Өлеңдер ✍️

  28.02.2022
  98


Автор: Абдрахман Асылбек

Өмір шұғыласы

Өмірге келдің алғаш шапағат боп,
Жандырған жүрегімді махаббат боп.
Талпынып тал бесікте жаттың, балам,
Қауызын жаңа жарған шақалақ боп.
Сондағы шаттығымды білсең менің,
Байлығым, бақытым да бір сен дедім.
Үстіңе сағат сайын төне түсіп,
Шұғыла шуақ болып күлсең дедім.
Күлдің сен көп ұзамай күнім болып,
Көктемгі көзді тартқан гүлім болып.
Әр қимыл, әр қылығың шабыт берді,
Жаңа бір жазылмаған жырым болып.
Қаншалық күткенімді білсең менің,
Бар қызық, базарым да бір сен дедім.
Асықтым, адам болып қаз тұрғанша,
Жүгіріп, жар жағалап жүрсең дедім.
Жүрдің сен көп ұзамай тәй-тәй басып,
Аяқты алғашқыда байқай басып.
Құлдырап шығып кеттің қыр басына,
Артыңнан қала бердік айқайласып.
Ұядан түлеп ұшқан балапандай,
Қияға қанат қақтың дара талмай.
Зымырап кете бардың көз ұшында,
Көрініп кең дүние алақандай.


 




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу