01.03.2022
  168


Автор: Жұмабай ҚҰЛИЕВ

біЛіМ бЕРу САЛАСыНДАғы «бүЛікТің» СыРы НЕДЕ?

Ерте ме, кеш пе, әйтеуір Қазақстандағы білім беру сала- сына бір төңкерістің қажет екені айдан анық еді. Тәуелсіздік алғаннан бергі 10 жыл ішінде талай-талай реформалар уақыт тезіне шыдай алмай талқаны шықты. Жалпы, қазақ баласы за- тында ілім-білімге құштар халық. Осынау қым-қуыт өмірдегі жаныңа сая таптыратын қыруар игіліктерге қолдары жете ал- май, есесі кеткен, қапы қалған ата-ана бүкіл мүкәмалын сат- са да бала-шағасын оқытуды ұмыт қалдырған емес. Бірақ сол оқуды өліп-талып бітірген бала әлгі мамандық, әлгі біліммен судағы балықтай қоғамға еркін сіңісіп кете ала ма?


Мәселе осында болып тұр ғой. Бір кезде марқұм Бұқара Тышқанбаев ағамыздың: «Сен де бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та, бар қалан», – деген Абайдың әйгілі жолдарын бұл күнде кейбіреулер: «Сен де бір қасқыр дүниеде, қотанын тап


 


та, бар тала» деп ұғынады екен, – деп жазғанындай көпшілік балаларын сот, құқық, банк, сауда саласына икемдейді. Осы- ның салдарынан әлі күнге республикамызда электроника, ин- форматика, озық технология мамандары қасқалдақтың қа- ныңдай мұқтаждыққа жетіп отыр. Әйгілі математик Асқар Жұмаділдаев еліміздегі жыл сайын қорғалатын қара су құрлы құны жоқ мыңдаған диссертацияларды сөз ете келіп былай деп еді: «Мен аралаған шет елдерде кандидат, доктор деген атымен жоқ. Тіпті, ол кейбіреулердің күлкісін келтіруі мүм- кін. Осы елдерде 1989 жылдан бері ТМД аймағында қорғал- ған кандидаттық және докторлық жұмыстарға сенімсіздік басым. Бұл атаққа азаматтардың қолы қалай жеткенін олар жақсы біледі. Сан көбейгенмен, сапа жоғарыламағанынан да хабардар. Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым акаде- миясының корреспондент-мүшесі, физика-математика ғылы- мының докторы екенімді мен ешкімге айтқан емеспін. Ол түкке керегі жоқ. Шет ел мені әлемнің ең таңдаулы ғылыми журналдарында жарияланған еңбектерім арқылы таниды. Соған қарап қызметке шақырады. Ал, еліміздегі ғылыми атақ жөнінде айтар болсақ, алгебра саласынан екі ғана доктормыз, геометриядан әлі ешкім жоқ...».


Ау, сонда жыл сайын үйректің балапанындай шүпірлеп жатқан докторларымыз қай саланың көсегесін көгертіп жүр? Бір-бірінен көшіріп, ұрлап-жырлап ғалым болып жатқандар ылғи педагогика, психология, саясат, өнертану саласының ты- нысын тарылтып, сол өрістің шаңын шығарған өлермендер болып келеді.


Жыл сайын еліміздің ғылым саласыңда іштері жидіген ру- хани мүгедектер, алаяқ шарлатандар, қулық-сұмдығына най- за бойламайтын құныс мойын құдай атқандар құжынап ба- рады. Бір ғана мысал, 1999 жылы республикамызда 1014 адамға ғылым кандидаты, ал 253 адамға ғылым докторы атағы беріліпті. Мына қарқынымызбен әлемдік өркениеттің шыңын неғып жаулап алмай жүрміз? Біздің көрдемше ғы- лыми жаңалықтарымыз үй тентек сияқты өз ортамызда қо- қырайғанымен, былай шыға бере боқташақ болып қалмақ. Сөйтіп жүріп Нобель сыйлығынан дәмететінімізді қайтерсің?


«Жалған  ғалым,  арзан  академик  тек  өз  қарнының  қамы


 


үшін ғылымның емшегін қанатып, сорған ешкіемер кесіртке сияқты», – деп еді еліміздегі осы бір келеңсіз үрдіске қаны қайнаған Шерхан Мұртаза.


Ал, енді ғылымымыздың сиқы мынандай болғаңда, жоға- ры оқу орындарымыздың сықпыты не күйде? Бүгінде мем- лекеттік жоғары оқу орнының саны 48-ге, жеке оқу орында- ры 140-қа жетті. Біздің заңымыз дүңгіршек ашу мен оқу ор- нын ашуға бірдей мүмкіндік беріп қойды Жалпы, қазекем бір нәрсеге кіріссе, тағына жетіп қайырмай тынбайтын көк- шуланның өзі. Кейде осы әрекетімен күлкі болып та жатады. Мәселен, Сарыағашта үш бөлмелі пәтерді академияға айнал- дырып, оған қолына түскен оқулықтармен қайдағы күлдіба- дам біреулер дәріс оқып, сол «академияны» жүздеген түлек- тер бітіріп шығуы масқара емес пе? Тіпті, аты-шулы Англия- ның өзінде бар болғаны екі жеке меншік университет бар, оның да біреуі өзінікі емес, американдық. Жалпы, еліміздегі білім беру саласын бұлайша бетімен жіберушілік халықара- лық аренадағы беделіміздің де белінен басқаны анық.


Еліміздің болашағы, алдағы биік мұраттар тұрғысынан қа- рағанда бүгінгі білім жүйесі, республиканың интеллектуал- дық потенциалы қоғамды қанағаттандырып отырмағандығы бесенеден белгілі. «Мұғалімнің білімі нашар болса, оқушы- ның білімі нөлге тең» демеп пе еді Ушинский. Ендеше, әлгін- дей «докторлардан» тәлім алған есіл шәкірттер тұсаулы аттай алысқа ұзай алмай, сыр беріп қалмай ма?


Оның үстіне ақылы оқу, ақшаны алға тарту елдің интел- лектуалдық потенциалына, адамдық санасына оңа алмастай соққы берді. Бұл жерде мәселе – нарықтық экономиканы тұр- пайы жүйеге айналдырып, елдің ертеңіне балта шабу болып отыр ғой.


Бүгінде елімізде әрбір он студенттің жетеуі, яғни, 440715 студенттің 315099-ы ақылы оқуда. Оның 121841-і мемлекет- тік емес оқу орындарында. Мемлекеттік жоғары оқу орында- ры да сападан гөрі сан қуып, ақылы оқуға мән береді. Бүгінде студент білімінен гөрі, ақша төлей алатын мүмкіндігімен құнды. Республикамызда орта тап енді-енді қалыптасып ке- леді, отбасылардың 10-15 пайызы ғана балаларын ақылы түрде оқыта алады. Сондықтан жекешелендіруден аузы күй-


 


ген көпшілік мемлекеттік оқу орындарын жекешелендірер кезде азар да безер болып еді, оған құлақ асқан ешкім бол- мады.


Шынында да елдегі жастардың 70 пайызы ақылы білім алатындай біз дәулеттіміз бе? Қазақстан Республикасының статистика жөніндегі агенттігінің мәліметі бойынша, ауылда- ғы отбасылардың 84,2 пайызы, ал қалалық жерлерде 83,7 па- йызы қаржы тапшылығынан ішер асқа, 96,6 пайызы киер киімге жарымай отыр. Жер-жерде құжынап кеткен күлдіба- дам әлгіндей университеттер, академиялар халықтың тірнек- теп жинаған бүкіл қормалын шаңсорғыштай сорып алып, шыр бітірер емес.


Мемлекет ұлттың білім деңгейіне жауапкершілікті өз мой- ынына алмайынша, білімге стратегиялық ең жоғары мән бе- рілмейінше, біз осы бір әлжуаз, аянышты қалпымыздан ажы- рамасымыз анық. Қазақстанда Халықаралық бизнес акаде- миясын құрушы Асылбек Қожахметовтің айтуынша,  біз- дің бірде-бір жоғары оқу орындарымыз бүгінгі таңда ха- лықаралық аренада не аттестациядан, не аккредитациядан өтуі мүмкін емес көрінеді. «Он жыл өткеннен кейін болма- са, тап қазір жоғары оқу орындарымыздың білім дәрежесі халықаралық деңгейде жауап бере алмайды», – дейді Асыл- бек Қожахметов.


Әсілі, осы пікірде жан бар сияқты. Шынында да тәуелсіз- дік алған 10 жылдың ішінде Үкімет те, Ғылым академиясы да, Білім, ғылым министрлігі де тиіп-қашып дүмбілез шаралар қабылдағаны болмаса, республикадағы бүкіл ғылыми потен- циалды шашау шығармай шоқтай үйіріп, жанұшыра қимыл- дап, білім саласына аямай күш салып, ғалымдарымызды әлемдік өркениеттің көказу шыңдарына соңғы жылдары тал- пындыра алған жоқ. Осындай қараусыз, қамқорлықсыз қал- ған қапас кеңістікте құнсыз білім мен өңезденген әлгіндей


«дохторландырулар» өрістемегенде қайтеді? Жетпіс жыл бо- йы қамалып, 91-жылы ғана ортағасырлық үңгірінен шығып, жан-жағына ашқарақтана қарай бастаған қалың бұқараға не сын бар?


Жоғарғы аттестациялық комиссия төрағасы Аманкелді Құ- сайынов мырзаның өзі («Жас Алаш», 8.05.2001 ж.) былай деп


 


таңқалады: «Саясаттану мамандығы бойынша (Д.14.21.03) кеңес екі шет ел азаматының орыс тілін білмесе де, орыс ті- лінде диссертация қорғауы, қойылған сұрақтарға ізденуші емес, олардың тілмаштарының жауап қайтаруы кімді де бол- са таңырқатпай қоймайтындығын айтқымыз келеді».


Әлемдік ғылыми практикада ғұмыры кездеспейтін мүндай келеңсіздіктер тек Қазақстанда ғана үйреншікті әдетке айна- луда.


Ана бір жылдары «Болашақ» бағдарламасы бойынша шет елге оқуға кеткен қыруар жастарымыздың қаншасы елге ор- алғаны туралы да толық мәлімет жоқ. Қаймана халықтың қал- тасынан жиылған ақшаға ілім-білім жиып келіп, туған елінің көсегесін көгертеді деген солардың қай қиырда жүргені бел- гісіз.


Тіпті оны айтасыз, «Болашақ» бағдарламасымен шет ел- ге оқуға жіберілгендердің бір тобы АҚШ-та өткен жылы Премьер-министр Қ.Тоқаевпен кездесіп: «Егер Қазақстанда қазақ тілі үстемдік алатын болса, біз Ресейден немесе басқа мемлекеттерден саяси баспана сұраймыз», – депті. Мәссаған безгелдек! Бізді көгертеді деп жүргендердің жат пиғылдары қалай-қалай ойқастайды! Осы бір желөкпе желікпелердің сөз ләмінен-ақ шет елге оқуға кімдердің балалары кеткендігін айтпай-ақ ұғуға болады.


«Болашақ» бағдарламасымен әлгі шет елдерде оқып жат- қан, ана тілін қорлағандарға Премьер Қ.Тоқаев былай деуі керек еді: «Егер сіздер өз тілдеріңізді қажетсінбесеңіздер, өз ұлтыңызды сыйламасаңыздар, онда Қазақстанда сендер- ге орын жоқ және елдің қалтасын қақшып, бес жыл бойы сайрандаған қыруар қаржыны соқыр тиынына дейін қайта- расыңдар?! Бірақ, қисыны келіп тұрғанда да дипломаттығын көрсетіп біздің Премьер-министр мұндай сөзді айтпады.


Және осы бір туған тілін қорлаушылар қаншама дарын- ды қазақ жастарының тағдырын тұсап, бағын байлап, тірсегін қиғандарын ойланады дейсің бе?


Таяу жылдарда енгізілген талапкерлердің білімін анықтау мақсатындағы – тестілеу әдісінде де солақайлықтар жетерлік. Білімге талпынушыларға бөлінетін грант, несиелерде де ала- лаушылық кездеседі. Әсіресе, өнерге, медицинаға ақшамен


 


түсу ақылға сия ма? Білімді мемлекеттік тұрғыдан стандарт- тау және тестілеу ұлттық орталығының директоры Серік Ырсалиевтың айтуынша, 1999 жылы тестілеу барысында сұ- рақтардың дұрыс құрылмауы, дұрыс жауаптардың кодтары ауысып кетуі сияқты қателіктер орын алған көрінеді.


Тестілеу ұлттық орталығынан дайындалған емтихан сұ- рақтары облыс орталықтарына, шалғайдағы оқу орындары- на Ұлттық қауіпсіздік комитеті қызметкерлерінің қатаң кү- зетімен жеткізілгенімен де, компьютерге елеусіз кірген виру- стай оның да есебін тауып жатқандар баршылық.


Көптеген білікті мамандардың пікіріне қүлақ  түрсек, тест әдісімен талапкердің білімін терең тексеру мүмкін емес тәрізді. «Он жерден сауысқандай сақ болғаныңмен де талай сорақылықтар болып жатады» дейді олар.


Биыл да республика мектептерін 200 мыңнан аса жасөс- пірімдер тәмамдап, олардың 160 мыңы жоғары оқу орында- рына бағын сынады. Елімізде мемлекеттік жоғары оқу орын- дары, жоғарыда айтқанымыздай, саны бүгінде 48-ге жетті. Енді олардың 21-ін мемлекет қаржыландырады да, 18-іне ай- мақтық оқу орны деген айрықша статус берілді.


Бұл 48 жоғары оқу орнын Үкімет жыл сайын қаржылан- дырып отыра алмайтындығы белгілі бола бастады. Және еліміздегі білім беру саласының шатқаяқтай бастағаны жо- ғарғы жақты да бей-жай қалдырмаған сияқты.


Үстіміздегі жылғы 5 шілдеде Елбасы «Жекелеген мемле- кеттік жоғары оқу орындарына айрықша статус беру тура- лы» Жарлығына қол қойды. Бұлардың қатарына құрылғанына 70-80 жыл болған 8 жоғары оқу орны кірді. Олар: Әл-Фара- би атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университеті, Л.Н.Гу- милев атындағы Евразия ұлттық университеті, Қазақ ұлттық аграрлық университеті, Қ.И.Сәтпаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университеті, С.Ж.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медициналық университеті, Т.К.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы, Құрманғазы атындағы Қа- зақ ұлттық консерваториясы және Қазақ ұлттық музыка ака- демиясы. Айрықша статус алған осы оқу орындары еңді тек қана мемлекет тапсырыс берген мамандарды даярлап шы- ғармақ. Бірнеше ондаған жылдық бай тәжірибесі, қордала-


 


нып қалған материалдық базасы бар мұндай іргелі мемле- кеттік жоғары оқу орындарының мәртебесін биіктетіп, еңсе- сін көтеру құптарлық жағдай. Өйткені шегірткедей қаптаған 140 жеке оқу орындарына майдан беру үшін осылай ету керек болды. Бұл сөз жоқ, батыл шешім.


Енді таяуда елімізде мемлекеттік және мемлекеттік емес жоғары оқу орындарында мамандар даярлау сапасын дамы- ған елдердің деңгейіне көтеру қажеттілігіне байланысты мем- лекеттік аккредитация туралы нормативтік құқықтық акт қа- былданды. Қазақстанда мамандарды даярлау сапасын көтеру мақсатында даярланған жоғары оқу орындарын аккредитаци- ялау тәртібі ел Президенті, Парламент және Үкімет тарапы- нан қолдау тапты.


Мемлекеттік аккредитация – жоғары оқу орындарының келбеті мен абыройын көтереді, әлемдік білім беру кеңістігіне батыл енуге мүмкіндік береді.


Аккредитацияланған білім беру ұйымдарының бітіруші- лері өздерінің орнын тек қана қазақстандық емес, халықара- лық еңбек рыногынан табады, Қазақстан Республикасының аккредитацияланған білім беру ұйымдарының тізбесін Еуро- па аймагында (Лиссабон, 1997 ж.) жоғары білім беруге жата- тын біліктілікті тану туралы Конвенцияның ережесіне сәйкес мобилдік және академиялық тану мәселелері жөніндегі ұлт- тық орталықтардың Еуропалық желісіне берілетін болады.


«Әрбір қаулы-қарар, заң орталықта шығады да, шетке ке- ле күшейе береді. Қиыр шет оны өзінше, көбіне бұрмалай ұғынып, кейде артын ылаңға айналдырады», – деп Ғабит Мүсірепов айтпақшы, енді осы дұрыс ниеттен туған жақсы бастаманы сүйретпеге салмай, білім саласының ажырамас бөлігіндей күнделікті өмірімізге кіріктіре алсақ, жақсы болар еді-ау!


Үстіміздегі жылдың 2 тамызында Астанада жоғары оқу орындарын аккредитациялау өтті. Оған барлығы 84 оқу орны қатысу керек еді, алайда, 58 оқу орны осы сыннан сүрінбей өтті де, 10 оқу орны «құлап» қалды. Ал, енді 11-і бұл сынаққа қатысудан бас тартты.


Осы аттестациялау, аккредитациядан өтпеген оқу орында-


 


рының диплом беруге құқығы жоқ деп табылды. Бір қызығы, бұл пікірге қарсы шығушылар да табылды. Олар Қазақстан Республикасы «Білім туралы заңның» 15 бабын алға тартады. Оңда: «Кез-келген лицензиясы бар оқу орны диплом беруге құқылы» деп жазылған екен. Қашан да ескі жаңаға өліспей орын берген бе! Енді әлгі өтпей қалған 10 оқу орны қойны- қонышын толтырып, («Хабар» телеарнасы, 2.08.2001 ж.) қай- та шабуылға шыққан тәрізді. «Мың сан қол өте алмаған қа- малдан алтын артқан есек өтіптінің» кері келмесін деп осы көрініске көпшілік аңтарылып отыр.


Қысқасы, аккредитациялаудың артын ылаңға айналдыр- масақ болды-дағы...


«Заң» газеті, 8.08.2001 ж.


 




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу