Өлеңдер ✍️

  27.02.2022
  116


Автор: Абдрахман Асылбек

Алматының аясы

Жүрсең сен аясында Алматының,
Табасың саясында жанға тыным.
Қайтесің Қара теңіз, Қырымдарды,
Артық жер Алматыдан бар ма, күнім?
Қайыңды, қарағайлы бақтары бар,
Медеудей мың бұралған шатқалы бар.
Асқарлы Алатаудың рахатын
Көгінде аунап-қунап жатқан ұғар.
Қияннан көз тартады Көктөбесі,
Көктөбе – өмірдің гүл көктемесі.
Қана алмай қымызы мен қызығына,
Басына шыққан жанның кеткен есі.
Шалқар ма шортандайын шомылатын? –
Қызуың басылғанша шомыл, ақын.
Арулар – айдын көлдің аққулары,
Қонады өзі келіп қолыңа күн.
Кафе ме қанып ішір іздегенің?
Бұл жерде саналады жүздеп оның.
Шылымын бұрқыратып, виски сорып,
Шіреніп отырады қыз дегенің.
Қадалып қара көздер сүрмелеген,
Көйлектер көлбеңдейді бүрмелеген.
Анарлар аржағынан дір-дір қағып,
Туады толқын атып бірден өлең.
Аңсаған арман орны Айнабұлақ,
Айнала ағып жатыр майда бұлақ.
Мас болып махаббаттың уытына,
Кетеді екеу-екеу сайға құлап...
Басқаның керегі не жұмағының?
Басқаның керегі не шырағының?
Аялы Алматыда жүріп-ақ мен,
Ақтарам ағыл-тегіл жыр ағынын.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу