Өлеңдер ✍️

  28.02.2022
  219


Автор: Елена Әбдіхалықова

Ақын Мәлік Аяповтың қазасына

Қаралы ауыл қайғырған,
Қайыры болсын – сөз басы,
Қайран да қош деп төгілген
қаракөз қыздың көз жасы.
Қараша қаздан айрылған,
Қобыз мұң – көңілім, боздашы!
Қаламы түспей қолынан,
Қалың жұрт қамын жорыған,
Қара өлең қуып, жан аға,
қарашықтарға толып ән,
Қарамай кетіп барасың,
Қараша қаздар соңынан.
Қараша қаздар көктемде
Қаңқалдап қайтып оралар,
Гүлденер наурыз өпкенде
құлазып қалған жағалар.
Құстармен бірге келер ме ең,
Бұлғасам аппақ орамал.
Қазақы жырдың пірі едің,
Қазақ деп соққан жүрегің.
Қашанда қамдап жүруші ең,
Қарындастардың тілегін.
Қараша сонау ауылдың
Қарағайларының бірі едің.
Қош енді, қош бол, жан аға,
Қайтейін, иман тіледім.
2004 жыл




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу