Өлеңдер ✍️

  27.02.2022
  119


Автор: Абдрахман Асылбек

Жүрген жоқпын кілкіп қазы-қартаға

Жүрген жоқпын кілкіп қазы-қартаға,
Артық ақша түскен де жоқ қалтама.
Ағайындар, айтыңдаршы әділін,
Байлықпенен абыройым арта ма?
Көтеріңкі көңіл күйін қоштадым,
Тегін түсер бір тиын да тоспадым.
Көріп жиған жиһазымды жұпыны,
Ағайындар тағып жүр-ау босқа мін.
Дей алмаймын өтті талай босқа күн,
Жүрек жыры бас бәйгіге қосқаным.
Шабытымды шалқытады шалқардай,
Шын көңілмен күлімдесе достарым.
Бұл тіршілік тырбанумен өтеді,
Кей жандарды байлық пенде етеді.
Ал, мен үшін ақ пейілді адамның
Әділ айтқан бір сөзі де жетеді.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу