Өлеңдер ✍️

  27.02.2022
  170


Автор: Абдрахман Асылбек

Мұзайдын

Алматы керемет қала ғой,
Алатау айрықша дара ғой.
Көрікті жерлері жетеді,
Бірінен біреуі өтеді.
Көңілді көтеріп, демеуге,
Тура жол тартады Медеуге.
Онда бар мұзайдын – сырғанақ,
Құмарың қанбайды мың қарап.
Қытымыр қысқы түн самалы
Шымшылап ойнайды шамалы.
Қыз зырлап барады сырғанап,
Шақырып кеткендей мұндалап.
Үміттің тізгінін тартады,
Арманың алға иек артады.
Төбеңде – көгілдір түнгі аспан,
Астыңда – ақ айдын мұз басқан.
Зымырап жұлдызша ағасың,
Ерекше рахат табасың.
Аяқты көсілте созасың,
Талайдан оқ бойы озасың.
Арғымақ конькиің мұз тіліп,
Артыңда ықтайды ызғырық.
Көзіңді саласың, жүз бұрып,
Қараса наздана қыз күліп.
Бұл-дағы бір түрі жарыстың,
Келмейді қатардан қалысқың.
Үміт боп кеудеде бас бәйгі,
Үнемі сені алға бастайды.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу