28.02.2022
  578


Автор: Елена Әбдіхалықова

Өмір әліппесі

 


«Жалағаш жаршысы» газетінің 70 жылдығына


 


Адамның өткен өміріне көз жіберіп қарамайтын уақыты кемде- кем шығар.


Менің сонау ауылдың табанында өсіп, алла-тағаланың берген талабына қанат қаққан жылдарыма анау айтқан көп уақыт өтпесе де, сол күндерімнің сағым болып, менің жүрегімде үлкен сағыныштың отын жағатыны рас.


Мені осы күні еліміздің түпкір-түпкірі біледі десем, деңгей- дәрежемнің өсіп-жетілуіне кезіндегі «Жаңадария» газетінің үлкен әсері мен өмір жолыма ең жақсы да, адал адамдардың тілекші болғандығынан деп білемін.


Мектеп қабырғасында жүргенде журналшы болуды армандап, соның ізінде аудандық, облыстық, республикалық газет беттеріне көптеген мақалалар жазғаным бар-ды. Олардың кезіндегі аудандық атқару комитетінің мәжілістерінде дүрбелең туғызғаны да аз емес. Сондағы бала-көңіл, бала-мұрат ауылдағы барлық кемшіліктерді жойып, тап-тұйнақтай тіршіліктің көшін тез жүргіземін деп ойласа керек. Әйтеуір сол кездің өзінде жүрек түпкірінде «ел» деген елеңдеген сезімдердің басталғаны, сол сезімдерімізді жұртқа жаршы еткен осы аудандық газет еді.


Мектеп бітірген соң, 1987 жылы қиял қуып Алматыға ҚазМҰУ-дің журналистика факультетіне оқуға аттанғаным, алғашқы шығармашылық емтиханынан «5» деген баға алғаным, сол кезде 1986 жылғы желтоқсан оқиғасына небәрі 6 ай ғана өткендігі, қазаққа, әсіресе, еліміздің оңтүстік аймақтарынан келген талапкерлердің жедел тексеріліп, тағдыры қалам ұшында ойнағаны бәрі-бәрі көз алдымда, жүрегімде де әлі ерекше лүпілмен тербеледі. Кейбір қолында билігі бар қандастарымыздың өзі «Сендерді оқытқанша, орыстың Иванын оқытқанымыз жақсы» деген сөздерді айтқандарын өз құлағыммен естігенде, ең алғаш үлкен саясаттың құрбаны болғанымды сол кезде жетесіне жетіп сезінбесем де, күні бүгін жанымды жеп, бір күреске итермелейді. Ауылда ата-ананың алақанынан, балауса күлкімен барған көңілімді су сепкендей басқан осындай сөздердің менің ғана емес, сол кездегі миллиондаған қара көздердің тағдырына айтылған үкімдей көрінді маған. Көкірегімдегі көп ойлар мен толғаныстардың легі ұлттың тағдырына алаңдаулы күйде өрши түсті. Оқудан “құлап”


 


қайтқан менің барар жер, басар тауым - ауылдағы қол жұмысы, егін, күріш алқабы. Ел қатарлы, күрішші болып, егін алқаптарынан масақ жинауға бет алдым. Әрине, ол жұмысқа да мені әзер қабылдағанын, кейбір менің туған ауылымның пысықтарының айлық-жалақымды жазбағанын, оның да ауыл үшін өзіндік саясаты бар екенін есептесек, бұл мен үшін кезекті соққының бірі болып тиді. Сонда да, өз шығармашылығымның өсуіне іштей ізденіс үстінде едім. Ара-тұра аудандық мәдени шараларға шақырылып, қатысып жүрдім. Сөйтіп жүргенде аудандық “Жаңадария” гезетіне корректор болып жұмысқа орналастым. Менің атымды аудан ғана емес, азды-көпті облыс жұртшылығы біле бастаған уақыт еді. Бастық біткеннің шірену - ежелден әдеті ғой, сол кездегі “Жаңадарияның” редакторы, ақын ағамыз Асқар Кіребаевтың сол жұмысқа келуіме, менің шығармашылығымнан бейхабарлау болғасын, бірден қолдай қоймай, ойланыңқырап қалғанын осы күні сондай сағынышпен еске аламын да, сол кісінің өзіне қалжыңдап айтып жүремін. Елде де, билік органдарында да сол кездегі облыстық партия комитетінің үшінші хатшысы болған Оңалбек аға Сәпиев пен елдегі салауатты, белді азаматтардың бірі - Әділхан аға Бәйменовтердің көрсеткен қамқорлықтары шығармашылық жолым ғана емес, үлкен азаматтық жолға бағыт сілтеген сенім болғандығын бүгін анық сезінем.


Сөйтіп, 1987   жылдың   1   желтоқсанынан   бастап,   аудандық


“Жаңадария” газетінде корректор болып қызмет атқардым. Бар-жоғы 7-8 ай қызметімде, менің өміріме азық боларлық үлкен өнегенің бастауын мен сол кішкентай аудандық газеттің ұжымынан алған едім. Жалақым анау айтқан көп болмаса да, аудандық газет аптасына 5 рет жарық көреді. Күнде қарбалас жұмыс. Асқар аға (Кіребайдың жалғыз баласын айтам) көп ұзамай облыстық Нартай Бекежанов атындағы драма театрына директор болып жоғарылап кетті. Оны да “Сізге сонда менің қадамым құтты болды ғой” деп әзілдеймін кейде. Өзі сері, ақкөңіл ағаның қай жұмыста да абыроймен жүргенін мен айтпай-ақ, облыс халқы түгел біледі деп ойлаймын. Ол кісінің орнына Жалағаштың белгілі азаматтарының бірі, журналист Мырзамұрат аға Ілиясов редактор болып тағайындалды. Кішіпейіл, ұстамды Мырзекең ағаның (ол кісінің жатқан жері жайлы болсын) біз сияқты жастардың қаламының ұшталуына үлкен септігі тиді. Әсіресе, жазған мақалаларымыздың бүге-шүгесін қалдырмай қарап, талдап орынды ескертулерін айтып, тәрбиелеп отырушы еді. Жазған- сызғандырымыздың ішінде, ақпараттық шағын мақалаларда “бәленше жұмыс істеді”, “үлгі қылады” деген сияқты тіркестеді ол кісі: “Мынауың сәл қолапайсыздау ғой, “істеді”, “қылады” дегендерді қолданба, ұят болады, оның орнына “атқарды”, “үлгі тұтады” деп жазғаның дұрыс” деп жөндеп, жосық айтудан еш жалыққан емес. Ал бас редактордың орынбасары Тұрсекең ағаның (Тұрсынбай Тәшенов) жан-жүрегі, бүкіл азаматтығы ісінен де, сөзінен де көрініп тұратын еді.


 


Ахмет аға Тілеулиев әрбір жазғанын негізсіз қозғамайтын, өте салмақты, ол кісінің кабинетте бар-жоғы белгісіз, дым үндемей жазып отыратын. Артық сөз, алыпқашпа әңгіменің аулынан іргесін бөлек тіккен сол ағаның еңбекқорлығына қайран қалатын едім. Серік аға Бертаевтың жастығы, аңғалдығы қалған азаматтарға біраз күлкі болып, барлығы қалжыңдасып отыратын. Бұрқыратып жазғыштың бірі- Ізбасар аға Мұстафаевтың әр газетте бірнеше мақаласы бірден шығатын.


Аудандық газеттің тағы бір тұлғасының бірі - Мәлік аға Аяпов ақын болғасын, артық - кем, ешқандай рамкаға сыймайтын мінездерімен, бір төбе болып жүретін еді. Қызу жұмыстың барысына байланысты әлсін-әлсін өткізілетін жиналыстардың барлығы газет мазмұнын арттыру мен елдегі жақсы істерге ұйытқы болуды көксейтін еді. Бір – бірін мұқату, тәжікелесіп сөйлесу, мысқылдау деген атымен жоқ, ыстық сыйластық, азаматтық көзқарастардың шуағы төгілетін.


Газеттің жалғыз гүлі - Биғайша апай өзінің әдемілігімен, салмақтылығымен баурайтын.


Аталған азаматтардың барлығы мені өз қыздарындай көріп, мақалаларымды талқылап, бағыт-бағдар берген кездері аз емес. “Сенен үлкен азамат шығады, журналистика деген киелі мамандық” деп мені үнемі жауапкершілікті сезінуге, болашақтан күдерімді үзбей, нашар жолға түспеуіме, арқамнан қағып өсіріп, қуат құйған сол азаматтардың мейірім – шуағы менің жүрегімде мәңгілік сақталып қалатын шығар. Бүгінде білегі мен тірегі мықтылар қарап тұрып жұдырық түйіп, доқ көрсететін заманда, ана бір жылы ғана ұйыған сүттей болып, бір ұжымның туын көтерген азаматтардың адамгершілігі мен адалдығына қайран қаламын. Мүмкін біреулер “Кеңес заманында барлығы солай болды ғой, қазір заман басқа” деп көкуі әбден кәдік. Десек те, Абайдың “заманға жаман күйлемегін, замана оны илемегін” есте ұстаса, әлімсақтан келе жатқан жас ұрпақ тәрбиесіне ішіп-жем көзқарастан арылып, елдікке, азаматтыққа үйрету бір ғана ата-ананың шаруасы емес екенін ұғынармыз… Бәлкім… Кім білген?! Осы күні сәлемді де есеппен беретін қазаққа біреуді үлгі ету өте қиын, бар “үлгіміз” - “Кімнің жоғарыда кімі бар?” болып бара жатқандығы ащы шындық. Бір ұжым беске бөлініп, бес жаққа дау айтып жүргендегіміз өзіміздің ағайындарымыз бен ауылдастарымыз болып дендеп бара жатқаны қорқынышты көрінеді маған. Болмаса, бір шалапай басшының өзінің өсу жолында бір жақсыны құрбандыққа шалып, келесі “сатыларға” обал-сауапсыз көтеріле баратыны жаныңды жемей ме? Бұл Асанқайғының “Құйрығы жоқ, жалы жоқ құлан қайтіп күн көрерінің?” кері емес пе? Жанға… қазақтың жанына батқан улы дерт емес пе? Меніңше, елдік деген ұғымның “Отан отбасынан басталатыны” секілді, әрбіріміздің міндетіміз-елдіктің ешкімге алынбайтын ауызбірлігі мен ақыл-есін түзеу болса керек-ті.


 


Замани толғанысқа түскендегі айтпағым, мен ең алғаш жұмысқа қабылдаған азаматтардың ниетінен, бүгінгі күні етіміз үйреніп кеткен бірнәрсе дәмету, емексу, болмаса көңілдес болуға ұсыныс білдіру сияқты құлықтардың сезілмегендігі, қайта азғантай талантымды бағалап, сол аудандық газетке жұмысқа барғаныма қуанғандары әлі жаныма нұр ұялатады. Керек десеңіз, бір ұжымдағы бірнеше кісінің бір-біріне дауыс көтеріп сөйлеп, дарақы әңгіме айтқанын өз басым естімеген екенмін. Сол уақыттарда газетте дүниеден жастай өтіп кеткен аптал азаматтың бірі- Жұмабек аға Әбжәмилов қызмет атқарған болатын. Әсіресе, газет шығатын күндері бір – бір журналистен кезекші болып қалғанда, Жұмабек ағаның кезекшілігінде Тұрсекең аға өзі “Сендердей екі Қожанасырға сенбеймін” деп өзі бас-көз болып қосымша қалып жұмыс істейтін. Сондағысы- Жұмабек аға бала сияқты, небір жас күніндегі қызықтарды айтып екеуміз ішегіміз қатып күліп, көп әңгімелердің қызығына түсіп, жұмыс-газет ұмытылып қалатын еді. Сөйтіп, газеттің қатесі ертесіне бадырайып көрініп, екеуміз талай жиналысқа түскеніміз бар. Газет жұмысы қиын, түнде кеш шығамыз. Жалағаш қыстағы көшелерінде автокөлік деген де аз, Жұмабек аға - өзі барынша қорқақ, мені үйге шығарып салуға жүрексініп, “ойбай, өзім де қорқақпын ғой” деп күлетін. Бірде жиналыста Тұрсекең аға: “Бізде екі адам бар – бір мақала дайындаса, сол қашан газет бетіне шыққанша мақала жазбайды. Ол мына – Лена мен Жұмабек” дегені бар. Жұмабек аға екеуміздің мінезімізді білетін жұрт бұған ду күлмесі бар ма? Сонда сол азаматтар біздерді қамшылап, қалайда еңбек етуге үйрететіні, адамға талап қоя білетіні, сенім артатыны – бұл үлкен кісіліктің белгісі екен ғой. Өкінішке орай, бүгінгі көп басшылардан ондай кісілікті көрмек түгілі, олардың қасында тұрып ол туралы ойлауға ұяласың.


Қазіргі журналистердің көбі өз басымен әуре болып, қайтсем


бала –шағамды асыраймын деп жүрсе, менің көрген журналистерімнің көкейінде елдік арман сезілетін еді. Бір ғана аудандық газеттің төңірегі емес, олардың әрқайсысы елдің, шағын да болса ауылдың келбетін танытатын, халықты ізіне ерте алатын тұлғаға айналған. Бұл да кез- келгеннің уысына түсе бермейтін бақыт болып қалды бұл күнде.


Осы күні газеттерден кілең арсыз әңгіме, болмаса бір-бірін өтірік мақтау мен даттаудың небір классикалық үлгілерін көреміз. Мені қайран қалдыратыны сол кездегі аудандық газет ұжымының менталитеті осы күнгі кейбір мемлекеттік деңгейдегі жоғары лауазымдылардан әлдеқайда биікте болғандығы. Мен сол биік талғам мен менталитеттің тәрбиесін көргендігімді, солар арқылы үлкен өмірдің әліппесін танығанымды өзіме үлкен бақыт санаймын.


 


 


Астана, мамыр, 2004 жыл


 




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу