27.02.2022
  289


Автор: Пернебай Дүйсенбин

ОРАЗДЫҢ ӘКЕСI

 


(ӘДIЛДIҢ ӘҢГIМЕСI)


Клуб жаққа қарай беттеп келе жатқан үшеумiздiң әңгiмемiз – Ораздың емтихан үстiндегi қылығы.


– Жан қысылған деген қиын екен ғой, ә?


– Әрине.


– Сен байқадың ба, өзiнiң танауы тершiп кетiптi.


– Ендi қайтсiн!


– Көшiрiп үлгердi-ау деймiн сабазың.


– Е, үлгермегенде ше.


Осы кезде көше қайрылысынан бiз бұрын көрмеген бiр сап-сары машина шыға келдi. Бүйiрiнде «Сүт» деген жазу бар. Қасымыздан зулап шықты. Шоферы бiзге қолын көтерiп, күлiп барады. Тани кеттiк – Ораздың әкесi.


Машина анадай жерге барып, кiлт тоқтады. Кабинадан жаңағы кiсi түсiп келе жатты. Бiз де машинаның қасына жүгiрiп бардық. Әлкен ағай бiзге күле қарап бұрылды. Сәлем бердiк.


Ол – күжiлдеп сөйлейтiн, толықша, сары кiсi. Май сiңген күректей алақанымен арқамыздан қағып-қағып қойды.


 


– Әлгi бiздiң генерал қайда?


Бұл кiсi ұлдарды ылғи еркелете сөйлейтiн. Және де әр баланың атына қоса жоғары шендi әскери атақты қосып сөйлеуi – ежелгi дағдысы. Оразбен бiрге оқитын жақын жолдастарының барлығына дерлiк ол капитан шенiнен бастап генералға дейiнгi атақты үлестiрiп шыққан. Мысалы, мен подполковникпiн. Болаттың шенi сәл төмендеу. Майор. Ал өмiр болса генералға бiр саты жақын. Ол – полковник.


Бәрiмiзден атағы үлкен өз баласы – Ораз.


Ол менен бiраз аласа, бiрақ өте толық. Ал генерал дегендер биiк, сұңғақ болады емес пе. Шындығында солай ғой. Оны кинолардан да байқап жүрмiз. Бiрақ бiздiң ешқайсымыз да осы уақытқа дейiн нағыз генералды бетпе-бет кездестiрген емеспiз.


Ораз былтыр қалаға барғанда генералды көрдiм деп келген. Олардың басындағы киiмдерi қып-қызыл екен, екi жақ кеудесiнiң бәрi сықаған ордендер мен медальдар екен, алтын қылышы бар екен, онысы жарқылдағанда көз қаратпайды екен, барлық генералдардың мұрты болады екен… Бiрақ ересек балалар сол сәтте оның өтiрiгiн шығарып, аузын аштырмай қойған. Әсiресе мектептiң үздiк оқушысы Айдос деген бала


«Қазақ Совет Энциклопедиясынан» генералдардың қандай киiм киетiнiн дәлелдеп көрсеттi. Керек болса, олардың шалбарындағы қос қызыл жолақтың


«лампас» деп аталатынын бiзге алғаш жеткiзген де сол. Ораз онымен дауласа алмай, құр қызарақтап, ұялып-ақ қалды.


Мiне, мынау алдымызда тұрған – сол Ораздың әкесi. Мен оның емтиханда отырғанын айттым.


– Ал сендер ше?


– Бiз емтиханнан босатылғанбыз.


– Оњо! Ол таңданды. – Сонда қалай?


– Төрт пен беске оқығандар емтихан тапсырмайды.


– Ал бiздiң генерал ше? Оған не болған?


өмiр мен Болат маған қарады. Мен басымды сипадым. Орадың әкесi бiздiң қипақтап тұрғанымызды сезе қойып:


– Сонда ол ақымақ сабақты оңдыртпаған екен ғой, ә? – деп бiзге сұраулы пiшiнмен қарады. Бiз үндей қойған жоқпыз, төмен қарап тұрып қалдық.


– Қап, ол антұрғанның генерал болуға жарамайын дегенi ме, ей. Басын шайқап қойды. Кәдiмгiдей қиналып отырған тәрiздi. – Yмiттi ақтамағаны ғой мына баланың?! Қап! Мен оны мына жаңа машинамен қыдыртам ғой деп жүрсем… Не iстейiн-ей, мынаған? Мiнгiзсем бе екен, әлде мiнгiзбесем бе екен? Тап бiр ақыл сұрағандай бiзге ойлана қарады.


– Ойбай, ағай, мiнгiзiңiз, мiнгiзiңiз! Келер жылы жақсы оқиды ғой, – дедi Болат. өмiр де:


– Мiнсiн, ағай, – дедi.


– Жарайды онда, сендердiң сөздерiңдi тастамайын. Қап, антұрған-ай, ә! – Ораздың орташа оқығанына, оның бiзден қалып, емтихан тапсырып жатқанына қапаланған халде желкесiн қасып бiраз тұрып қалды.


өмiр кенеттен:


 


– Ағай, қазiр қайда барасыз? – дедi.


– Малды ауылға. – Әлкен ағайдың өзiн мазалаған ойдан әлi айыға алмай тұрғанын жүзiнен аңғаруға болғандай. – Ал, балалар, жарайды, құттыханамнан шай-пай iшiп шығайын. Үйге жүрмейсiңдер ме?


– Жоқ, рахмет, ағай.


– Ал онда жақсы, – деп ол кете барды. – Қап, мына генералдың менi ұятқа қалдырғанын-ай, ә!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу