Өлеңдер ✍️

  27.02.2022
  74


Автор: Абдрахман Асылбек

Алматының арықтары

Армасың, Алматының арықтары,
Көңілдер өздеріңмен қалықтады.
Ақтыңдар ақтарыла көше бойлап,
Баяғы бал әуенге салып тағы.
Шомылып шапағыңа шуақ күнгі,
Талдарға талықсыған қуат кірді.
Еркелей еніп бірден, еліктірген
Айнала әуеніңе құлақ түрді.
Байқаймын, бәріне үнің ұнап тұрды,
Жайқалды жағаларда құрақ түрлі.
Қызының кеудесіне тақты жігіт,
Аялап хош иісті бір ақ гүлді.
Қылқанды қарағай да күреңденіп,
Қайың да шыға келді реңденіп.
Тірегі тіршіліктің су екен-ау,
Сендермен жатыр жоғы түгенденіп.
Армасың, Алматының арықтары,
Көңілдер көтерілді, шарықтады.
Тынымсыз ағасыңдар, ағасыңдар,
Табиғат құдіретін танытқалы.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу