Өлеңдер ✍️

  27.02.2022
  137


Автор: Абдрахман Асылбек

Мейрамхана – «Ажар ана»

Салтанатты, сәулетті, сайран қала,
«Ажар ана» алдыңда – мейрамхана.
Жауын алар көзіңнің түрлі тағам,
Алдыңа кең дастарқан жайған жаңа.
Қысылма да қымсынба, қара, таңда:
Қой еті ме, балық па, балапан ба?
Айдай сұлу даяшы алып келер,
Айтқаныңды аялап алақанда.

Қайырмасы:
Мейрамхана –
Сайранхана.
«Ажарым-ай»,
Базарым-ай.
Елдің тартқан назарың-ай.
Күнде қызық,
Күнде думан,
Салтанатты ғажабын-ай.
«Ажарым-ай,
Наз әнім-ай.
Айналайын қазағым-ай,
Тарқамасын базарың-ай!

Келесің мұнда келсең сыйласыңмен,
Не сүйікті сәулешің – қимасыңмен.
Көңіліңді көтеріп қадірлесің,
Сезіміңді сергітер сыйға-сыймен.
Үйлену ме, мерейтой, туған күн бе?
Таң-тамаша қызықты қуған күн бе?
Өтіп жатыр бәрі де кезегімен,
Тарқамайды бұл жерде думан мүлде.

Қайырмасы.

Алға тартып арманын асқақ өнер,
Қарт та келер бұл жерге, жас та келер.
Тамашасы қазақтың таусылған ба?
Әндер шалқып, би балқып, баққа бөлер.
Қыз-жігіттер алдыңда шыр айналып,
Кең дүние көрінер шырайланып.
Көл-көсір боп көсіліп отырасың,
Күйкі тірлік, бас қамы былай қалып...

Қайырмасы.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу