27.02.2022
  250


Автор: Пернебай Дүйсенбин

АҚЫЛДЫ ИТ ТУРАЛЫ АЙТЫС

 


Бiрде кешкiлiк ауыл сыртындағы жасыл алаңға футболды айызымыз қанғанша ойнадық. Әбден шаршаған соң барлығымыз алаң сыртындағы көгалға жата-жата кетiп, әңгiме айтып отырғанбыз. Осы кезде шеткi көшеден қасына асқан сөмкесi бар атты бала көрiндi. Магазиннен шыққан бетi болу керек. Бiзге таяна бере ол бас изесiп амандасты. Сырт естуiмiзде, бұл баланың үйi Саробадан көшiп келген. Төлепбек атайдың iнiсiнiң баласы көрiнедi. Жаңағы бала сегiзiншi класты биыл бiтiрген екен.


 



  • Әнеукүнгi мылтық ататын батырың осы ғой,–деп сыбыр еттi Файзолла. Балалар қабақ астынан жымыңдаса күлiстi. Алпан қипақтап қалды. Талап деген бала маған қарап:

  • Әлгi сендер айтқан итi қайда? – дедi Файзолла менiң алдымды орап:

  • Е, ол ақымақ ит деп пе ең, кез келген уақытта iлесе беретiн? – дедi.

  • Әрине, iлеспейдi,–дедi Ақберген оның сөзiн қоштап. Алпан қырсықтана сөйледi.

  • Пай! Пай! Немене, ол сонша, әулие ит пе адамға iлеспейтiн?

  • Әрине, iлеспейдi, – дедi Ақберген қызуланып. – Иесi iлес десе iлеседi, iлеспе десе iлеспейдi. Бiздiң ауылдың сабалақ жүн иттерi деп пе едiң?!

  • Хе! – Алпан кекесiнмен мырс еттi. – Айналайын-ау, иттiң бәрi де ит!


Қасқыр итi не, тазысы не? Ол қолын бiр-ақ сiлтедi.



  • Ей, қойшы, көке! Сонда иттiң бәрi бiрдей демекшiсiң бе?

  • Әрине, бәрi бiрдей, – Файзолла да әрең шыдап отыр екен, ол да қолын бiр-ақ сiлтеп:

  • Иттiң жаман-жақсы болуы иесiнен. Бiрақ ит жануарлардың көбiнен ақылды екенiне келiсесiң бе?


Алпан жатқан орынан түрегелiп кеттi.



  • Ақылдыға жарыған екенбiз. Сонда ит ақылды болғанда,–дедi ол мырс етiп, – бiздiң барлығымыз дана болармыз!

  • Айналайын, Алпан, сен кекетпей-ақ қой, иттiң ақылдылығына сенбейсiң бе?! – Алпан iшiн басып, одан әрi жерге аунай күледi.

  • Ой, ақымақтар-ай, иттi ақылды дегендi сендерден естiдiм. Ха-ха-ха! – өтiрiк күледi. – Онда жүрiңдер, бiздiң үйдегi Бөрiбасардан қауынды қалай бiлдiртпей ұрлаудың әдiсiн сұрайық. Ха-ха-ха!


Балалардың барлығы Алпандың жерге ебедейсiз аунаған қылығын қызықтап күлiседi.



  • Сен неменеге мәз боласың? Ит ақылсыз болса адамдар неге итпен мал бағып, күзеткен? Неге итпен аң аулаған? –дедi Ақберген Алпанға қадала сөйлеп.

  • Ой-бой, ендi мына тұстан Ақберген деген дана шықты ғой. Ендi қойдық, қойдық, – деп мүләйiмсiп қолын көтердi. Бiрақ көзiнде мысқыл күлкi құбыла ойнап тұр.

  • Немене, сен шынымен сенбейсiң бе, иттiң ақылдылығына?

  • Е, неге сенейiн. Иттiң аты – ит. Қолыңда берерiң болса, барлық ит құйрығын бұлғап, жағымпазданады. Сонда ол ит сендердi ақылдылығынан жақсы көрiп тұр дейсiңдер ме? Ал, осыған жауап берiңдершi. – Оның жүзiндегi күлкi лып етiп өштi. Көзiн сығырайтып алған.

  • Ал, кәне айтыңдаршы! Кәне, қайсың бар маған қарсы дау айтатын? Кез келген иттi қолыңдағы нанмен алдап, ертiп әкетуге бола ма? Ол өзiне-өзi сұрақ қойды да, өзi жауап бердi. – Әрине, болады.


Алғашында балалар тосылып қалды. Бiр кезде менiң бойымда оянған қарсылық ерiксiз бой көтердi.



  • Жоқ, Алтай, бұл жерде айтып тұрғаныңның бәрi қате.

  • Неге, қате, дәлелде!


 



  • Ендi айтуға мұрсат берсейшi.

  • Ал бердiк. Барлығы менiң аузыма қарады.

  • Сен осы өткен соғыста иттердiң адамға қандай жақсылық жасағанын бiлесiң бе?

  • Қайдам, ондайыңды естiген жоқпын. Ол бойын тiктеу көтерiп алып, маңғаздана отырды.

  • Естiмесең, тыңда! Мысалы көптеген иттердiң немiс танкiлерiне қарсы қолданғанын бiлесiң бе? – Барлығы менiң аузыма ақтарыла қарады.

  • Сонда қалай?

  • Тоқтасайшы ендi, айтсын да. Файзолла Алпанға жеки сөйледi.

  • Ол былай. Мен сенiмдi үнмен ел назарын өзiме аударып алғаныма масаттанып қалдым. Ертеде бiр кiтаптан оқыған әңгiмемнiң қызықты оқиғасы осы сәтте ойыма оралған едi.

  • Yйретiлген иттердiң белiне бiрнеше граната байлайды. Содан соң келе жатқан немiс танкiлерiне қарсы жiбередi. –Қызық екен, ә! – Бейсенбек аузын ашып қалыпты. Көз қиығымды Алпанға салдым. өтiрiгiңе береке берсiн дегендей сыңайда.

  • Немiстер оларды танкке бара жатқанда атып тастамай ма?

  • Е, ол ақымақ деп пе ең адам құсап тоңқаңдап жүргенде тырапай асатын.


Ол жермен-жексен болып таса-тасамен көрiнбей жылжиды ғой.



  • Нағыз айлакер десейшi!

  • Әрине, айлакер. Содан танкiнiң астына бiр-ақ атылады екен.

  • Сонда қалай тiрi қалады? Бейсенбек маған аңтарыла қарады. Балалардың кейбiрiнiң көзiне үрей ұялаған.

  • Қызық екенсiң! Қалай тiрi қалады. Әрине, өледi. Бiрақ есесiне бiр танк о дүниеге аттанбай ма?

  • Обал-ай, ә!

  • Несi обал! Бiр танк ондаған-жүздеген адамды өлтiре алады. Ал бiр иттiң пайдасы қаншама сонда. Есептеп көр! – деп Файзолла кесiмiн бiр-ақ айтты. Балалар Алпан ендi не дер екен дегендей оның жүзiн барлап отыр. Бiр кезде ол даусын кенеп алды да, екi иығын қомдады.

  • Ал, жолдастар, мына Ерланның әңгiмесiн тыңдап болдыңдар ма?

  • Иә, тыңдадық, – дедi қосыла шу етiп.

  • Осыған сендiңдер ме?

  • Сендiк.

  • Мен бiлсем, мұның айтқанының барлығы – қып-қызыл өтiрiк.

  • Неге?

  • Сол. Бар айтқаны қиялдан туған құр ертегi.

  • Ендеше дәлелде.


–Дәлелдеймiн. Алдымен осы айтқандарын Ерланның өзi дәлелдесiн.



  • Неге дәлелдемеймiн.   Қазiр   үйге   барамыз.   Содан   соң    мен   өз айтқандарымды кiтаптың iшiнен тауып беремiн, – дедiм.

  • Қойсайшы, бала, ұялып қаларсың. Ал бiлгiш болсаң айтшы, кiтаптың аты не? Мен күмiлжiп қалдым.

  • Аты есiмде жоқ. Бiрақ кiтапта ақиқат бар.


 



  • Әне, бұл сөйтiп бұлтақтайды, – дедi Алпан менi мазақ қылғандай саусақ ұшын шошайтып.

  • Ей, Алпан, қойшы сен де өзеурей бермей, – дедi Ақберген.

  • Есiме ендi түстi, Ерлан мұны бiзге бiр ретте айтқан.

  • Оњо, мынауың шықты ғой, суырылып, – деп ол Ақбергенге көзiн сығырайта қарады.

  • Әлгi шекарадағы иттер туралы көрген киномыз ше? Әне, ақылды деп соларды айту керек, – дедi Файзолла.

  • Иә, иә, дұрыс айтасың. Нағыз керемет иттер солар. өздерi қандай иiсшiл!



  • дедi балалар жарыса сөйлеп.

    • Онда тұрған не бар? Иттiң бәрi иiсшiл келедi. Бiрақ ол ақылдылық емес қой.

    • Неге ақылдылық емес. Жау адамды дос адамнан ажырату ақылдылық емес пе. Шет жақта бағанадан берi бiздiң қимылымызды бағып отырған өткiр көк көздi Талап деген бала сөзге араласты.

    • Былтырғы телевизордан көрсеткен «Төрт танкист және ит туралы» кино ше?

    • Пәлi! Сол кино тарс есiмiзден шығып кетiптi ғой. Алпан осы кезде қызарақтап қалды. өзiнiң ызасын да жасыра алмай отыр. Талапқа сықсия қарап:

    • Әй, жаман неме, саған не жоқ, бiр бүйiрден сыңсып,–дедi.

    • Сонда ол саған көргенiн айтқаны үшiн жазықты ма? –деп мен де Алпанға түсiмдi суыта қарадым.




Сыртымыздан сықылықтап күлген дыбыс естiлдi. Бәрiмiз жалт қарадық. Анадай жерде бiзбен алтыншы класта оқитын Гүлнәз бен Әсия тұр екен. Ылғи да  ашық-жарқын сөйлейтiн Әсия:



  • Шiркiн, даукестерiм-ай, дауларының түрiн қара! өздерiң дауласа-дауласа өңештерiң қызарып кетiптi-ау, – деп сықылықтай күледi.

  • Е, қызармай, мына Алпандың бiр өзi-ақ шаршатып бiттi.

  • Немене, сонда Алпан иттiң ақылды болатынына сенбей ме?

  • Қайдағы сену! Ешкiмге өзеуреп бой берер емес, – дедi Ақберген. Алпан шынтақтап жата кеттi. Мықсылмен мырс еттi де:

  • Ал ендеше, мыналар да маған аз болып отыр едi. Мына шөпжелкелер қайдан шықты майысып? Шыдай алмадым.

  • Мәссаған, шөпжелке! – деп аузынан қалай қойып жiбергенiмдi бiлмеймiн. Екеумiз де атып-атып тұрысып, жағадан алыса кеттiк. Екi-үш рет жұдырық та сiлтенiп кеттi. Балалар ажыратқанға көнбей, бiраз жұлқыласып алдық. Алпан сыбап, балағаттап жүр.

  • Қыздардың көзiнше боқтама деймiн!

  • өлтiресiң бе, ал! Боқтамақ түгiл боқтаймын! – деп аузынан ақ ит кiрiп, қара ит шығады.

  • өй, ақымақ, ұялсаң неттi? Әсия мен Гүлназ бетiн басып тұрып қалған екен.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу