Өлеңдер ✍️

  27.02.2022
  113


Автор: Абдрахман Асылбек

Ей, аға

Ей, аға, мен несіне өкпелейін,
Еркің ғой десең-дағы жек көрейін.
Талантты бір інім деп таныған соң,
Өзіңді құрметтедім көпке дейін.
Қалтқысыз бақыладым әр күніңді,
Көріп те жүрдім айқын қарқыныңды.
Қуандым өзім бірге жазысқандай,
Жырларың туа қалса жарқын үнді.
Бақыттың сайран салып бақтарында,
Аяқты алшаң басып аттадың да.
Тұнжырап жүрдің біраз төмен қарап,
Тағыңнан тайып кеткен шақтарыңда.
Қалпымда қала бердім ағалаған,
Жерім жоқ сырт айналып, табалаған.
Болмады құбылмалы қасиетім,
Адамды қызметімен бағалаған.
Бір мезет кермек дәмін татып жырдың,
Ауырып, төсек тартып жатып жүрдің.
Ағажан, алабөтен ақау көңлің
Менің де қабырғама батып жүрді.
Қайтадан қызметің де көтерілді,
Кеудеңе күлше пісіп, от өрілді.
Көбіне дос-жаранның күле қарап,
Білмедім мансап қуып кетеріңді.
Дәріптеп дәрежеңді, мақтамадым,
Содан ба әлде саған жақпағаным?
Түрткілеп, тырнақ асты кір іздедің,
Алдыңда болса да пәк, әппақ арым.
Ағажан, артық сыйлап өтіп едім,
Қападан қарс айрылды көкірегім.
Өзіңнен зәбір-жапа шеккенге емес,
Бір ақын азайғанға өкінемін.
Тірлікте жүр дейсің кім кең көсіліп,
Сүйрейді үнемі алға сөнбес үміт.
Ей, аға, мен несіне өкпелейін,
Ақынды айналдырса пендешілік?




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу