27.02.2022
  200


Автор: Пернебай Дүйсенбин

ҚАЙРАН ДА БIЗДIҢ БАЛАЛЫҚ…

…Кенет құлағыма апамның жанұшыра дауыстап:



  • Кет-ай, кет, Құттөбет кет! – деген үрейлi үнi жеттi. Көзiмдi ашар- ашпастан көрпемдi серпiп тастап, сыртқа атыла шықтым.

  • Ойбүй, ана баланы құртатын болды-ау! – деп апам жүгiре басып, ұмтыла бердi.


Шабалана барған сары төбет әй-шайға қараған жоқ, кесiк құлақ көк есектi шаужайдан алып-ақ қалғаны. Денесiне тiс тиген есек шалшық сулы жылға үстiнен өте бере қара батпақты көкке атып, тоңқи жөнелдi. Сол сәтте үстiнде отырған Сағындық әуеге аз көтерiлiп барып, шалшық суға басымен шаншыла құлады.



  • Алла ғана, сорлатқан сорлы құдай-ай, өлдi деген осы-ау, ә! – деп жүгiрiп бара жатқан апам етпетiнен түстi.


О, сұмдық! өз көзiме сенерiмдi, сенбесiмдi бiлмедiм. Сағындық екi аяғы ауа қармаған қалпы басымен қорыс батпаққа шаншылып тұрып қалды. Әлден саң ауа қармаған аяғы аз-кем қозғалақтап тұрды да, жанына қарай жайлап құлай бердi.


Мереке әпкем тобылғы таяқпен қызыл иттi тырқыратып қуа жөнелдi.


Буынын ендi-ендi жиған апам орнынан әрең тұрып үлгiрген.


Құлаған жерiнен ауыр қозғалып, үстiнен суы сорғалап тұрып келе жатқан Сағындықтың басы, көзi, мойыны қара батпақтан көрiнбейдi. Сорғалаған сүлiк қара тамшылар өн бойынан саулап тұр. Алғашында құмыға шыққан жылаулы үнi бiртiн-бiртiн зорайып, таңғы ауаны жаңғырықтырып естiле бастады.


Апам үрей толы үнмен айқайлап жiбердi де:



  • өйбүй, ендi қайттiм? Сорлатқан сорлы баланың тiлi кесiлiп қалыпты, – дедi.


Сағындықтың аузында қап-қара балшыққа шыланған әлдене сыртқа қарай салбырап тұр. өз көзiме өзiм сенбедiм.



  • Әй, жаным тiлiң сау ма? Көзi ұясынан шығып кеткен апам Сағындықтың аузында салбырап тұрған қараны сипалап қармап тұрды да, жұлып алды. Менiң тұла денем дiр еттi де, көзiмдi жұмып ала қойдым. Қып-қызыл болып қаны тамшылап, ортасынан шорт бөлiнген шолақ тiлдi көргiм келмедi.

  • Жаным-ау, мына салбырап тұрған тiл екен десем, сағыз екен ғой!


Мен көзiмдi қорқа аштым. Қара батпаққа малшынған аузының iшiнен қызараң қағып, сүйiрленген тiлi көрiндi. Уњ, әйтеуiр аман екен.


Мереке көгал үстiне шексiлесi қата күлiп, отырып қалыпты.



  • Әй, Сағындық-ай, зәремiздi зәр түбiне кетiрдiң ғой! Тiлi екен десек, салбырап тұрған сағыз екен ғой.


Сағындықтың жылаған үнi бәсең тарта бастады. Арғы жақтан Сағындықтың шешесi де азанғы азан-қазан шудан секем алып, берi қарай жүгiрiп келедi екен. Баласының түрiн көрiп:


 



  • Құрыған ғана, қу шешек-ау, құлқын сәрiден бұл ауылда нең бар. Тiптi, азанғы шайыңды да iшкен жоқсың ғой. өзiңе де құп сауап! – деп кейiп жатыр. Бiр түрлi кексiз, жеңiл кiнәмен ғана айтты. Апасы Сағындықты жерден алып, жерге салар деп секемденiп едiм, өтпедi.

  • Бар, үйге бар, ана жейдең мен ыстаныңды ауыстыр, – деп жеңiл жекiдi де, апаммен болған жай төңiрегiнде күлiсе әңгiмелесiп кеттi.


Бiраздан соң бiздiң үйге Сарыбай келдi. Қашанғы әдетiмен дабырлай, айқайлай келдi.



  • Құнан ба екен, тай ма екен? Пернеш бiздiң қайда екен?


Кереге көзiнен көрiп жатырмын, бозша талдың шыбығын ат қылып мiнiп, құтырына әндетiп келедi. Yйдiң iргесiне кiлт тоқтады.



  • Дыр-р-р! Ат басын iрiккендей қалып танытып, жiңiшке даусымен құлынша кiсiнеп жiбердi. Осыдан соң күлмей көр, осыдан соң сыртқа шықпай көр.


Апам мен Мереке, Ыршым апай үшеуi сылқ-сылқ күлiседi.



  • Мен мұндамын! – дедiм мен есiк тұсқа беттей берiп.

  • Ей, бала, астымдағы атым асау. Басын ала қашып, бой бермей тұр. Дереу жүрмесең, күтiп тұрар жайым жоқ.


Сарыбай шыбық-атының басына ие бола алмағандай күй танытып, қос аяқтап, көкке секiрiп-секiрiп қояды.



  • Кешегi уәде қайда? Зейнетке барамыз дегенiмiз қайда? – дедi екпiндей.

  • Бар кiнә Сағындықта. Кiшкене жылғадан өте алмай, көк есектен тырапай асты.

  • Ол қасқа қайда?

  • Үйiне кеттi.

  • Неменеге?

  • Киiмiн ауыстыруға.

  • Ендеше не тұрыс бар? Ал кеттiк, – деп жеделдете жөнелдi.

  • Әй, әй, мына жалпақ бастың дiгерлеуiн, түге. Кел-әй, мұнда, ең болмаса айран iшiп кетiңдер, – деп, апам оны үйге шақырды.

  • Е, онда iшсек iшейiк, – деп мардымси сөйлеген Сарыбай көк шыбығының бас жiбiн киiз үйдiң бел арқанына байлады.


Сарыбай екеумiз айран iшiп, нан жеп, сылқия тойып алған соң, салып ұрып Сағындықтың үйiне тарттық. Ол да киiмiн ауыстырып, бiздi күтiп дайын отыр екен. Алдымыздан қарсы шықты. Көз алдыма оның аяғы аспаннан келiп, қорысқа басымен шаншыла құлаған қалпы елестеп, мырс етiп күлiп жiбердiм.



  • Неге күлесiң? – деп, ол да қуыстанғандай жедел тiл қатты.

  • Күлкiмiз келген соң күлемiз де, – деп, Сарыбайдың башайын басып қойдым.

  • Күлкiң келiп тұрған шығар қатты-ақ! – деп Сарыбайға қарап жымың еттi де:

  • Пернеш десе, мына сайда ескi ат соқаның дөңгелектерi жатыр, соны айдап барайық диiрменге, – дедi.


 



  • Қалай айдаймыз? – дедiм мен таңданып.

  • Дөңгелектi қалай айдаймыз деген де сөз бола ма екен, кәдiмгiдей айдаймыз. Сарыбай десе, мынауың Байжансайда екi жыл оқимын деп есi ауып қалыпты. Байқадың ба? – дедi көзiн сығырайтып.

  • Әй, осы айтқаның рас болса, рас шығар. өзi үйге тығыла беретiн болыпты, – дедi Сарыбай оны қостап.


Бiз ойға түсiп, ескi ат соқалардың үш дөңгелегiн таңдап алдық. Сол маңдағы қорада сыртын тот басқан шелекте қара май бар екен. Сонымен дөңгелектiң ұңғысын жақсылап майладық. Сағындық үш ағаш қазық тауып әкелдi. Қолында шомыт киiзi бар.



  • Мiне, ендi жолға дайынбыз, – деп, бiр дөңгелектi алды да, ұңғысына ағаш өткiздi. Содан соң тұтқышқа ұқсас киiзбен ағашты қаусыра ұстап:

  • Ал кеттiк! – деп дөңгелектi тоңқаңдай итерiп, зырлата жөнелдi.

  • Кетсек кеттiк! – деп, Сарыбай да ат басын қоя бердi. Аз-кем кiдiрiстеп тұрып қалған мен де дөңгелектi зырқыратып айдай жөнелдiм.


Зырлап келемiз. Зырлап келемiн. Табандағы жол сағымданып, зырлаған дөңгелек астында жазылып қалып барады. Анда-санда бас көтерiп, алдыңғы жағыма зер салып қоямын. Екеуiнiң шаң арасынан ағараң-ағараң еткен табандарының сұлбасын көзiм шалып қалады. Олардың дөңгелек айдауға недәуiр машықтанып алғандығын байқадым. Уақыт озған сайын олардың қарасы менен алшақтап бара жатты. Сарыбайдың машина үнiне салып гүрiлдеген даусы құлағыма үздiк-создық естiлдi.


Диiрменге ең соңынан жеткен мен. Зейнет те менi шыдамсыздана күтiп, маған қарай беттеп келедi екен. Дөңгелектi тастай берiп, онымен құшақтаса кеттiм. Зейнеттен екi жас үлкен Бейбiткүл деген әпкесi бiздi қуана қарсы алды. Арғы жақта, тал көлеңкесiндегi киiз үстiнде қос жастықты қолтыққа басып, Ерден ағай жатыр. Ол кiсiге жүгiрiп барып, сәлем бердiм.



  • Кеп қалдық деңдер! Дұрыс-ақ! Төрлетiңдер, – деп, бiздi қошуақ көңiлмен қарсы алды. Ерден ағай маған еңсерiле бұрылды.

  • Әй, Пернеш, қалай шахтаға түсiп көрдiң бе?

  • Көрдiм.

  • Қорыққан жоқсың ба?

  • Жоқ, ағам бiр-екi рет алып кiрдi ғой.

  • Жарайсың, жарайсың! – дедi Ерден ағай жирендеу сирек мұртының шалғысын ширата түсiп. – Әй, Алтынай, мына батырларға шай қой, тамақ iсте, – деп дауыстады.


Ерден ағайдың жүзiнде жылы күлкi ойнады.



  • Шәрлi жер ғой, сен ендi аздап орысша үйренген шығарсың, – дедi маған.

  • Аздап, – дедiм мен сәл-пәл қысылаңқыраған күйде.

  • Онда жарадың, Пернежан, – деп арқамнан қақты. Мен қасымдағыларға масаттанғандай ажармен көз салып өттiм. Ерден ағайға назар салсам, оның жүзiнен әлдебiр қуақылық нышаны қылаң бергендей көрiндi.


Iшiм қылп ете қалды.



  • Сен айтшы, осы шаңырақ дегеннiң орысшасы не, бiлесiң бе? – дедi. Мен үндей алмай қалдым. Ол кiсi аз-кем кiдiрiстеп отырды да:


 



  • Ал кереге дегеннiң орысшасы не? – Мен тағы үндей алмадым. Қасымда отырғандардың жүздерiнде күлкi қылаң бере бастады. Iшiмнен өзiмдi өзiм кiнәлап жатырмын. Неменеге ғана орысша бiлемiн дедiм екен? Қап, қап!.. Әсiресе, Сарыбай қу… Ойлағанымша болған жоқ:

  • өй, бөспем-ай, – деп, тақыр бастан бiр тоқетердi салды да жiбердi. Сағындық Ерден ағайға емiнiп:

  • Аға, аға, өзiңiз айтыңызшы, өзiмiз үйренiп алайық, – дедi.

  • Пәлi, сол да сөз бе? Оның орысшасын мен бiлмейдi деп кiм айтты сендерге?

  • Сонда қалай?

  • Сондай бұлай. Соны мен бiлмейдi деп сынағалы отырсыңдар-ау, ә, қулар!



  • деп, сөз аяғын қалжыңға бұрмалады.

    • Жо-жоқ, Сынамаймыз, – деп сағындық шыр-пыр болды.

    • Ендеше, ылғи қауық бастарым, ұғып алыңдар…

    • Ал айтыңызшы ендi.




– Шаңырақ дегенiмiз – шандрушқа, кереге дегенiмiз – кендрушка, – дедi Ерден ағай бiзге кiрпiк қақпай қарап.


Төртеумiз бар дауысымызбен қарқылдап тұрып күлiп жатырмыз. Сарыбай:



  • Шандрушка, кендрушка, – деп iшiн басып, жерге аунап жатыр.

  • Әй, әй, қауақ бастар, неменеге күлесiңдер-ай?! Менi өтiрiк айтты деп отырсыңдар-ау, антұрғандар, – деп өзi селкiлдей күлдi.


Бағана әзiрге там үйге кiрiп кеткен Бейбiткүл үйден шықты. Қолында – он екi тiлдi қазақы сырнай. Әлi күлкiден арыла алмай жатқан бiздiң қатарымызға жымия күлiп келiп отырды. Сәл-пәл таңданысын жасыра алмаған күйi әкесiне көз салды.



  • Жай әншейiн мыналарды орысша үйретiп жатырмын, – деп әкесi жымыңдап қойды. Осы бiр көңiлдi, қолайлы кезеңдi пайдаланған Бейбiткүл:

  • Көке, көке, сырнайға қосылып, ән айтпағаныңызға көп болды ғой, тегi әбден сағынып кеттiк. Мына Пернештер де тыңдасын, – деп, маған қарап, қуақылына көз қысып қойды…


1993 жыл.


 




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу