Өлеңдер ✍️

  27.02.2022
  93


Автор: Абдрахман Асылбек

Өмірдің жолы бұралаң

Өмірдің жолы бұралаң,
Алдыңда арман – ұлы алаң.
Сүрініп талай құлағам,
Тығылып талай жылағам –
Өмірдің жолы бұралаң.
Өмірдің жолы қияқты,
Арманың асқар сияқты.
Қайрап ап қайрат, қуатты,
Тайдырмай тіреп тұяқты,
Шықпасам шыңға ұят-ты,
Өмірдің жолы қияқты.
Өмірдің жолы тар-ұшаң,
Мақсатым биік танысаң.
Біреулерменен алысам,
Бірулерменен табысам,
Бәйгіге түсіп жарысам,
Өмірдің жолы тар-ұшаң.
Өмірдің жолы шырғалаң,
Шарқ ұрып тынбай тырбанам.
Шетсіз де шексіз бұл ғалам –
Ашылмай жатқан сыр маған,
Жазылмай жатқан жыр маған –
Өмірдің жолы шырғалаң.


 




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу