқ, жағалай кісілер жайғасқан. «Жанындағы орын босағанша күте тұрайын»,



  • деп ойлады ол.


Кісілер тұрып, орын босаған соң қыздың жанына тартыншақтап келіп отырды. Бұл ойынның барысына шыдамаған қыз күліп жіберді.



  • Жоқ іздеп жүрсіз-ау деймін, жоғыңыз табылсын, – деді күлімсіреп.


Ол:



  • Жаңылыспасам іздеген жоғым сіз сияқтысыз, – деді.

  • Жарайды, жасырынбақты дағарайық. Мені іздеген жоғыңызға ұқсатсаңыз, мен сізді іздеушіге ұқсаттым. Онан да танысайық, – деп қолын ұсынды.


Қыздан мұндай батылдықты күтпеген ол:



  • Иә,иә, сол жөн болар, – деді.

  • Маусым!

  • Арман!


Қол берісіп танысып алғаннан кейін екеуі көшені бойлай жүріп кетті. Қалай танысқандарына екеуі біраз күлісіп    алды.   Алғашқыдағыдай    емес   бойы    үйрене бастады. Жылы жүзді, мінезі ашық-жарқын екен.Екеуі әрі қарай еркін әңгімелесіп кетті. Содан бері кездесіп тұрады. Өмір деген қызық екен-ау. Кеше ғана ауылдан келген, шала-пұла орысша білетін ұяң бала еді, әйтеуір оқуды аман-есен бітіріп, ауылға қайтсам болды деп ойлайтын. Жүрер жолы бұрылыссыз, оқтай түзу сияқты болатын.


Маусыммен танысуы – сол жолдағы үлкен өзгеріс еді.


... Көзі тағы да мыс қаңылтырдағы қыз бейнесіне түсіп


 


кетті. Ай сәулесіне шомылып жалт-жұлт етеді. Бөлме іші нұрға бөленгендей.


Шырақ ұстаған қызды Маусымға ұқсатты.


Қолына шырақ ұстап келе жатқан маусым. Сол күйі жан дүниесіне еніп кеткен. Бұрын кеудесін кештің меңіреу тыныштығы, күңгірт қараңғылығы баурап алғандай болып тұратын үнемі. Сол қараңғылық сейіліп, кеудесінде бір шырақ алау шашып тұрғандай. Жанын бір ән сазы тербегендей.


 


 




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу