Өлеңдер ✍️

  27.02.2022
  103


Автор: Абдрахман Асылбек

Бұлбұлдарым

Армысың Алатаудың жыршылары –
Бұлбұлдар,
Ақтарылған сыршыл әні.
Бесікте бөбектерім күлімдейді,
Төгіліп терезеден күн шуағы.
Сендердің әуендерің – асыл әуен,
Тыңдайды құлақ түріп жасыл әлем.
Сиқырлы, сүйкімді де сол үндерге
Күн сайын құстай ұшам асыға мен.
Құбылтып, құйқылжыта сайрайсыңдар,
Өмірге тек ізгілік сайлайсыңдар.
Пәктікпен, тазалықпен, мөлдірлікпен
Тіл-жағын бұлдыр ойдың байлайсыңдар.
Не етер ек егер сендер болмасаңдар?
Күй төгіп, көктем сайын қонбасаңдар?
Қаңырап қалар еді кең дүние,
Бейне бір еш нәрсемен толмас аңғар.
Жырлашы,
Жырлай берші, бұлбұлдарым,
Қалмасын тәтті әуеннен тұлдыр бағым.
Сендермен тілдесуге, үндесуге,
Бесіктен бас көтеріп тұрды ұлдарым.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу