Өлеңдер ✍️

  27.02.2022
  266


Автор: Абдрахман Асылбек

Бір досыма

Қырыққа келмей,
Ырыққа көнбей,
Есірген есер шағыңда,
Күлдің-ау балқып,
Жүрдің-ау шалқып,
Сұқсырдай сүңгіп сағымға.
Көзіңді сүзіп,
Сөзіңді үзіп,
Сұлуды көрсең сүйініп,
Гүлдерді әппақ
Үлгердің мақтап,
Жүрегің тулап, жиі ұрып.
Сақалың шығып,
Атағың шығып,
Келгеннен кейін қырыққа,
Ойыннан ықтап,
Мойыннан мықтап
Іліндің білем құрыққа.
Өзіңнен биік,
Сезімнен тыйып,
Балақтан тартып балаң да,
Қобарып денең,
Жазбақ боп өлең,
Жармастың қағаз, қаламға.
Өтімді қыздар
Секілді ызғар,
Жанына жақын жолатпай,
Ақылың жеңіп,
Батылың кеміп,
Қайтыпты күшің болаттай.
Ендігі күшің,
Ерлігің – ісің,
Өзіңде, ойлы көзіңде.
Көндіре алсаң,
Өндіре алсаң,
Сиқырлы сұлу сөзіңде.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу