01.03.2022
  326


Автор: Жұмабай ҚҰЛИЕВ

СҰЛу ЖыРДың Су ТөгіЛМЕС ЖОРғАСы...

Сонау бала кезімізде ертеңгісін ұйқыдан оянғанда, іргесі түрілген киіз үйдің керегесінен аңқылдай соққан таңғы жұпар жан сарайыңды шайдай ашып жіберетін. Сай-сала, өзектен кеңсірегіңе киік отының, түрлі гүлдердің иісі келіп, елтіген- дей боласың. Шіркін, сол кездерді қайта бір бастан кешер ме еді?!


Иә, өткеннің бәрі сағыныш... Сол сағыныш, аңсар, тәтті мұңға саябыр таптырып, мауқыңды басатын көркем дүниелер кезігеді. Жасыратын несі бар, Дүйсенбек өлеңін оқыған са- йын туған даламмен, алыста қалған жылдарыммен, қапияда ғайып болған оттай ыстық дидарлармен жүздескендей хал кешемін. Осыдан аттай 30 жыл бұрын бір досымның қыздарға жазған хатынан мына бір шумақ өлеңді көшіріп алдым.


Кейде жарың тіл қатады жанға ащы, Ренжисің жоғалғандай бар жақсы.


Сол бір сәтте... бәйшешектей нәп-нәзік, Түседі еске махаббатың алғашқы...


Бұл кімнің өлеңі деп әлдебіреулерден сұрастырып едім, ешкім біле қоймады. Көгеннің бұршағындай тізіліп күндер, айлар өте берді. Өткен ғасырдың сексенінші жылдарының ор- тасында өліп-талып КазМУ-дің журналистика факультетіне іліктім. Ақжарылқап күн туып, шопан боп келген мен байғұс шаттықтың ортасына күмп ете түстім. Жатақхана дәлізде- рінде қыз-жігіттер қосылып «Студенттер әні» деген әсерлі әуенді үнемі айтып отыратын.


Жұпар жұтып, жасыл бақта жай жүріп, Біз өмірде көрмеп едік қайғырып.


 


Қас қарайса-ақ шақыратын біздерді, Ақ қайыңның ар жағынан ай күліп.


Бірде кейіп, бірде қайта жарасып, Жүруші едік біз бақытқа бал ашып. Думаны мол студенттік кездер-ай, Таң атқанша ұйқтамайтын таласып.


Несін айтасың, тамылжыған әсем ән! Сөзі де керемет! Іздене жүріп ақыры таптым-ау! Алғашқы өлең де, соңғысы да Дүйсенбектікі екенін білгенімде, мен атым бәйгеден келген- дей қуандым. Сол, сол-ақ екен, Қанатбаев менің рухани сыр- ласыма айналды. Өмірбаянына да қаныққандай болдым.


«Шөлі бар халық – зор халық» дейді. Ж.Руми. Рухы биік, қайсар мінезді әрі шыдамды халық қана шөлді аймақтың қатаң табиғатына төтеп береді. Сондықтан да пайғамбарлар шөлді аймақты мекендеген халықтардың ішінен шыққанын талай даналар жазып кетті.


Дүйсенбек те шөлді аймақ – Түрікменстан атырабында дүниеге келді. Сондықтан да болар, ақынның өлеңінде бір қаталаған шөл бар. Аққу мен қызғыш көлін, дуадақ пен ару- ана шөлін аңсайды. Әйтеуір, оның туындыларында шөл да- ла, сусыған құмдар, бетін жебір желдер айғыздаған балбал тастарға толы сахара ерекше бір леппен бедерленеді.


Көгіне алтын күнді арқандаған, Тағы да дұғай сәлем, дарқан далам.


Еш қыран жете алмаған шырқауына, Еш қауға шыңырауын сарқа алмаған!


Алғыр ақын кең байтақ қазақ даласының өткенін жырла- сын мейлі, бүгінін жырласын мейлі, біртұтас ұлт, біртұтас мемлекет болған халық пен өлкенің қай бұрышындағы оқи- ғаны да ешбір алаламай бірдей толғанып, бірдей тебіреніп, тұтас айшықтады. Оның жомарт таланты дүйім жұртты ән- мен егілдірген Мұхитты, Ақбөбектей ғашығынан айрылып бебеу қаққан Қайыпты, Нарын бойындағы бай-манаптардың қонысын тулақтай қаққан Исатай-Махамбетті, түрікмендер


 


қолынан ажал құшып, аңызға айналған айбарлы Құлбарақты тебірене жырлайды.


Мен қартамыс емеспін, екем бірақ қартамыс, Көпті көрген демессің – көргеніммен бол таныс. Мен есімді білгенде, туған жерім Сүлменде, Бәрі кеткен майданға. Жүріп жатқан арпалыс. Мен есімді білгенде, туған жерім Сүлменде


Жоқтық көрдік қанша жаз, аштық көрдік қанша қыс...


Құдықта жатқан құрбақаға аспан түймедей-ақ боп көріне- тіні сияқты, әркімнің айналаны, дүниені зерделеуі, түйсінуі әр түрлі ғой. Бала күнгі көріністердің бәрін болашақ шайыр шүберекке түйіп, өзінің қазына жинайтын ой түкпіріне тыға беріпті. Тотының тоқсан тарауындай ғашықтардың былдыры, шыңырау құдық суының сылдыры, көкжиекте көшкен шөл сағымының бұлдыры есейе келе Дүйсенбектің көкейінен кет- пей, осы сиқырлы бояуларды камералық дәлдікпен өз шы- ғармаларына арқау етті.


Кілең кесек тұлғалардың дәуірінде оқшау көзге түсу де оңай емес. Қалай дегенмен де, бұл орайда Дүйсекеңнің жолы болғанға ұқсайды.


1961 жылы «Қазақ әдебиеті» басылымы Әбу Сәрсенбаев- тың алғысөзімен бір топ өлеңін жариялайды. Талай темір- қанат таланттардың томағасын сыпырған Әбекең былай дей- ді: «Аққұба бала есіктен кірген бойда, қысылыңқы ғана сә- лемдесті де, босағада тұрып қалды. Жөн сұраса бастадық. Бұл Дүйсенбек Қанатбаев деген бала екен. Түрікменстанның Красноводск қаласындағы орта мектепті бітіріп, өткен күз Киров атындағы университетке түсіпті. Көрші республикада тәрбиеленген жас ұлан ата-бабасын аялаған қазақ кеңістігіне, Қазақ республикасына өз жүрегінің балауса махаббатын, қай- нар сәлемін ала келіпті. Жас дарынның жеңіл ғана жазыл- ған жылы лирикаларында Отанға деген патриоттық сезім де, жастыққа тән махаббат армандары да мол. Біз бүгін балғын ақынның бірнеше өлеңін оқушылар талқысына ұсынып, келе- шек сапарына сәттілік тілейміз...»


1963 жылғы 6 қарашада «Известия» газетінде Сәбит Мұ-


 


қанов «Песня Құрманғазы» деген мақаласын жариялап, қазақ поэзиясына Дүйсенбек Қанатбаев атты тегеурінді дарын кел- генін күллі Одаққа әйгі етті.


Сол, сол-ақ екен, Дүйсекеңнің аты дүркіреп жүре берді. Оның ақындық тұлғасын қасқайта көрсету үлкен ізденісті, тебіреністі қажет етеді. Тамырынан толғай тартып, ақын әле- міне терең бойлаған Әбіш Кекілбайұлының «Тани білсек та- лант көп» (1 қаңтар, 1971 ж, «Қазақ әдебиеті») деген мақа- ласы оқырманға Дүйсекеңді жаңа қырынан танытты.


Ауыз-екі әңгімеде немесе ботаникада ғана сөз болатын елеусіз адыраспанды алғаш әдеби айналымға енгізгенінің өзі неге тұрады?


1960-65 жылдары ҚазМУ-дің филология факультетін бі- тіргендердің ішінен 20-ға тарта елімізге белгілі ақын-жазу- шылар шықты. Солардың арасынан қара үзіп кету Дүйсекеңе де оңай болмаған сияқты. 1960 жылы филфакқа бірге түсіп, бірге жүрген, айналасына ақындығымен танылып қалған та- лантты жас Мұқан Көптілеуов: «Мен Дүйсенбекпен жарысып өлең жазбаймын, өнер көгіне көтерілуге соның ғана хақысы бар», – деп өмір бойы поэзияның маңынан жүрмей кеткені



  • бір жағы мәрттік, бір жағы досының дарынын бағалағаны емес пе?


Ақын да досының ақжарылқап ниетіне қарыз болып қал- ған жоқ, «Мұқан Көптілеуовке» деп өлең арнады.


Әсем-ақ еді-ау ән сазың, Сағадан сонау басталған. Аяулым, сені аңсадым,


Менде жоқ қазір басқа арман.


Жүрмісің әлде елемей, Жабыла күткен жұртыңды. Тойтара қаққан шегедей, Шиырып қара мұртыңды.


Мұқтажым, мұңым, Мұқаным, Шындықты осы білсең ғой – Жая алмас ешкім құшағын


Мен жазған жырға бір сендей.


 


Иә, достыққа берік, сапарда серік, думанда көрік, жақсы жырға жерік Мұқандай сабазды сағынуы да заңды ғой!


Қашан да ұялас қонжықтардай, қоралас төлдердей жастық шақта бірге ойнап-күліп өскен қатар-құрбыға, алдыңда ар- шып, артыңды қымтап жүретін тілеулес жандарға не жетсін!


Мысалы, «Шағадам. «Көк жол» бейіті» деген өлеңі былай өріледі:


Осы болар туыстыққа кепіл жай Бір анадан туа қалған екі ұлдай.


Құбатаудың қуысында қол жайып, Дүйсенбек пен отыр Әбіш Кекілбай.


Құлпытастар қуаныштан... сәл құлай Жаздап барып, тереңнен дем алды жәй.


...Тым етене жақындықты екеуі, Бұрын-соңды сезіп пе еді дәл бұлай?!


Қандай аяулы көрініс! Екеуден – екеу айдаладағы ақ бейіт- ке келіп, көп мәйітке дұға оқып отырғаны – бойыңа жылы, тұщы мейір таратады. Шаңырақтың күлдіреуішіне кідірген күн шуақтай, дәл осы кескін көз алдыңда көлбеңдеп тұрып алады. Қанатбаев өнернамасын парақтағанда, ақындықтың маятнигі ылғи далаға қарай ауытқитынын байқаймыз.


Жусанды жон... бұйра-бұйра елтірі, Құйқаланып бара жатыр жер түгі. Алдатөмпек, алдатөмпек... әр жерде... Жер тәнінің шашыраған бөртігі.


Ошақтағы түнгі шоқтай жайнаған бедерлі де, ғажап сурет! Тек туған даласын жанындай сүйген сұңғыла ақын ғана ке- стелей алар керемет теңеу! Нағыз антологиялық өлең!


Осы орайда, Дүйсенбек Қанатбаевты қазақ поэзиясындағы дала жыршысы немесе романтикалық Жерұйықты аңсаған әдеби Қорқыт деуге толық негіз бар.


Қасына көп ерген ақын ағасы туралы талай рет ой тербе- ген Темірхан Медетбек: «...Менің ойымша, Дүйсенбек Қанат- баевтың ең негізгі тақырыбы да, шығармашылық тағдыры да


 



  • сахара, кеңістік, ұлы Дала. Ол ондаған жылдар бойы бүкіл саналы өмірін қалада өткізіп келе жатса да, өзінің адыраспа- ны сияқты даласынан екі елі ажырасып көрген емес. Құдайға шүкір, қазақ поэзиясында шексіз кеңістік – Дала бейнесі аз жасалынған жоқ. Яғни, әлемдік поэзияда болып көрмеген өлең тілімен жырлап тұрған тұтас галерея жасақталды.


Міне, осы алып галереядан Дүйсенбек Қанатбаевтың дала туралы шығармалары да ортадан ойып тұрып орын алғанына ешкім де шек келтірмесе керек», – деп, ағынан жарылды.


Осы орайда, Дүйсекең даланың адыраспаны ғана емес, тасбақаларына да өлең арнап, кешу сұрайды.


Тасбақа жидық даладан, Жұмсады жедел бір ағай. Келгенше көлік қаладан. Қашты олар тырым-тырағай.


 


Мен таптым содан бір айла, Соныма әлі таң қалам – Көнбегендерді райға,


Аудара салдық шалқадан.


 


Жарқырап әнтек бауыры, Сермелеп жатты аяғын... Обалдың сол-ау ауыры, Аядым, кештеу аядым!


 


Жылдарды еске ап жаралы, Қараймын сонау жаққа көп. Даламның тасбақалары Үйелеп жатқан жоқ па деп?!


Қайран, Дүйсекең, қайран даңғылым, тиген жерін жалбы- ратып түсіретін алмас қылыштай, қайда салсаң да қылпып тұрады-ау!


Ол осыншалық нәрлі өлеңдер жаза жүріп «мен мынадай ақын едім» деп кеуде керген жоқ. Дыбыссыз жортқан бары- стай, сыбдырсыз ұшқан үкідей немесе алқаптағы қыруар жұ-


 


мысты жалғыз өзі атқаратын еңбекқор трактордай, өз ісімен айналыса берді. Төпеп емес, төгіп жазуды, сапырып емес, са- ғына жазуды мақсат тұтты. Кейде саф өнердің сиқын кетіріп бара жатқандарға ашынып былай дейді:


Қаралықты мін көрер, Даралыққа жоқ енші – Жұрттың бәрі жүлдегер, Жұрттың бәрі өлеңші.


Жыр емес қой, шатпақ бар! Ала берсін сый алса.


Біз тұрғанда бетбақтар Қайтеді тек... ұялса?!


Талғам, талант атаулыдан жұрдай, әлгіндей жаны сірі, құныс мойындарға мұнан артық қалай айтуға болады?


Дүйсекеңнің өлең атырабына алғаш жайған жаялығы, дән- дәрмені – 1967 жылы «Жазушы» баспасынан шыққан «Жази- ра» атты өлеңдер жинағы. Қара сөздің мәйегін сыпыра жиям деп жүріп сақал-шашы ағарған арлы ақын алпыс жыл бойы, яғни өмірден кете-кеткенше кәрі серік қаламын қолынан тастаған жоқ. Бұған әр жылдары жарық көрген 16 өлеңдер жинағы, бір таңдамалысы толық дәлел бола алады.


Сөз арасында айта кетейік, сыншылардың бір байқамай жүрген тұсы – Дүйсекеңнің дала түнін жырлаудағы шеберлігі.


«Түннің қыз бен ақынды арбайтын сиқыры бар» дейтін үлкендер. Жатқанның жамбасы шіритін ұзақ түндерде тек қыз аңдыған бозбалалар, тоқымы кеппес барымташылар не- месе жұлдыз баққан астрономдар ғана ояу жүреді. Ендеше, осылардың сапында Дүйсекең де қара түннен сыр іздеп, ой бағады.


Діріл қағып түнгі қоңыр самалдан, Ауыл оты шыға келді-ау тағы алдан. Мөлдіреген меруертім, моншағым, Тұңғиықтың түкпірінен ағарған.


 


 


 


 


 


немесе:


 


Тұяқ үні ақжем жолды қасыған, Асыл әнді бастады ғой басынан.


Ұйқтап жатқан қимас бала шағымның, Өтіп бара жатқандаймын қасынан.


 


Сонда да болса ұзақ түн бойы селт етпей, Тыңдаумен келем сырыңды ғажап ертектей. О,жеті жұлдыз, көріндің маған сен қазір Анашым жолға арнаған жеті шелпектей, –


 


десе, енді бірде:


Түрлі-түрлі қазықтан түрленеді түн іші, Түнгі әуеннен қанады құлағымның құрышы. Шегірткенің шырылы, әлдененің дірілі,


Көк жусанның иісі, аруананың күйісі...


Иә, жаратылыстың бүкіл қабырлаған тіршілік иесіне ты- ныс бұйыртқан дәл осы шақтағы тамаша қызық құбылыс- тарының қайсыбірін айтып түгендерсің?! Алла тағала адам баласын таң қалдыруға келгенде алдына жан салмайды ғой.


Құс жолының қылаң жолағы көлбеген, тып-тымық, жұл- дызы жыпырлаған түндерден Дүйсекең талай-талай ой ау- лағаны анық.


Көкейімде көп болғанмен айтар жәй, Қуаныштан соның бәрін айта алмай. Мен де тұрмын туған жерге нұр шашып, Көп жұлдыздың арасында байқалмай.


Осы бір шумақ иманды болғыр ақын ағаның бүкіл бол- мысы, яғни автопортретіндей екен-ау! Өзінің өнерге деген адалдығын, сырбаздығын ишарамен, тұспалдап қалай дәл берген десеңші!


Тұңғиыққа батып-шығып кіл құндыз, Жатқан шақта ыңырсыды құмбыл дүз. Қарауытқан сонау жалдың үстіне, Қапелімде ағып түсті бір жұлдыз...


 


Жұлдызым жоғары, Жұлдызым жоғары.


Е, баяны жоқ дүние-ай, осылай Алладан медет сұрап, іштей күбірлеп жүргенінде Дүйсекеңнің өзінің жұлдызы да қапияда ағып түсті...


Мен-кіші, арман-үлкен, чемодан-нән, Сені аңсап жолға шықтым Шағадамнан. Алматы, ән саяңа жеткенімше, Артымда талай-талай қала қалған.


«...Япыр-ау мен сағынған дала қандай, Бір ұлын неғып жатыр орап алмай?» Тамбурдан алға ұмтылған сәби көңіл, Желбіреп тұрды-ау аппақ орамалдай.


Алматысын аруанадай аңсап келіп, мұз-шайнап, от бү- ріккен қайран жастықтың базарына, жампоздар жәрмең- кесіне Дүйсекең алғаш осылай енген еді... Содан бері таба- ны күректей 52 жыл өтіпті. Оның Алматыдан шыққан саң- қылдаған дауысына бүкіл Қазақстан, қала берді Түрікмен елі қоса құлақ түрді. Мыңдаған жанашыр тапты, жар тапты. Тіпті, Дүйсекеңнің өңшең дүрегей бір топ курстастарының өзі былайғы жұртты жоқтатпайтындай. Оның «Курстас дос- тарға» деген өлеңі осыған айғақ болғандай.


 


Достарым бар менің, бар менің достарым, Соларға әр демім, әзілім-оспағым.


 


Соларды қостадым жеткенше дәрменім, Бар менің достарым, достарым бар менің.


 


Әнесім, Қажешім – көңілдің саласы, Қос Төлен – көзімнің ағы мен қарасы.


 


Үмбетбай – сабырым, Қал-Қадыр айқайым, Достарым бар менің, қай бірін айтайын.


 


Ахаттың жаны бай, Игеннің әнін-ай, Үй салған қажымай Жанаев Тәжібай.


 


Бексұлтан – бекемім, әзілдің ұстасы, Ал, Жарылқасыным – жігіттің нұсқасы.


 


Адамым-адалым, Сейтзада – жайсаңым, Кемелхан – кемелім, Әлімжан – қайсарым.


 


Қасында бәрінің сүйікті жарлары, Басында бәрінің баяғы арманы...


 


О, тағдыр, оларға түспесін қаһарың, Сирете көрме тек солардың қатарын...


 


Иә, осы бір қазақ әдебиетінің көсегесін көгерткен көксерек шоғырдың қатары сиремегей!


Құдайтағала талантты ақын-жазушыларды ерте алып кет- кенімен, артынан жібігендей, олардың мұрасын жинақтасын, қасиетті құттыханасына шырақшы болсын дегендей, әлгі да- рындардың жарларына ұзақ ғұмыр сыйлайтын сияқты. Мы- салы, Мағжанның жары Зылиха, Сәкеннің Гүлбаһрамы, Сә- беңнің Мәриямы, Қалижанның Зайдасы, Мұқағалидың Ла- шыны, Төлегеннің Үрнисасы, Қадырдың Салтанаты, Қасым- ның Сәпені, Тұмағаңның Күлтәйі...


Міне, осы тәрізді Дүйсекеңнің құдай қосқан қосағы Ғалия жеңгей де бүгінде жарғақ құлағы жастыққа тимей ақынның радиодағы, теледидардағы, түрлі басылымдарда шашырап жүрген туындыларын жинастыру үстінде.


Аяулы ақынның жалғаншы дүниеден ентігін баса алмай ағып өткеніне үстіміздегі жылдың 18 қарашасында бір жыл толады.


Кәламшәріпте «адам жаны бір жылға дейін бауырларын, туған даласын қия алмай, қызғыш құс құсап тынбай айна- лып жүреді» дейді. Кім білсін, арманшыл, аңқылдақ, қазақ поэзиясының бір ардағы Дүйсекеңнің де нәзік жаны шыр- пыры шығып, шарлап жүрген шығар байтағын?!


 


Жұмекен құлпытасында «Бұтақтарым биікте, тамырларым тереңде» деген өз өлеңінің бір тармағы жазылған.


Дүйсенбектің де құлпытасында өзіне даңқ әкелген әйгілі


«Адыраспан» өлеңінің:


Даланың долы желі де, Жұлқиды адыраспанды. Сонда да ол өнген жерінен, Екі елі ажыраспайды, –


деген соңғы шумағы бедерленіпті. Тіршілікте туған даласын тынбай жырлап, өзіне-өзі ескерткіш қойып кеткен ақында ар- ман бар ма?!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу