27.02.2022
  153


Автор: Пернебай Дүйсенбин

АЙ АЙТҚАН СЫР

Түн салқын тарта бастады. Кекілді Қыз жаурай бастаған соң, ағаш қуысына қайтып оралды. Бірақ ішке кірмеді. Жар басында жалғыз қалған Қара Қарындашқа қарайлап тұр. Содан кейін ағаш түбіне ұйыса біткен қалың шөпке басын төсеп, көзін жұмды. Әр алуан шөптің хош иісі мұрынды жарып, бойы маужырап, жайлы тыныштықтың жұмсақ құшағы өзіне қарай баурай түсті. Осы кезде күлімсіреген Күміс Ай тал түбінде жатқан Қызға таяп келіп, дәл төбесінен күлімдеп еді, Қыз ұйқы ұялаған көзін ашып алды. Ай қыз жүзіндегі жеңіл мұңды жіті аңғарған екен.



  • Сонша неге мұңая қалғансың?
  • Егер қасымдағы серігім қапалы болса, мен неге мұңаймаймын?
  • Е, оған не болыпты?
  • Көрмейсің бе, көңілі жадырар емес, – деп жар басында жалғыз тұрған

Қара Қарындашты иегімен нұсқады. – Менің ағайым талай қарындаш жасады, бірақ олардың ешқайсысы тап мұндай өнерлі болған жоқ.



  • Оның қандай өнері бар?
  • Қарындаш – ғаламат суретші. Бірақ Күннің кешегі сөзінен соң қапаланып, сурет салмай қойды.
  • Күн не деп еді? – Ай таңдана сұрады.
  • Күн оның салған суретін ұнатқан-ды, бірақ бояуының жоқ екендігін айтты. Содан бері Қара Қарындаш тіптен көңілсіз. Күн айтқан бояуды қалай табарымызды білмей жүрміз... – деп, Қыз мұңая сөйледі.
  • Соған да қиналып жүрсіңдер ме?
  • Қиналмағанда ше?!
  • Ол тіптен оңай ғой. Мен бір жол таптым. Бұл жайды Күнге айтамын. Сенің кешегі әнің оған өте ұнаған еді, енді сен оған арнап ән салып бер. Әніңді естіп, саған мейірі түсер. Сонда өзінің қоймасындағы барлық бояуларын сендерге беруі мүмкін. Тек әнді келістіріп салғайсың. Көңіліңде еш қаяу қалмасын. Жүрегіңмен беріле айт. Әніңде титтей жалғандық болса, ол саған жылы шырай танытпайды. Осыны ұғып ал, жарай ма? – деді Ай.
  • Жарайды! – деген Кекілді қыздың қуанышы қойнына сыймады.



Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу