Өлеңдер ✍️

  27.02.2022
  118


Автор: Абдрахман Асылбек

Нан

Көшеде жатса егер бір түйір нан,
Қалтқысыз көзім шалып бір қиырдан,
Қастерлеп, қасиеттеп көтеремін,
Парықсыз пенделерге шын күйіп жан.
Бір түйір болмай қалса қолда наның,
Ашығып, өзек талып, сорлағаның.
Барында бағаламай төгіп-шашып,
Жарай ма адал асты қорлағаның?
Демегін бір түйірді кім алады?
Миллиард бір түйірден құралады.
Тастасаң аяқ асты түйір нанды,
Обалы өз арыңнан сұралады.
Діндар да келтірместен ашық күмән,
Ардақтап нан қадірін, шашыпты ұран:
«Төбеде тұрған нанға қол жетпесе,
Алуға болады, – деп, – басып Құран»
Қаншама болғанымен кеще тегі,
Молда да нан алдында сескенеді:
«Аяққа нанды басып алма, – деген, –
Құранға қол жетпесе текшедегі».
Осылай нанды халқым құрметтеген,
Құрметі құрметке орай құр кетпеген.
Жайылып дастарқан боп дарқан далам,
Астықпен көмкеріліп, қыр көктеген.


 




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Комментарии

Қарақат
Қарақат 15.11.2022 21:40
Нан

Пікір жазу