01.03.2022
  286


Автор: Оспан Әлсейіт

КЕРБЕЗ КЕЛІНШЕК ІЗДЕП ЖҮРМІН

Әзіл-шыны аралас


 


Ертең жол жүретін болғандықтан, кешкісін суға шайынып алғам. «Осы сен үйде жұмыс түк істемейтін болдың. Тым болмаса қоқысты төге салсаң не етеді», – деп келіншегім қабағын шытқан соң,сыртқа шығып айтқанын орындауға тура келді. Қыс ауасы. Далада әжептеуір ызғар бар. «Әй-й суық тигізіп алмасам жарар еді деп ойлап ем. Сол ойдан бойым тіксініп жаурағандай болдым. Шынымен-ақ таңертең ерте оянсам, сол иығым шаншып, мойыным бұрғызбай қалыпты. Енді не істеймін?!


«Мойның бұрылмай қалса, кербез келіншектің артынан сәлем салу керек», – деген ырымды бала кезімнен есітіп өскем. Бірді-екілі рет оны жасап та көргем. Сол әдетпен жұмысқа келе жатып кеңсеге жақындай бере жан-жаққа көз тігіп әрлі-берлі өткендердің арасынан кербез келіншек іздеймін көзбен.Көпшілігі қыздар, кәрі-құртаңдар.Бірге жұмыс істейтін бір-екі қыз өтті.



  • Аға, саламатсыз ба, ішке кірмейсіз бе?

  • Қазір кіремін ғой. Кербез келіншек іздеп жүрмін.Олар аңтарылып бетіме қарайды. Мойным бұрылмай қалғанын қайдан білсін! Ешкім кездеспеген соң, амалсыз кеңсеге кірдім. Келсем жиналыс басталып кеткен екен.

  • Қайда жүрсіз кешігіп?

  • Жолда мінтірескен көлік.

  • Ойбай-ау, сіз мені алдап тұрсыз ғой. Жаңа ғана кербез келіншек іздеп жүр, – деп естідім. Оныңыз не таң атпай,


 


кешкісін де кездесуге болады ғой. Оның үстіне әйелі бар, бала-шағасы бар емес пе, – деп бастық бастырмалатып кетті. Мойным бұрылмай қалды деп қайдан ғана айта қойып едім. Қызметтегі қыз-келіншектер жымың-жымың етеді. «Отыз тістен шыққан сөз отыз рулы елге тарайды» дегендей кеңседегі кешке дейінгі әңгіме мен туралы болыпты.


Ол ол ма, түс кезінде келіншегім мен жоқта іздейді телефон соғып. Әйелім екенін қайдан білсін, ойында ештеңе жоқ бір қызметкер:



  • Ол кісі сізді таңертеңнен бері тосып жүр деп естіп ем, – дейді


Келіншегім:



  • Мен оған барам деген жоқ едім ғой, – дейді таңданып.


Ол:



  • Қайдан білейін. Өзі айтыпты ғой бір кербез келіншекті тосып жүрмін деп, – дейді. Ашуланған келіншегім телефон тұтқасын тарс еткізіп орнына тастай салады.


Одан хабарым жоқ мен кешкісін үйге келдім. Үйге кірер-кірместен келіншегім тарпа бас салып, бұрқан- тарқан ашуға мінді.


–.. Сен өзі жұмыста отырмайды екенсің ғой. Кербез келіншегім іздеп кетті деп естідім, оның не, – деді жүзі түтігіп.



  • Қайдағы келіншек?! Сен не айтып тұрсың өзі...

  • Жұмысқа телефон соққам. Өзің сөйтіп айтыпсың ғой!


Әйелімнің сөзіне не жыларымды, не күлерімді білмедім.



  • Кеше кешкісін суға түскен едім.

  • Иә, сонан соң.

  • Сонан соң желең күйде далаға шықтым. Әйелім әлі де сеніңкіремейді.

  • Дала тым салқын екен. Содан мойныма суық тиіп. Таңертең тұрсам мойным бұрылмай қалыпты. Сәл


 


қимылдасам жаным көзіме көрінеді. Сол үшін сені оятып айтуым керек пе еді. Тек ауылда «Мойның бұрылмай қалса кербез келіншектің артынан сәлем сал» деп жататын. Жазылғандарды көргем, сондықтан ғой далаға шығып кербез келіншек іздеп жүргенім....



  • Келіншегім ішек-сілесі қатып жатып леп күлсін. Тоқтай алмайды ғой. Мен байғұста ұрысу түгілі, дауыс көтерер шама жоқ, мойным қозғалмайды. Жақ ашуға дәрменсізбін.

  • Е-е, бәсе, солай ма еді?! Мен қайдан білейін. Сені бір кербез келіншек күтіп сыртта жүр деп естідім ғой, – деді сөзіме енді сенгендей.

  • Уһ-һ, – дедім. Шынында да сөзді абайлап айтпаса болмайды екен.


 




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу