27.02.2022
  395


Автор: Пернебай Дүйсенбин

ЖОЙҚЫН ШАБУЫЛ

Қара Қарындаш бұта арасынан жүгіріп шығып, жол үстіне кесе- көлденең тұра қалды.



  • Ақ Альбом, мұнда кел, мына қызықты қара! Адамдарды адамдар арқанмен байлап тастапты, – деді де мазақтай қарқылдап күле бастады.

 


Кекілді Қыз бен Жігіт алғашқы сәтте таңырқап қалса да, артынан


Қарындаштың тектен-текке жол үстіне шықпағанын іштей ұға қойған. Темір сауытты қос жендеттің қорыққандары сонша, көздері шарасынан шығып


кетті. Жалма-жан қынапты қылыштарын суырып алып, тап бір үлкен ұрысқа дайындалғандай бола қалды. Көздері ежірейіп, мұрттары тікірейіп кетісті.


Жер-көктен сабыла іздеген Қара Қарындаштың жер астынан шыға келгендей сайрап қоя бергенін көргенде Көзілдіріктінің төбесінен жай түскендей болды. Сол тұрған орнынан қозғала алмай қалды.


Қара Қарындаш қара жолдың үстінде кішігірім найзадай шаншылып алып, қарқылдай күлуде.


Тік қабақты, қою қасты, ұзын бойлы жендет қасындағысына қайрыла қарап, гүжілдеген дауыспен:



  • Мынау не пәле, жын ба, пері ме? Не істейміз? – деді.
  • Ойланатын не бар, қылышыңмен қағып таста! – деп шіңк ете қалды бойы

тапалдау серігі.



  • Ол оп-оңай ғой! – деп ұзын бойлысы өкіректеп алға ұмтыла берді де, қылышын сермеп қалды. Қара Қарындаш көз ілеспес шапшаңдықпен қарғып кетті. Ауаны ысқыра тіліп өткен қылыштың қайқы ұшы жерді қауып, қою шаңды бұрқ еткізді. Қара Қарындаш одан сайын қарқылдай күліп:

–   Қайқы қылыш жер қапты, Құр сілтеуден не тапты? –


деп тақпақтап жіберді.


Ызаланған ұзын жендет қорбаңдап қайта ұмтылғанда, Қара Қарындаш жалт бұрылып, тағы да бір шетке ыршып түсті. Екпінін тоқтата алмаған


жендет жолға төне өскен жуан ағаштың бұтағына соғылып, шалқасынан құлады. Ойбайын салып, орнында тыпырлады да қалды.



  • Мынау қайтеді-ей! – деп аласалауы алға ұмтыла берген. Тасада тұрған

Ақ Альбом осы сәтте қорықпай, бар екпінімен секіріп, ентелеп келе жатқан тапал жендеттің көз алдынан зу етіп өте шықты. Не болып, не қойғанын ұға алмай қалған жендет кілт тоқтап, жан-жағына алақ-жұлақ қарап:



  • Мына жерді жын-пері жайлаған шығар, – деп аңқиып тұрып қалды.

Ұзын


бойлы жендет өз басымен қайғы болып жатыр.


Қара Қарындаш жол ортасында сайрап тұр.


Ақ қанатты ақ пері, Қайтып орал тағы да.


Тез кетпесе бұл жерден Соқ аямай жағына.


Ақ Альбом зу етіп, аласа жендеттің бетінен сарт еткізіп соғып кетті де, жасыл бұта арасына зым-зия сіңіп кетті.


Жендет тосын соққының қай тұстан келгенін аңғара алған жоқ, жалт бұрылып кері қарай қаша жөнелді. Есін жиған ұзын жендет те апыл-ғұпыл орнынан тұрып, серігінің соңынан асығыс тайып тұрды.


 


Көзілдірікті мүлдем есінен танып қалған. Мына секілді оқиға оның үш ұйықтаса түсіне кірмеген еді. Бояу қарындаштарды сығымдай ұстаған


саусақтары жазыла берді. Жерге сау етіп төгілген бояу қарындаштар:



  • Алақай! – деп жамырай айқайлап, Қара Қарындашқа қарай жүгіре жөнелді. Көзілдірікті көзі аларып, тұрған орнына кескен теректей сылқ етіп құлап түсті.

Кекілді Қыз бен ағасы екеуінің қуанышында шек жоқ. Қуанып жүріп бір-бірінің қолын шешісті.



  • Қайсар Қара! Осының бәрін ойлап жүрген сенсің-ау! – деп Кекілді Қыз

Қара Қарындашты ризалықпен бауырына қысып, Ақ Альбомды арқадан


қақты. Барлық бояу қарындаштар жүгіріп жеткен бетте, Қара Қарындашты, Ақ Альбомды қоршап алып, құшақтап, мәз-мейрам болысты...


1986 жыл.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу