27.02.2022
  155


Автор: Пернебай Дүйсенбин

«ӘЛI КҮТУДЕ»

 


Бiз ауылға жеткенше асықтық. Қатарымызда келе жатқан Хабар өзi шала- шарпы ұғынып, түсiнген жаңалығын асыға айтады.



  • өздерiң көрерсiңдер осыдан. Осы суретi қызық.

  • Анадағы газеттегi суреттен үлкен бе, кiшi ме?–дейдi Файзолла тағат қылмай.

  • Жоқ, үлкен емес. Мұнда тек басын ғана түсiрген.

  • Сонда қалай, қырын ба, жоқ, әлде…

  • Ж-жоқ! Етпетiнен жатыр. Алдыңғы екi аяғының арасына басын салып алыпты. Тiптi көзiн үлкен қылып түсiрген.

  • Айтсайшы ендi. Не дептi? Иесi табылып па?

  • Онысын бiлмеймiн. Әсия бiледi. Маған сендерге тез барып қайт дегенiн ғана бiлемiн.


 



  • Жарайсың, Хабар! Сен болмағанда бiздiң халiмiз не болар едi, ә!–деп Бейсенбек оның арқасынан құшырлана қақты.

  • Ал мен кеттiм. Сендердiң келе жатқандарыңды ерте барып айта берейiн,– дедi де велосипедiмен алға озып шыға бердi.


Ақберген айқай салды:



  • Әй, Хабар, сен бiздiң жалаңаш қалғанымызды ешкiмге айтып қойып жүрме!

  • Жарайды!

  • Иесiн тапса жақсы болар едi-ау,–дедiм мен.

  • Бәрiнен де соны айтсайшы!

  • Менiңше, иесiн тапқан соң газетке басқан,–дедi Ақберген нық сенген үнмен.

  • Тапса, Хабар айтып келер едi ғой.

  • Әсия әдейi айтпаған болар.

  • Қызық екенсiң! Неге айтпайды, сонда жасырғаны ма?

  • Е, жасырса жасырады. Мысалы, құпияның сырын бiрден айта салса, түк қызығы бола ма? Менiң айтқан дәлелiм ұзап бара жатқан даудың алдына тосқауыл болғандай.

  • Шынында да солай,–дедi Бейсенбек жұмсақ қана.


Менiң бойымда қунақ қуаныш құтырына ойнақ салады. Адал мiнездi асыл иттiң иесiмен табысқан кездегi тiл айтып жеткiзгiсiз қуанышын көз алдыма тағы да елестеттiм.


Әсия мен Хабар бiздi аула сыртында күтiп тұр екен. Жақындай бере Әсияның жүзiне барлай қараймын. Бiрақ оның жүзiнде көз қуантар көңiлдiлiк жоқ. Мүмкiн, әдейi iстеп тұрған шығар. Файзолла анадайдан дауыстады.



  • Әсия, немене екеуi табысып па?

  • Жоқ. – Әдекiм төбемнен суық су құйып жiбергендей болды. Барлығымыз көңiлсiзденiп қалдық.

  • Иесi қайда дейдi?

  • Әлi белгiсiз. Тал түбiндегi орындыққа сылқ-сылқ отыра кеттiк. Әсияның қолындағы газетке үңiлдiк. Ит суретi көзiмiзге оттай басылды.

  • Көзi қандай мұңды едi?–деп Бейсенбек жанашыр үнмен мұңая тiл қатты.

  • Шынында да керемет мұңды екен. – Етпеттей жатқан ит суретiнiң қатарына: «Әлi күтуде»,–деп баданадай үлкен әрiптермен айқын жазыпты.

  • Әлi күтiп жүр екен ғой, ә! –Ақберген басын таңдана шайқады.

  • Әлi маңына ешкiмдi жолатпай ма екен?

  • Жоқ, жолатпайды дептi. Барлығымыз Әсияның аузынан шыққан әр сөздi аңдып отырмыз. Ол бiздi таңдандырған үлкен жаңалық айтты.

  • Тiптi бiр кемпiр сонау Украинадағы Донбастан ұшып келiп, сол итке котлет әкелiп берiптi.

  • Қой, бекер болар,–дедi Құрар. Алғашында бұған бәрiмiз сенген жоқпыз.


Әсия бiздiң жүзiмiздегi сенбестiктiң сиқын байқап қалыпты.



  • Е, сенбесеңдер, өздерiң оқыңдар! – дедi де, Әсия газеттi бiзге қарай ысыра салды.

  • Мiне, қызық! өзi тiптi әлгi үйге киетiн тәпiшкесiмен келiптi, ә?!


 



  • Нағыз Қожанасыр кемпiр десейшi онда!–Құрар сенбестiк танытқандай қалыпта басын шайқай берiп:

  • Мүмкiн, Москваға басқа шаруамен келген шығар?–дедi барлығымызға барлай қарап.

  • Пәлi, сенiң өзiң дұрыстап оқысаңшы. Мына жерде Донбастан ұшып келiптi де, торға салып әкелген котлеттерiн берiсiмен қайтадан ұшып кетiптi дептi ғой,–деп мен саусақ ұшымен газеттi оған сыза көрсеттiм. Әлгi бейтаныс кемпiрдiң iсiн оғаш көрген балалар жымың-жымың етiседi. Әсия ұнатпай қалды.

  • Неменеге күлесiңдер? –дедi.

  • Е, күлгiзбейсiң бе?–дедi Ақберген қызарақтап.

  • Сен олай құр күлгенше, мына газеттегiнi жөндеп оқы. Содан соң күл,– дедi Әсия ашулы үнмен.

  • Сонда ана Краснодардан келген агрономға да көнбеген екен ғой, ә,–дедiм мен Әсияға қарап.

  • Ол, ол ма, бiр кiсi редакцияға хат жазыпты. Мұндай тамаша, адал итке ескерткiш соғу керек. Мен өз атымнан сол ескерткiш үшiн елу сом ақша саламын,–дептi.

  • Оњо! Мiне идея,–дедi Файзолла.

  • Ендеше мына қызықты қараңдар!

  • Ол не?

  • Бiр топ оқушы балалар ақша салып жiберiптi.

  • Неменеге?

  • Иттi тамақтандыру үшiн.

  • Қай жақтың балалары?

  • Сiбiр жақтан, Молдавиядан. Құрар жүзiндегi күдiк iзi көмескi тарта бастағандай.

  • Е, ендеше, бiздер неге салмаймыз? Бiз де салайық та,–дедi Бейсенбек елпелек қағып. Оның бұл пiкiрi менiң көкейiме қона кеттi.

  • өте дұрыс! Шынында да салсақ салайық.

  • Қалай саламыз?

  • Почтамен жiберемiз де.

  • Адресiн қалай жазамыз?

  • Сол да қиын болып па. Аэропорттың бастығының атына салсақ болды емес пе.

  • Онда дұрыс. Сонда қаншадан жинаймыз? – дедi Ақберген.

  • Бiр сомнан болса ше? – дедi Құрар.


Файзолла Құрарға қиғаш қарады. Ол қипақтап қалды.



  • Ендi нешеден?

  • Екi сомнан, – деп Бейсенбек кесiп айтты. Мен оның бұл шешiмiне риза болдым.

  • Келiстiк пе?

  • Келiстiк!


 




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу