Өлеңдер ✍️

  27.02.2022
  140


Автор: Абдрахман Асылбек

Медеу

Алатаудың ақтарылып ақ қары,
Шақырады шаттығына шатқалы.
Құзар шыңы көзді тартып қияннан,
Бал үнімен балқытады бақтары.
Медеу –
Салтанат пен сұлулықтың мекені.
Медеу –
Көрген адам зор мақтаныш етеді.
Алатаудың әлемге аян айбыны,
Баурайында бар сырғанақ айдыны.
Қуанышпен қарсы алады күлімдеп,
Конькиіңмен барсаң-дағы қай күні.
Медеу –
Жастық пенен жарастықтың мекені.
Медеу –
Көрген адам бір жасарып кетеді.
Алатаудың қызық-думан бөктері,
Бөктерінің кереметі көп тегі.
Шатқалында шалқып жатыр бұлақтар –
Көңілдің көк қалықтаған кептері.
Медеу –
Достық пенен махаббаттың мекені.
Медеу –
Екеу-екеу қатар зырлап өтеді.
Алатаудың аты мәлім алысқа,
Жүйріктерді шақырады жарысқа.
Мұзайдында қатарыңнан қалыспа,
Мұзайдында қыран құстай қарышта.
Медеу –
Саңлақтар мен мықтылардың мекені.
Медеу –
Шыныққандар шын табысқа жетеді.


 




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу