01.03.2022
  130


Автор: Оспан Әлсейіт

ЕСКІ ТАНЫСТАР

Жан жарым Айгүлге


 


Айбаланың жанұясымен Алматыға келгендеріне он жылдан асып қалды. Ол кезде Алматының аты қазақ болғанымен, заты қазақ емес еді. Қаймана қазаққа қаладан үй алмақ түгілі, тіркелуідің өзі қиын екен.


Әртүрлі әкімшілік кедергілер, бұйрық-нұсқаулар жай қазақтар үшін Алматыны жабық қалаға айналдырған. Айбала күйеуі екеуі басқа қалада оқу бітіріп, жұмыс бабымен осында келген-ді. Бірақ, тұрғын үй мәселесі жатақханаға бірден шешілмей уақытша тіркелуге тұрды. Одан екі жылдан кейін тұрақты тіркеуге алынып, содан соң ғана пәтер кезегіне тұруға рұқсат алды. Осындай ережелерді қандай адамдардың ойлап тапқанына ақылы жетпейді. Не деген сұрқия, зымиян саясат! Жай қазақ өмір бойы малдың соңында жүре берсін, оқымасын, санасы оянбасын, өзінше ойлап, өзінше өмір сүрем деп бас қатырмасын деген арам ниет. Алматыға келгендеріне де әне-міне дегенше, бес-алты жыл көзді ашып-жұмғанша өте шықты. Осы мерзім ішінде қанша пәтер ауыстырғандарын санаса адам жаңылатындай. Кімнің үйінде пәтер жалдап тұрмады бұлар!? Біресе ұйғыр шалдың, біресе орыс кемпірдің, біресе дүнген әйелдің дегендей. «Қонақ көп келеді, туыстарың үзілмейді, балаларың мазамызды алады», – деп көп шыдатпайды. Көшуге де әбден еттері үйреніп алды. Өз елінде, өз жерінде емес, құдды бөтен елде жүргендейсің. Қайсысы болса да дікең-дікең етіп, қит етсе қуып шығам дейді. Өз үйіңе аяғыңның ұшымен кіріп, башпайыңмен байқатпай шығасың. Айбала күйеуі екеуі пәтерден пәтерге көшіп жүріп жатақхананың бір


 


бөлмесіне де қол жеткізді-ау, әйтеуір. Баяғыда Жиренше шешеннің: «Қайран менің өз үйім, кең сарайдай боз үйім»



  • деген сөзінің мән-мағынасын енді түсінгендей. Қалада дүниеге келген тұңғыш қызы екі жасқа аяқ басқан. Көп пәтерлі үй сияқты жобамен салынған екен. Жатақхана бес қабатты, сәулетті, анадайдан көзге шалынады. Бөлмелері кең, даңғырап тұр. Сол жалғыз бөлменің өзі, Жиренше шешен айтқан кең сарайдай болып көрінеді. Өзің би, өзің қожасың. Күйеуі екеуі бақыт деген осы шығар деп ойлаған. Көпке дейін қуаныштары басылмай жүрді. Көршілері де өздері сияқты жаңадан үйленген өңкей өрім жастар. Атыраудан, Алтайдан, Көкшетаудан, Шымкенттен дегендей, жан-жақтан келіп осы жерде бастары қосылған. Қазан-ошақтары да, той-томалақтары да бірге. Ынтымақтары жарасқан тату-тәтті көршілер. Балалардың арасындағы жарастық, достық қандай. Кез келген бөлмеге кіріп кетеді де, қызықты ойынға басады. Ойыншықтары аралас. Сенікі, менікі деп керілдесу жоқ. Сол бір бөлмеде әрі демалады, әрі қонақ күтеді, әрі ұйықтайды. Ал, адамдардың ықылас пейілдерін айтсайшы! Аядай бөлмеден ертелі-кеш адам аяғы үзілмейді. Алматыға қыдырып келген туған-туыстары, оқитын, жұмыс істейтін іні-қарындастары бірінен соң бірі ағылып келіп жатады. Көңіл сыйса, адамда сыйысады екен-ау. Сол бір өмірді, сол бір кездерді қатты сағынады. Қандай жақсы, балдай тәтті шақтар еді. «Адамның күні адаммен» деген. Осы күні оңаша пәтер, оңаша үйі болғанмен, сол бір тілектес, мүңдас, сырлас достарға айналып кеткен көршілері жетіспей-ақ тұрады. Арнайы іздеп бармасаң, не шақырмасаң, қайдан жолығасың!?


Дәл осы мезгілде коммунизмге жетеміз деп жүрген алып ел қас пен көздің арасында тас-талқан болып тарап кетті. Тарихтың дөңгелегі неткен жылдам, егемендік алғаннан кейінгі екі-үш жылда қоғам да, адам да, сана да мүлдем


 


өзгеріп кетті. Бұрынғы дұрысын бұрысқа, бұрысын дұрысқа айнала бастады. Еркіндік, бостандықпен бірге жұмыссыздық, жетіспеушілік, кедейшілік құрығын сүйрете келді. Мейлі, жалғыз бөлме болса да, баспанаң болғанға не жетсін?! Осыған да қолы жетпей жүргендер қаншама!


Кәсіпорын жабылған соң, әркім өз қамын өзі жасауға кірісті. Жеке кәсіпкерлік, сауда-саттық дегендей.


Бұлар екінші қыздары туылған соң, бұрынғы бөлмесіне тағы бір бөлме қосып алған болатын. Енді жекеменшікке айналдырып алған соң, әжептәуір үй болып қалды. «Әр баланың өз несібесі болады» – деп ойлаған өздерінше. Жұмыр басты пендеде арман деген біте ме. Сол жатақхананың екі бөлмесін реттеп, жөндеп, сатты да, туған-туыстарының көмегімен үш бөлмелі кәдімгі жайлы пәтер сатып алған. Төбелері көкке жетіп қуанды. Үш қызы мәз. Телефон, газ, ыстық су, суық су – бәрі бар. Жұмақ дерсің. Мүлік дейтін бұларда қайбір мүлік бар дейсің?! Ескі диван, темір керует, тоңазытқыш, телевизор ғана бар. Әйтсе де «Кедей болсаң, көшіп көр» демекші, зат-мүліктері үлкен жүк машинасына әзер сыйды. Жаңа пәтердің бөлмелері үлкен-үлкен. Қойған заттары көрінбей қалды. Терезелері кең де жарық. Құр қабырғалары қалқиды да қалды.


«Басымызда баспанамыз бар. Несіне уайымдайық. Елмен бірге көреміз», – деді әншейінде күйгелектеніп жүретін күйеуі осы жолы сабыр танытып. Жатақханадағы көңілді у-шуға үйреніп қалған бастары мұндай үйге үйрене алмай жүрді алғашында. Адамдардың түстері суық, бөтен, жат көрінеді көздеріне. Амандассаң, әзер амандасады. Тілдесейін десең тосырқай қарайды.


Бір күні Айбала балаларының киім-кешегін жуып, есік алдына жаюға шыққан болатын. Керілген жіпке жуылған киімдерді бір-бірлеп іліп жатқан.


 



  • Апай, сәлеметсіз бе, – деді бір дауыс желке тұсынан. Жалт бұрылып қарап еді, көнетоздау киінген, өңі жүдеулеу, бетінің аздаған секпілі бар қара торы жүзді жас


келіншек имене қарап тұр екен.



  • Амансың ба, сіңлім. Кел, кел, – деді ол жылы қабақ танытып.

  • Ту-у, бұл жерде де қазақтар бар екен-ау. Жаңа бір жерде әлдебір қазақтар орысша сөйлеп, жерден алып жерге салып еді. «Ауылдан келген қаңғыбастар жүргізбейтін болды»,


«надоели» деп дүрсе қоя берді. Бірдеңе бер дегенім жоқ пәтер іздеп жүргенімді ғана айттым. Тым құрыса бір ауыз жылы сөзін айтса да болады ғой. Содан сізді көріп қуанып тұрғаным ғой, – деді жақын бір туысын тапқандай.


– Біз бұл үйге жақында көшіп келдік, бұрын жатақханада тұратынбыз, – деді. Айбала. – Үйбай, далада неге тұрмыз, жүр үйге кіріп сөйлесейік.



  • Үйге кіргенім ыңғайсыз шығар, бейтаныс адаммын ғой, – деді келіншек тартыншақтап.

  • Неге кірмейсің, қазақ емеспіз бе. Босағада тұрғаның жөн болмас. Бір-екі кесе шай ішесең, – деп Айбала қоярда- қоймай оны ішке кіргізді. – Айтпақшы, есімің кім, – деді Айбала дастарқан жайып жатып.

  • Айжан.

  • Жақсы ат екен. Отыр, қысылма, – деді шай құя бере. Адамды айтқызбай-ақ  түсінетіндігі,  дастарқан жасардағы қолғабысы қатты ұнап қалған... Мұндай қасиет нағыз ауылда өскен қыздарда ғана болады ғой. Бір-екі


кесе шайдан соң, Айжанның мандайы тершіп қоя берді.



  • Апай, рахаттанып қалдым ғой. Бүгін күні бойы тізе бүккем жоқ. Жөнді шай іше алмап едім. Сізге үлкен рахмет, – деді Айжан риза кейіппен.

  • Қысылма, айналайын, Қанып іш!, – деді Айбала жаны ашып. Айжанның қиналып жүрген жайы барын ұққандай болды да: – Иә, Айжан шаруанды айта отыр, – деді сөз


 


арасында.



  • Мен осы төңіректен пәтер іздеп жүр едім. Мынау іргедегі базардағы асханада істеймін. Тұратын жердің ыңғайын таппадым, туыстардың, таныстардың үйінде дегендей, анда бір, мұнда қона жатып, жағдайым болмай жүр. Қазір жалғызбастымын. Алты жасар қызым бар. Аға-жеңгемнің қолында қалды. Әке-шешем ерте қайтыс болып кеткен. Ауылда жұмыс жоқ, – деп Айжан бар сырын жайып салды.

  • Бәсе, өзім де солай ойлап едім. Пәтер жалдап тұру дегенді біз де бастан өткердік қой. Мұнда жаңадан көшіп келдік. Әзірге ешкімді де танымаймын. Пәтерге жіберетіндер болса сұрастырып көрейін. Кейінірек хабарласарын, – деді Айбала қолдан келер басқа шара жоғын білдіріп.

  • Апай, пәтер табуын таптым ғой. Бірақ, ақшасын бір айға алдын ала бер дейді. Ондай ақша менде қайдан болсын. Бөліп-бөліп төлеуге көнбей қойды. Не істерімді білмей басым әбден қатты. Екі-үш ай жұмыс істеп, жалақы алсам аяққа тұрып кетер ем. Қызымды да қолыма алып, осы жердегі мектепке оқуға берер едім, – деді Айжан жылармандай болып.


Айбала ойланып қалды.



  • Біз де үйде бес-алты жанбыз.Қатты қиналып жүр екенсің,не істесем екен, – деп дағдарып тұрды да:

  • Мүмкін, бізбен бірге тұрарсың,бірер ай жағдайың түзелгенше, – деді.

  • Апай, шын айтып тұрсыз ба? –деп жас келіншек Айбаланы құшақтай алды.Өз құлағына өзі сенбегендей.

  • Шын айтып тұрмын. Кешкісін сенің жағдайыңды ағаңа айтып көрейін. Түсінетін шығар. Ертең хабарлас.

  • Апай, сізге рақмет. Жақсылығыңыз құдайдан қайтсын, – деп қуанышы қойнына сыймаған Айжан үйден шығып кетті. Кешкісін Айбала болған жайтты күйеуіне


 


жеткізген. Ол да қарсы болмады, өзің білерсің дегендей сынай танытты.


Айжан ертеңіне тым ертелетіп келіпті. Айбаланың есікті күлімдей ашқанын жақсылыққа жорыған болуы керек:



  • Апай, ағай рұқсат берді ме?! Не шештіңіздер? – деді апыл-ғұпыл.Үміт пен күдік араласа тұнған көздері жәутең қағады.

  • Заттарыңды алып, көшіп келе берсең болады.Бірақ әуелі шай ішіп ал, – деді Айбала оған.

  • Рахмет, рахмет, – деп қуанған Айжан шайға қарамастан асыға басып кетті. Айжан жұмыстан кеш қайтады. Құрқол келмей, балаларға оны-мұны алады. Айбала: – Жоқтан өзгеге ақшаңды шаша бермей, өзіңе жина. Балаларға ештеңе алушы болма, – деді қатаң тапсырып. Айжан қолды-аяққа тұрмайтын пысық, ширақ, тындырымды екен. Үй ішін жиысып, ас-су қамдауға көмектеседі қолы қалт етсе..

  • Қой, саған жұмыс істеткенім ұят болар. Онан да дем алсаңшы, – деп Айбала қанша айтса да болмайды. Бар шаруа біткен соң апалы-сіңлі жандардай шүйіркелесіп шай ішеді.

  • Бұл төңіректе сырласып, әңгімелесетін ешкім жоқ. Сенің келгенің маған жақсы болды ғой, – деп Айбала ағынан жарылған.

  • Апай, сізді маған құдай жолықтырған шығар. Бұл жақсылығыңызды өмір бойы ұмытпаспын, – деді.Айжан көзі суланып.

  • Айжан, бұл туралы айта бермеші. Әйтпесе ренжіп қаламын, – деді Айбала.

  • Әке-шешемнің кенжесі едім. Өзім ұнатқан жігітке тұрмысқа шыққам. Кездейсоқ жол апатынан қайтыс болды. Қатты қайғырдым. Кішкентай қызыммен жесір қалдым. Аға-жеңгем ауылда жұмыс болмаған соң: «Қалаға


 


бар. Мүмкін жұмыс табарсың, болмаса сауда-саттықпен айналыс. Қызыңа алаңдама. Үйдегі үш-төрт баланың бірі болып жүреді», – деп мені көндірді. Бір жағынан, әлі жас қой, теңін табар деп те ойлаған болулары керек. Ол емеурінді айтпай-ақ түсіндім. «Өлгеннің артынан өлмек жоқ» деген, тірі адам тіршілігін жасайды. Кім біледі, бәлкім, теңімді тауып қалармын деп те үміттенем, – деді Айжан сөзін жалғастырып.



  • Саған жар, қызына әке болатын мейірімді жан табылып қалар. Әлі жассың ғой, – деп Айбала оны жұбатып қойды. Бірер айдан соң-ақ Айжанның тірлігі оңға басқан. Азын-аулақ ақша жинап, базардан орын алып, саудаға кірісіп те кетті. Өз ісіне пысық, жинақы, ұқыпты болғандықтан ісі алға жүре бастады.

  • Сіздер мен үшін қысылып-қымтырылдыңыздар. Жақсылықтарыңыз Алладан қайтсын! Мен жеке пәтер таптым, – деп Айбаладан рұқсат сұрады.


Бір күні Айжан:



  • Тағы да біраз тұра тұрсаң да болар еді ғой. Несіне асықтың. Мейлің, солай шешсең бопты. Бірақ үйдің есігі сен үшін әрқашан ашық. Ұмытпай келіп тұр, – деді Айбала Айжанды шығарып салып жатып.


Екеуі бірін-бірі қимай көздеріне жас алысып, сүйісіп қоштасты.


Айжан Айбаланікіне реті келгенде соғып тұрады. Екеуі әңгімелесіп, шай ішеді, сырларын айтысады.



  • Өзің әдеміленіп, тым сұлуланып кетіпсің. Киімдерің де жарасып тұр. Менен ещтеңе жасыра алмайсың. Көздерің бәрін айтып тұрған сияқты, – деді Айбала оған тағы бір келгенінде.

  • Ту-у, апай! Не деген сезімтал едіңіз. Бәрін қайдан біліп қойдыңыз, – деп Айжан қызараңдап қалды.

  • Бұған дейін де сөз салған кісілер болған. Бірақ кішкентай қызым бар екенін білсе болды, ат-тондарын


 


ала қашады. Кейбіреулері уақытша ермек еткілері келеді. Бұл еркек дегендерді қойсаңшы. Әйелі, бала-шағасы барлар да айналдырады. Ұят-жоқ қой оларда, – деп Айжан мұңын шақты. – Жақында өзімнен біраз үлкен бір кісімен таныстым. Жібі түзу жан сияқты. Үйленейік деп ұсыныс жасады. Не істерімді білмей басым қатып жүр.



  • Саған не ақыл берейін. Өзің де бала емессің. Оң- солынды танып қалдың. Әйтеуір бәрін ақылмен шеш.


«Мал аласы сыртында, адам аласы ішінде» деген. Алданып қалып жүрме. Қазіргі адамдар қиын болып барады ғой, – деп Айбала білген ақылын айтқан. Арада үш-төрт ай өтті. Айбала үйге оны-мұны , майда-шүйде алғалы базарға барған болатын. Кездейсоқ Айжанға ұшырасқан. Хал- жағдай сұрасып, қуансып қалды.



  • Апай, мен әнеукүні айтқан кісіге тұрмысқа шықтым,



  • деді ол жүзі бал-бұл жайнап.

    • Айналайын, бақытты бол. Ұзағынан сүйіндірсін. Қосағыңмен қоса ағар, – деп Айбала ыстық ықылас білдірді. – Қап, білмей қалдым. Сыйлығымды сонан кейін реті келгендде берейін.

    • Апай, ештеңенің керегі жоқ. Сіздің жақсылығыңызды өмір бойы ұмытпаспын, – деді ол қоштасып.




Сонан соң арада тағы да біраз уақыт өтті. Ойда жоқта Айжанға жолығып қалды. Бес-алты жас шамасындағы қыз баланы жетектеп алыпты.



  • Мынау менің қызым. Аты – Жұлдыз, – деді Айжан.

  • Е-е, айналайын, Жұлдыз десе жұлдыздай әдемі екен. Бақытты болсын, – деп Айбала кішкентай қыздың маңдайынан сүйді.

  • Өзің қалайсың. Ай-күнің жақындап қалған сияқты. Қыз ба, ұл ма күткендерің? – деді Айбала мейірлене жымиып. – Аман-есен босанып, қол-аяғынды бауырына алуына тілектеспін.

  • Рахмет, рахмет, – деді Айжан. Даусы біртүрлі


 


көңілсіздеу шығып.



  • Не болды, көңіл-күйің жоқ қой. Әлді бір жерін ауыра ма? – деді Айбала күдіктеніп. Осыны күткендей:

  • Апай, мен масқара болып қалдым ғой, – деп Айжан еңіреп жылап қоя берді.

  • Қой, даусыңды шығара берме, қызың қорқып қалар. Сабыр қыл, не жағдай, – деді Айбала оны құшағына алып, маңдайынан сипап басу айтты.

  • Мен алданып қалыппын. Әлгі кісі әйелі, бала-шағасы бар біреу болып шықты. Мені алдаған екен. Енді не істерімді білмей дал болып жүрмін.

  • Болар іс болды. Сен көп нәрсе ойлай берме. Ішінде бала барын ұмытпа. Қалғанының бір мәнісі болар. Айтпақшы, қайда тұрып жатырсың өзің?

  • Таныс құрбымның пәтерінде. Сіздерден алыс емес.

  • Е-е, онда жақсы екен. Көп уайымдай берме. Бірдеңе қажет болса, мына Жұлдызды жіберерсің. Әйтпесе, телефон соғарсың, – деп Айбала Айжанды жұбатып, қош айтысты.


Бір күні Айжанның қызы Жұлдыз асығыс жүгіріп келді. Өңі бозарып кеткен. Сөйлей алмайды. Бар болғаны:



  • Мама, мамам, – дей берді екі көзі жасқа толып. Айбала Жұлдызды жетектеп асығып-үсігіп жеткен.


Сөйтсе, Айжан үйде босаныпты. Жедел жәрдем шақырып үлгермепті. Сәбидің кіндігін де өзі   кескен.   Айбала тез дәрігер шақыртты да, Айжанды шақалағымен перзентханаға жөнелтті. Екі күннен соң перзентханаға Айжанды іздеп барған. Ана мен нәрестенің де жағдайлары жақсы болғандықтан, ертерек шығарып жіберіпті. Үйдің де, пәтердің де нөмірін ұмытып қалыпты, әрең тапты. Жөргек, киім-кешек тағы да басқа заттар алып Айжанға келді. Оның қазір ақшасы жоғын білетін. Жұмыс істемесе ақша қайдан болсын!? Біраз азық-түлік апарды, азғантай ақша берді.


 



  • Апай, сіз болмасаңыз мен не істер едім. Өмір бойы қарыздармын, – деп көзіне жас алды Айжан.

  • Сен жылама, мықты бол. Енді балаң біреу емес, екеу. Өзің үшін емес, осылар үшін өмір сүресің, бекем бол,



  • деді Айбала. – Бірдеңе қажет болса, Жұлдызды үйге жібер...


Үш-төрт күннен кейін Жұлдыз келіп тұр. Қолында тілдей қағазы бар.   Айжан   беріп   жіберіпті.«Апай, тіпті нанға да ақшамыз қалмады. Сізден ұялып қанша шыдасам да болар емес. Өзіме емес, балаларыма қиын тиіп тұр. Шамаңыз келгенше азық-түлік, қаржы жағынан қарассаңыз», – депті.


Үйдегі бес-алты жан азын-аулақ жалақыға қарап отыр. Қайтеді, қол ұшын, бермесе болмас. Айбала қолына ұн, қант, майға қоса шамалы ақша берді де Жұлдызды шығарып салды.


Одан соң да шамасы жеткенше Айжанға қол ұшын беріп тұрды. Сәбиі жасына толысымен Айжан қайтадан базарға сауда жасауға шығып кетті. Түске дейін үлкен қызы балаға қарайды. Түстен кейін күтуші әйел қарайды ақысын алып. Анда-санда қыздарын ертіп Айбаланікінде болып кетеді. Бірде: «Апай, «аузы күйген үрлеп ішеді» дегендей, жасы үлкендеу болса да біреуді тауып берсеңізші. Мына екеуін асырап-бағу жалғыз өзіме оңайға соғып жүрген жоқ. Осылар үшін бәріне шыдап өзімді құрбандыққа шалуға әзірмін. Алатын адам болса оты мен кіріп, күлімен шығар едім», – деп мұңын шақты.


Айбала үндемеді. Үндемегені– ойында оған көздеп жүрген адамы да бар еді. Бірақ, әзірге Айжанды алдын- ала дәмелендіргісі келмеді. Әуелі сол адаммен сөйлесіп көруді жөн санады. Жақында көрші үйге Талдықорғаннан бір кісілер көшіп келген болатын. Ауылдың қарапайым адамдары. Сөйлесіп, танысып қалған. Сөз арасында әжей үлкен ұлының жасы елуге келіп қалғанын, бірақ


 


жалғызбасты екенін, соны үйлендірмей жаны тынбай айтқан болатын. Ұлы ақылды, жуас, момын екен. Алдында біреуге үйленіп, ажырасып кетіпті. Анау әйел үлде мен бүлдеге оранып алып, ақшасын, дүние-мүлкін жинап, бір түнде тайып отырыпты. Оның үстіне қалаға да үйрене жүргендіктен бе, анда-санда ұрттап қоятыны көрінеді. Бірақ салынып ішкен емес, ешкімге зияны жоқ. Айбалаға: «Ұлыма реті келсе біреуді таныстырсай қарағым, сауабына қаларсың» – деген. Әжейдің ұлының аты –Асан. Айбаламен сырттай таныс, амандасып жүреді. Бұл әңгімеден кейін ол Айжанға осы жайдың шет-


жағасын жеткізген.



  • Апай, сіз айтсаңыз болды. Жөні дұрыс кісі болса, етегінен ұстайын, – деді ол бірден көне кетіп.– Тіпті қыздарымды атына жаздыртайын.


Сөйтіп Айбала Айжанды ретін тауып Асанмен таныстырған.



  • Жас бала емессіздер.Ар жағын өзара шеше жатарсыздар, – деді ол. Содан кейін Айбала Айжаннан жеті-сегіз ай көз жазып қалды. Бірде Асан кепті, Айжаннан дерек білейін деп.

  • Аға-ау! Сізді таныстырдым, жолықтырдым. Енді кеп оның жөнін менен сұрағаныңыз қалай? Өзім де біраз болды, Айжанды көрмедім, – деді аң-таң болып.

  • Әйелден жүрегім шайлығып қалған басым. Ары ойланып, бері ойланып, ырғалып-жырғалып жүргенде таппай қалдым ғой. Іздемеген жерім жоқ.

  • Аға-ау, ұнатсаңыз сол кезде-ақ шаужайына жабысатын адам едіңіз ғой. Қыздарынын фамилиясын сіздің атыңызға аударатын болып шешкен. Сізге одан артық қандай дәлел керек, оның кет әрі еместігіне, – деп Айбала күйіп-пісті.

  • Кешір, айналайын. Менен білместік бопты. Ақымақ басым соны енді түсіндім, – деп Асан басын шайқап өкінішін білдірді.


 


Арада үш-төрт жыл уақыт өтті. Бірде Айбала кенже қызын ертіп киім-кешек сататын базарды аралап жүрген болатын.



  • Апай, сәлеметсіз бе, – деп бір келіншек құшақтай алды да, бетінен сүйді.

  • Апыр-ау! Қайдан көріп едім. Жүзің таныс сияқты ғой, – деп есіне түсіре алмай қиналды.

  • Танымай қалдыңыз ба, мен Айжанмын ғой, – дегенде барып сасқанынан:

  • Амансың ба, қыздарың өсіп жатыр ма, дені-бастары сау ма? – деді үстемелетіп. – Өзің әдемі болып кетіпсің. Тіпті, танымай да қалдым ғой.


Шынында да Айжан сұлу, көрікті келіншекке айналыпты. Шаштарын келтелеу қылып қидырып, сәнді киініпті. Бәрі өзіне жарасып тұр. «Әйтеуір, жағдайы жаман емес сияқты», – деп ойлады Айбала.


Жанында өзі қатарлы, орта бойлы, қара торы, жылы жүзді, қияқ мұртты жігіт бар. Бұл кім екен деп ойлап үлгергенше, Айжан: – Мынау күйеу балаңыз болады, – деді соны білгендей.



  • Бақытты болыңдар! Дұрыс болған екен. Не тұрыс?! Үйге жүріңдер, қонақ боласыңдар, – деді Айбала шын көңілмен.

  • Рахмет, Айбала апай! Біз қазір Талдықорғанда тұрамыз. Сауда-саттықпен айналысамыз. Тауарға келген бетіміз. Сау болыңыз, – деді бетінен сүйіп қоштасып. Айбала қол ұстасып кетіп бара жатқан Айжан мен оның күйеуінің соңынан сүйсіне қарап, ұзақ тұрып қалды...


 




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу