27.02.2022
  141


Автор: Пернебай Дүйсенбин

ШУАҚ

Әй, Арыстан, Арыстан!


Бiрақ ферма меңгерушiсi мұның дауыстағанын естiген жоқ. Қаудырлақ бүктеулi шекпенiн қолтығына қысқан Алғабай асығыс ұмтылды. Сол бетiнде жатаған арықтың жиегiне аяғын сала берген. Қас қылғандай пимаға кептелген көне галоштың бүрсiз табаны суси сырғанап кеттi. Ауа қармаған қолы ербең еткен ол арық табанына ұзыннан сұлап түстi. Шекпенi бiр жаққа домалады.


«Ей, сорлы-ай, сенiң де бiр асықпай жүрер күнiң болар ма?» – деп өзiне-өзi кейiп сөйлеген Алғабай жандәрмен қылып, таптаурын қарға қолын тiрей түрегеле берген. «Ешкiм көрмесе игi едi» деп ойлағанша болған жоқ анадай жерде қарап тұрған екi кiшкене баланы көрдi. Олар мәз бола, сықылықтай күлiп қалыпты.



  • Ау, кiмнiң баласысыңдар? – дедi. Жөпелдемде аузына түскенi де осы едi.

  • Тiлектiң.

  • Қай Тiлектiң?! Бала Тiлектiң бе, алде қара Тiлектiң бе?

  • Бала Тiлектiң.

  • Әп, бәсе-ау,  танауларың   делдиiп,   айтпай-ақ   танытып   тұрсыңдар.


Аттарыңды айта қойыңдаршы, кәне?



  • Марқаш!

  • Арқаш!

  • Әп, бәрекелдi! Ал, сендер бiздiң Ержанды бiлесiңдер ме?

  • Қайсысы, Алғабаев па? Менiмен бiрге оқиды, – дедi Марқаш.

  • Ол антұрған қалай өзi? Оқуы жақсы ма?

  • Жақсы, ата, жақсы.

  • Жақсы оқымаса тап қазiр барып, жонынан таспа тiлейiн, - деп қулана күлiмсiредi. Олар сыңғырлай күлiп:

  • Сонда сiз Ержанның әкесiсiз бе? – дедi Марқаш.

  • Жоқ, әкесi емес, көкесiмiн. Екеуi қосыла сықылықтай күлдi.


Бұл келгенде Арыстан кеңсенiң ауызғы бөлмесiнде ферма зоотехнигi Айтқұлмен әңгiмелесiп тұр екен.



  • Әй, Арыстан, амансың ба? Ойпырмай, сынаптай сусып, қолға бiр түсетiн күнiң болар ма екен сенiң? Ол селкiлдей күлiп:

  • Оу, Алеке, кiре жағадан алмай, алдымен аман-есендiк айтысайық.


Әйтеуiр дауылдату-ау сiздiкi. Шаруа жайы сонан соң, – деп қолын ұсынды.



  • Сөз болғаныңа! Дауылдатпай ендi нетейiн?! Сонау қияндағы Жалдан саған сәлемдескелi келдi деп пе ең. Қолын сұлық ұсына салды.

  • Әй, Арыстан, былтыр ғой мына сенiң тап өзiңе құдайдың қаншама зарын қылдым. Анау Мұқанның баласын маған жiберме деп.

  • Е, не болды сонша?! Арыстан тiксiне үн қатты.

  • Оу, жаным-ау, сонда-ақ айтпап па едiм. Ол бұйра басың тракторды оңдыртпағанда қой бағып оңдырта ма деп.


 



  • Немене, баққысы келмей жүр ме?

  • Айналайындар-ау, қайдан бағады. Барлық есiл-дертi ауыл болып тұрса.


Жазығым «той, той» деп емешесi ылғи да үзiлiп тұратынын айтқаным ба.



  • Е, ендi анда-санда болған тойға кеңшiлiк еткнiңiз жөн ғой.

  • Қайдағы анда-санда. Осы күнi ауылда апта құр ма. Оның бiр күн емес, бiрнеше күннен құрып жүрсе, шарам қайсы? Осы келгенде әйелiмдi әрең көндiрiп, қасына Байдiлданың көмекшiсiн қосып, босап шыққаным осы. Yйде жас бала да бар. Ойнап жүрiп, отқа түсiп кетсе не бетiмiздi айтамыз? Әлгi қуың, мiне, апта болды, ұшты-күйлi жоқ. Тiптi үйi де бiлмейдi. Әнеукүнi Байқадам жақтан жылтыңдап бiр-екi қу киiк аулай соғып едi. Бiзге «әу» деп айтпастан, соларға iлесiп тайып тұрыпты. Ал, айналайындар, менiң төзiмiмнiң шегi осы ендi. Алдыңнан өттiм. Тап қазiр директорыңа тiке барамын да, барлығын ақтарып саламын. Сендердiң көңiлдерiңе қарап-қарап, жауырларыңды жаба тоқып келген жерiм осы ендi.


Алғабай салған бетте қатты кеттi. Арыстан араша тiлегендей:



  • Оу, Алеке, Алеке! өзiмiз-ақ шешетiн мәселе ғой. Тiптi ұзын елдiң үйiрiне, қысқа елдiң қиырына жариялайтындай дәнеңе болған жоқ қой. Қайда кеттi дейсiң? Жүрген де бiр жерде. Барар ендi. Осыдан қолыма түссе, өзiм-ақ ит терiсiн басына қаптап жiберейiн. Қойыңыз, қажетi қанша шулатып.


Алғабай қайнап кеттi.



  • Жоқ, сен оны маған не үшiн жiбердiң? Жалпақ елдiң тойын түгендетуге жiберiп пе едiң, әлде совхоздың қойын түгендетуге жiберiп пе едiң?

  • Ойпыр-ай, Ақаңның мына бiр сөзiн блокнотқа жазып қоятын екен, - деп күле барып, Алғабайдың арқасынан қақты.

  • Иә, сенiң бар асылың жазып қоюға шыққан қой. Шәниiп тұрысын. Ал, жаза ғой, тағы не айтайын? Қағазыңды қалтаңнаң неғып алмай тұрсың?

  • Ойбай, қойдық, қойдық! өзiңiз тегi жеңгемiзден мұқылаш жеп шыққаннан саумысыз? – деп мол денесiн ауыр қозғай, Алғабайды еркелеген бiр мiнезбен қапсыра құшақтап алып, лекiте күлiп жүр. Ол Айтқұлдың құшағына босанғысы келiп, әлсiз бұлқынды.

  • Сылдырлатып уәде бергенде, осы ауыздарың ауыздарыңа жұқпайды. Сенiң әнеукүнгi уәдең қайда, малға тұз салатын, жем салатын астау жiберткiзем дегенiң. Мен соны саған қадап айтып едiм ғой, - деп Айтқұлға шаншылды.

  • Әне, әне… Тақалып кетсең, дауды ағытып қоя бередi.

  • Е, неге ағытпаймын?! Анау қаптаған қалың қойыңа атамзаманнан қалған жалғыз-жарым астауың жете ме? Әлде тұз бен жемдi етегiммен бер дейсiңдер ме?

  • Беремiз, Алеке-ау! Ойпыр-ой, сонша дауылдатып. Осы бүгiн жiберткiзейiк. Дайын тұр.

  • «Жiберткiзейiк, жiберткiзейiк». Осы құйрығы жоқ, жалы жоқ қысыр сөздердi қайдан ғана тауып алатындарыңа таңмын. «Жiбердiк» деген тоқетер сөздерiң қайда осы?

  • Пай, пай! Әне, бiрнәрсе айтсаң, аузыңды аштырмайды. Айтыңызшы өзiңiз, қашан қайтасыз? – деп, Арыстан Айтқұлдың алдын орап кеттi.


 



  • Е, сенiң кеңсендi қоруға келдi деп пе ең. Осы бүгiн қайтам. Бiрақ айтарым сол – анау бұйра басыңды бүгiннен бастап менен әкет. Басқа бiр жөндем жан жiбер. Әр нәрсенiң шегi бар.

  • Ой, Алеке-ау, табан асты адамды қайдан тап дейсiз!

  • Онда шаруам жоқ. Әу баста-ақ айтқанмын. Болды ендi.

  • Тәрбиелеу керек қой. Әрi ауыл баласы. Жыл болмай жатып өңменге тепкен жөн бе?

  • Айналайын, Арыстан, сен ауыл баласы деп алдымды орама. Азар болса сенiң туысқаның шығар. Маған да бөтен емес. Бiрақ бәрiмiздiң илейтiнiмiз бiр терiнiң пұшпағы ма? Айтшы өзiң, солай ма?

  • Солайы солай ғой, бiрақ…

  • Жоқ, «бiрақ» деп бұлтақтама. Сол терiнi өле илескен жақсы ма, жоқ бөле илескен жақсы ма? Болды, доғар сөзiңдi. Тыңдамаймын. Адал болса ауыл баласы, ағайын баласы, ал арам болса… Жөн сiлтеп, ақыл айтсам: «Жетер, ағасы. Ақылдан құлағым сарсып бiткен. Мынау қауашақтай басымда мектептегi ағайлар мен апайлар құйған, папам мен мамам құйған алты тонна ақыл ұялап жатыр. Бұдан көп болған соң, бас жарылады», – деп терiс айналады. Сөзiнiң сиқы мынау болғанда, iсiнiң сиқы қандай болмақ. Не, маған саба дейсiң бе? Кәпiрiңнiң түсi қандай суық. Және қабақ астынан қарағанда, тура кiсi алатын бурадан бiр аусайшы.

  • Ойпыр-ой, соғыста шайлықпаған жүрегiңiз сол жас баладан шайлыққаны ма, Алеке, – дедi Айтқұл күлген болып.

  • өй, шiкiн-ай, осыны тауып айттым деп тұрсың, а. Ал, жарайды, оның маған аларып қарағанын көтерейiн-ақ. Бiрақ анау тiпсiз малға аларып қарағаны ғой жанға бататыны. Әй, өзiң ойлашы, кәне! Көшеден басқа көргенi жоқ қуаяқ не бiтiрмек?! Айтшы, кәне, құдайшылығыңды.


Алғабай Айтқұл мен Арыстанға қадала сөйледi. Ферма меңгерушiсi басын қорғалап кеткендей халде.



  • Пай-пай, Алеке-ой! Соны тап бiр мен қолдан жiбергендей. Әлгi комсомолдар емес пе қолына құлаштай жолдама берiп жiберген.

  • Е, жiберсiн. Оған кiм қарсы? Жiберсе, жөндiсiн жiберсiн. Су жаңа тракторды бiр емес, бiрнеше аударғанын солар бiлмедi ме? Бiлдi. Он бес күндiкке бiр сан емес, бiрнеше сан түнеп шыққанын бiлдi ме? Бiлдi. Ендi неге маған сiлтей саласыңдар? Анау Байдiлданың көмекшiсiн қарашы. Алтын бала! Елде жүрдi, абыройлы болды. Әскерге барды, абыройлы болды. Байдiлданың екi езуi құлағында. Қолымды жылы суға малдым дейдi. Мен немене, тоқалдан туып па ем сонша! Ана ағайдың баласының әскерге кеткенi, әйтпесе сендерге жалынып нем бар?

  • Е, сүйдесеңiз едi. өзiңiз де бiлесiз. Қазiр жастар жағы қиын емес пе. Қит етсең: «Малыңды ал, екi қолға бiр күрек», – деп жұлынып шыға келедi. Мынау Жаңатас қаласына соларыңның көбi осы күнi ауа көшiп жатқан жоқ пе. Iнiңiздiң несiн айтасыз, мың болғыр бала ғой ол. Майлығы да, сулығы да бiрдей. Айтпақшы әнеукүнi аудандық газетке шыққанды оқыған шығарсыз. өзiн командирi де келiстiрiп жазыпты.


 


Алғабайдың бiр дауылдатса көпке дейiн басыла қоймайтынын бiлетiн Арыстан осы тұста жол тауып кеттi. Орайы келiп тұрған әңгiме арнасын әдейi бұра салды. Аға шопанның осал тұсы да осы бiр әңгiме төңiрегi. Iнiсiн еске алса, елжiреп қоя бередi.



  • Е, оқымай екi көзiмiз әз болып па. Yйдiң төрiне әйнектеп тұрып iлдiрiп қойдым керек қылсаң.

  • Әп, бәрекелдi! Айтқұл Алғабайдың екi иығын қыса ұстап, ойнай сiлiктi. – Жуатын кез ендi келдi, Алеке. өзi суретiнде тап бiр генерал сияқты. Мүлдем сықитып түсiрген, Ареке, ә, – деп оны қоштаттыра сөйледi.

  • Қатырған… Бiр мақтаса, сондай-ақ мақтасын. Қалай десеңiз олай деңiз, Алеке, әйтеуiр бiр тойыңыз бар.

  • Әнең қара бұларды! Дәмелерiң тай жеген бөрiдей-ау, ә, – деп Алғабай ерiксiз жымиды. Қатқыл үнi де ауызға салған сағыздай жұмсарып сала бердi. Жанарындағы жалдана, жалаулана көтерiлген ашу толқыны лып басылып, әп-сәтте жайма-шуақ халге ауысқандай.

  • Ой, несiн айтасың, жаным ғой ол менiң! «Көке, үйтейiн бе, көке бүйтейiн бе?» деп құрақ ұшып тұрғаны қандай! Ол келгенше де ағармаған бiр тал шашым қалмайтын шығар, қайдам, – деп, жеңiл күрсiне, бас изедi.

  • Е, ендi бiр жыл деген не, бiр белдiң асты емес пе.

  • Әрине ғой. Бәрiн айт та бiрiн айт, тек бейбiтшiлiк болғай. Бiз мұнда күйiп-пiсiп, алысып, жұлысып жүре беремiз де. Бәрi пендешiлiк қой.

  • Е, соны айтыңыз бәрiнен де! Арыстан бiртүрлi жеңiлейiп қалды. Әңгiменiң бейбiт арнаға ауысуына ол осы сәт соншалықты құштар болып-ақ тұрған-ды.


Осы сәт Арыстан әлдененi ұмытқандай санын бiр-ақ соғып:



  • Оу, Алеке, тарс есiмнен шығып кетiптi. Айтпақшы мол олжаңызбен. Оған қолын ұсынды. – Жылдығыңыз шыққан. Қазiр ассаға барыңыз да алыңыз. Iлесбек өзiнде тұғын.


Арыстанның жұмсақ қолы Алғабайдың күстi қолын ұзақ сiлкiледi.


Жылмаң қаққан қассир жiгiт мол ақшаны Алғабайға берiп жатып, жымың еттi. Жiпси терлеген арық қолдарында жеңiл дiрiл ойнайды. Жүдеу өңi бозарып сала бердi. «Мынау антұрған қайтедi-ей», – деп iштей ойлады.



  • Мынау үш мыңды жеңгемiздiң жамбасына басасыз ғой, ағасы, ә. Көзiн қысып күлген болды.

  • Е, әрине, ақшаға қожалық осы күнi әйелге өткен жоқ па. Келiн де үйге барғанда қаққанда қаныңды, соққанда сөлiңдi алатын шығар, бала, ә, күндiк табысың қайсы деп. Тегi жүзiң жүдеу тартып кеткен екен. Анау қызыл қағазыңның екi-үшеуiн жамбасыңа баса ғой. Тегi обал болар, терлеп кеттiң ғой, - дедi сөз аяғында әзiл мен шынды шабыстырып.

  • Шiркiн, көне көздер-ай. Көкейiңдегiнi айтпай бiледi-ау. Кассир жiгiт ендi ғана шын күлдi, қарқылдай күлдi. Үш ондық қалтасына барып қоныс тапты. Бозғылт тартқан бетiнiң ұшына қызғылтым шырай ойнады. Алғабай мұрнының астынан «қхң» деп күлдi де, тар тесiктiң алдынан сытылып былай шыға бердi.


Арыстан гараж жаққа беттеп бара жатыр екен. Айтқұл көрiнбедi.


 



  • Әй, Арыстан!

  • Әу. Ол қайрыла қарады.

  • Түсте ағайдiкiне келiңдер. Дәм астырта берейiн.

  • О, жоқ. Ол күлдi. – Шын көрiп қалдыңыз ба?

  • Әй, қуаныш қой, әйтеуiр. Ендi өз лебiздерiңдi өздерiң жұтасыңдар ма?


Тегi менiң атаусыз кеткенiм елден ұятты.



  • Жоқ, ойбай, Алеке, рахмет! Бестамға асығып бара жатырмын. Түс ауа сiзге машина келер. Әлгi айтқандарыңызды соған салдыртып жiберемiн. Ал, әлгi қу қолыма түссiн. Тура өзiм тiзгiндеп апарып, шiдерлеп тастап кетемiн.

  • Жарайды. Аузынан келiсiм сөздiң қалай тез шығып кеткенiн Алғабай аңғармай қалды… Арыстан Алғабайдың: «Басқа адамың бар ма жiберетiн», - деп айтуға оқталған ойының алдын тағы орап кеттi. Қарсылық қылмақ ойының қылышы тағы қайырылып қалды.


Ауылдан шыққанда ширығып-ақ шығып едi. Келе кеңседегiлерге қырғидай тиiскiсi келген. Отарға барған трактордың тiркемесiне мiнiп, түн ауа совхоз орталығына суыт жеткендегiсiнiң себебi – көмекшiсi Мұқаттың қылығы жанына қатты батқан. Қораның қиы тiзеден. Қалың қарда көп малға шөп шашу да бiр азап. Қоңы төмен көтеремi бiр бөлек. Олар да бiр жас баладай. Бәрiне қолды бiр-ақ сiлтеуге болар едi-ау. Бiрақ…Осы «бiрақ» Алғабайды елден бөлек азапқа салып қоятыны тағы бар. Шыдай алмайды. Иә, иә, шыдай алмайды. Қатты аязда қара есегi далада қалса да, қатты кейiп, күйiп-пiседi.


«өй, етi арам болса да күшi адал ғой. Тең-тең қылып сексеуiл артқанда күшiн-ай дейсiң. өй, нәлеттер, жандарың ашыса неттi», - дер едi.


Қыраулы қыста қас қарайып, көз байланғанша аға шопан Алғабайдың жамбасы бiр жер иiскемейдi. Қол үшiн берер әйелi де бiраздан берi недәуiр науқастанып жүрген. Келер жылы оқитын кенже ұлы да шектен тыс мазасыз. Ол да бiр жағынан қол байлау болғандай. өрге тартсаң өгiз өледi, ойға тартсаң арба сынады.


Бiрақ әлгiндей әңгiмеден соң оның бар ойы Арыстанды айыптаудан көрi ақтауға ойысқандай. «Бiр ашу болсайшы шiркiнде. Осы алпысқа аяқ басар шағымда бiр адаммен бет жыртысып көрмеген адам көрсем, ол осы Арыстан шығар. Ашу айтып, ақырып-шақырып жатсақ та кек тұтып, кiнәға тiзiп жатпайды, сабазың. Мұндай көнтерлi жан сирек-ақ шығар. Бiздiкi де пендешiлiк қой. Әйтпесе Мұқат сықылдылардың күнiне онымен кездесiп жүрген шығар. Сондайлардың бәрiмен итше ырылдасып, шаптан алысып жатса, тiрлiк оңа ма? Тез жеткiзбедiң, тез бермедiң деп ығыр ете беруге әркiм-ақ ұста. Осының бәрiне бiр Арыстан кiнәлi ме? Кетпенi өткiр болғанмен, сiлтеушi қолдың қарымы әр басқа ғой. Бiреу тереңге бойлата ұрады, бiреуi көз алдап, бетiн қарпиды. Арыстандар азамат емес пе. Анау жылғы жаман қыста қолына күрек алып, барған үйiнiң берекесiн кiргiзiп едi. Кiрi жұғып қалады деп арсынбады. Сонда өзiнше нәнсiп, шырт түкiрiп жүрген кейбiреулер жылы үйдiң босағасын сағалап, қояндай бұғып, қарта ойнап, тышқаншылап кеткен. Осы жеме-жемге келгенде бұта түбiн бұқпалап кететiн жандар қайдан шығады, құдай-ау. Апыр-ау, Мұқат секiлдiлер ертеңгi күнi өз кiндiгiнен шыққан ұрпағына ненi мұрат етпек…


 


Сол сұрапыл қыста қайсымыз болғанда да талай малды қыстың оқпанына берiп шықтық қой. Қалың өрттi сөндiремiн деп безектеп, қанатымен су сепкен қарлығаштай бiр халдi бастан кешкен Арыстанға көп ел алғысын жаудырмап па едi…


Осындай бiр ой жетегiнде келе жатқан ол жолшыбай почтаға соқты.


Әскердегi iнiсiне хат салды.


Содан соң азық-түлiк магазинiне бет алған. «Бағанағылар ойнап айтса да ойындағыларын айтты-ау. Ауылға бiр соқпай қоймас. Әлгi қымбатынан екi- үшеуiн ала кеткен артық болмас. Әрi келiм-кетiм кiсi бар дегендей. Тiлеуқор жандар ғой бәрi де. Айдаладағы Алғабайдың iнiсiн газетке мақтап жазыпты деп, кiм шын қуанып, кiм шын ниет бiлдiрген. Әнеукүнi әлгi Мұқанның баласына газеттегiнi оқытқанда, ит-ай, бiр ауыз жылы лебiз бiлдiрмедi-ау. Адам көңiлi жылы сөзге де семiредi емес пе. Тегi, газеттi керексiз заттай жанына сұлық тастай салғанда, iнiмдi кеудеден әрмен итерiп тастай салғандай болды-ау! Лепiрген көңiлiң су сепкендей басылып қалады екен де…»


Сатушы әйел магазинде жалғыз тұр екен. Алғабай оның топ-толық, төртбақ денесiне сүзiле бiр қарап алды.



  • Иә, келiн шырақ, аман ба?

  • Амансыз ба, ата. Азу тiсiнiң бәрi алтынға толы екен. Жарқырай, күле амандасты.


Алғабай бiр жөткiрiнiп алып, сөрелерде сап түзеген әлемiш бояулы, сан алуан түстi шыныларға барлай қарады. Әрi ойланды, берi ойланды, елден естiп, ойға ұялаттым деген нәрсесiнiң атын есiне түсiре алмай-ақ қойды. Тұраркүл шоқша сақалды қарияның әдеттен тыс бағытқа қадала қарап тұрғанына азырақ таңданғандай халде. Бiр мезетте барып Алғабай тiлге келдi.



  • Келiн шырақ, осы әлгi бастықтар iшетiн қымбат коньягiнiң аты немене едi? Сатушының дөңгелек жүзiнен күлкi құтырына ойнақ салып өттi. Сылқылдай күлген қалпы, булыға сөйлеп: «Армянский» ғой айтып тұрғыныңыз, – дедi. Ол болмай тұр. Басқасы табылады, аласыз ба?

  • Мейлi де, үшеуiн…

  • Тағы не алмақсыз?

  • Ана бiр қалаулы тұрғандарың әлгi балалар жейтiн тәттi ғой деймiн. Сұқ саусағын шошайтып, төменгi сөренi нұсқады.

  • Мына аюы бар шоколадты айтасыз ба?

  • Иә, соныңның тура жиырмасын сана…

  • Қымбат қой.

  • Мейлi де, қанша болса да…


Ала қоржынын арқалап интернатқа барды. Алдынан аңдағайлап бiраз бала шықты. «Е, айналайындар-ай, ауылдарыңды сағынып жүрсiңдер-ау, ә». Iшi елжiреп кеттi. Бөлмеге жиналып қалған он шақтысына бiр-бiр тақта шоколад үлестiрiп бердi. Бәрi мәз. Ержан жоқ екен. Ойнап кетiптi. Отырған балалардың бiреуi сыртқа ата жөнелген. Бұл екi аралықта Алғабай балалардың аты-жөндерiн сұрады. өздерiн танымаса да, әке-шешелерiн


 


таниды. Арқаларынан қағып айналайынын айтып, көңiлдерiн бiр көтерiп тастаған.


Бiр сәтте балалар шоколадтың сыртындағы суреттi қызықтай қарап,


«Олимпийский! Олимпийский!» деп дабырласып жатты. Қос құлағы қалқиып, көзi қулана күлiмдеп тұрған қоңыр қонжықтың әсем салынған суретiне Алғабай ендi ғана шын назар аударған. Әлгi бiр кәрi құлаққа тосын сөздiң сырын сұрауға ендi ғана ыңғайлана берген. Есiк шалқасынан ашылды.



  • Көке!

  • О, құлыным! – Ержан келген бетте құшаққа қойды да кеттi…


Алғабай бұдан соң Ержанды ертiп, дүкен аралады. Пальто әпердi. Баласының көптен күткен ойы да орындалды. Су жаңа конькидi магазиннен шыға-ақ, аяғына қондырды. Ақ пимасын мұның қолына ұстата салды. Сол бетiнде көк тайғақ көше жолымен ағызып жөнелдi.



  • Әй, баламысың деген, ә. Антұрғанның шыдамауын! Ол мейiрлене күлдi.


Түс кезiнде Тиышбайдың үйiне кiрiп шықпақ болды. Ойласа, сол үйге былтырдан берi бас сұқпаған екен. Келе жатып: «Ә, қара кемпiр де тасқаяқтай қағыстыратын шығар, - деп ойлады Ақталар сөзiн алдын-ала ойластырып та келедi. «Әй, тiрлiктiң өзi де сұрғылт болып кеткен жоқ па. Ылғи шабуыл, шабуыл да шабуыл».


Алғабайдың көңiлi жапырағы төгiлген жүдеу ағаштай жабырқап қалды.


«Шынымен-ақ Тиышбайдың аты атаусыз, ұмытылып қала бергенi ме?». Осы мезет ол Тиышбайдың соңында қалған жалғыз перзентi – Қоқымның соңғы бiр-екi жылда әдеттен озып, жат мiнез шығарып жүргенiн елден жиi еститiн. Бұған кәдiмгiдей күйзелiп, қапаланушы едi. Бәрiнен де мұның жанына аяздай бататын бiр жай – ол Қоқымның жолдасының бала көтермей жүргенi… Мұны ойлағанда өз-өзiнен жасып, жүрегiнiң басына ащы запыран кiлкiп тұра қалатын.


Бұл келгенде Қоқымның, жо-о-оқ, Тиышбайдың үйiнiң есiгiнде нән қара құлып тұр екен. Ол бiржола жасып, үгiлiп сала бердi. Сом қара құлып сұмдық бiр жаман ырымға бастағандай. Баспалдаққа сылқ етiп отыра кеттi. Көршi үйлерден жөн сұрауға тiптен де құлқы болған жоқ…


… Алғабай ағасының үйiнде шай iшiп болып отырған-ды. Сырттан машина гүр ете қалғанда, буып-түйiп қойған жүктерiн ала-мала сыртқа шықты. Келген Қоқым екен. Алғабай алғашында таңданып қалды.



  • Қоқымбысың? Амансың ба? Көңiлсiз амандасты.

  • Амансыз ба, көке?

  • Арыстан ба жiберген?

  • Сол.

  • Жаман шешең қалай? Құдай деп жүрiп жатыр ма?

  • Жүрiп жатыр. Шүкiр!

  • Жүре тұрсын, мүсәпiр. өзi де шүйкедей болған шығар. Сол Тиышбайдың ошағының басынан құйрық басып, бiр аққұман шай iшуге де мойын бұрылтатын емес мынау қу тiрлiк, - дедi налыған үнмен. Бағана үйге соққанын айтпады.


 



  • Аман болса iшесiз ғой ендi, - деп ыржия күлдi. Алғабай оның бұл күлкiсiн ерсi көрдi. Сөзi де бiртүрлi ме, қалай? «Iшесiз ғой». «Кхң. Немене, бұрын iшпей жүр ме ем? О, несi-ей». Бiртүрлi кекесiн сынды ма құлаққа тым жат, оғаш сынды.


Қоқым қоржынды кабинаға көтерiп салды.



  • Ал, кеттiк ендеше, тым кеш келдiң ғой.

  • Бiр жағдай болып қап… Сөз аяғын күмiлжiтiп жiбердi. «Не жағдай дейсiң? Белгiлi бекбике тiрлiгiң де. Бiр жерден тоя шықтым десейшi одан да». Ол ойын осылай шорт түйдi. Қоқымның жүзiне барлай бiр қарады. Көзiнiң айналасы сәл қабарып, қызарыңқырап тұр екен.

  • Астау алдың ба?

  • Алдым.

  • Онда дұрыс. өстiп дiгерлемесең, олардың тiрлiгi осы. Ылғи соза тарт та, соза тарт. Көңiлсiздiктiң күңгiрт бұлты Алғабайды екi иықтан езе басып, төмен қарай тұқырта түскендей.


Қоқым Алғабайдың қыңырайып, қитығып отырғанын сезiп келедi. Бiр қыңырайса шалыңның тез арада икемге келе қоймайтынын да бiлiп отыр.


Көп ағайынның iшiнде бұл үйдi жақын тартып, ниеттiң шын түзулiгiн айқын танытатын да осы Алғабай болатын. Әрi әкесi Тиышбай Алғабаймен түйдей құрдас екен. Соғысқа екеуiнiң бiр кетiп, сонда өз әкесiнiң қаза тапқанын, Алғабайдың оны өз қолымен жерлегенiн Қоқым жақсы бiлетiн. Жыл сайын Алғабайдың әйелi мұның шешесiне жол-жоба жасап, осы Қоқымнан талай рет жiберiп отырушы едi. Осы сәт Алғабай Қоқымға әлде бiрдеңелердi қатты-қатты айтуға оқталып-оқталып барып қайтты. Бiрақ оны бiр жағынан аяп та кеттi. «Мүмкiн, қапаланатын да болар. өзi құралпы жiгiттер әлдеқашан ақарлы-шақарлы болып кеткен. Ой деген де бәле емес пе. Бiр уақ содан арашаланғысы келiп… Әй, сонда да». Екi ұдай сезiм мұны ана арнаға бiр соғып, мына арнаға бiр соғып, сенделтiп кеткендей.


Түнеукүнi ел арасында алыпқашты бiр әңгiме тараған. Сонда Қоқымның әйелiнiң Алматыға кетiптi деген ұзынқұлақ хабарын естiген едi. «Айқын екен, ақиқат екен. Енесi көз-тiлден аман болсын деп көп сұқтанушылардан қызғыштай қорып, ескi ырымға салып, әдейi жiберiп отыр деген бiр сыбыс та құлаққа тиген. Бiрақ естiген өтiрiк, көрген шын. Жазда, Қоқымның Арқаға барған бiр сапарында өзiнен сұрауға оқталып-оқталып барып, өзiн-өзi тежеп қалған. Әйелiне де тiсiнен бiр ауыз бөгде сөз шығармауға қатаң тапсырған. Сонда да болса суыртпақтап сыр тартқандарды қара кемпiр аяғының басына отырғызбаған. Бәрiн жалғанға шығарып: «Ауру, төркiнiне емделуге кеттi», – деп ұзын әңгiменi қысқа тұжырған. Тап осы мезетте Алғабай әлгiндей әңгiменiң шын-өтiрiгiн сұрауға оңтайланып отырды да, бұл ойдан тез қайтты. Көңiлiне дық тигiзбейiн дедi.


Бiр кезде Алғабай кiнәмшiл жүзiн сәл жылұшыратып, Қоқымға қарай бұрыла бердi де, қалтасына қол салды.



  • Мә, iшiңнiң өртiн баса отыр. Әлi басыла қойған жоқ шығар. Мынаумен сөндiр, - дедi.


 



  • Көке, кешiрiңiз. Yнi бәсең шықты. Тамағына бөгде зат кептелiп қалғандай сәл кiдiрдi. – Сiздiң алдыңызда сәл ұятты болып. Бүгiн Алматыдан телеграмма кеп… Келiнiңiз аман-есен ұл тауыпты. Соған, ендi жiгiттермен аздап… Ол сөз аяғын жұтып қойды.

  • өй, не дейсiң сен?! Алғабай рульдi сол қолымен шап берiп ұстай алды. – Рас па?


Машина тоңқи барып жол шетiне шығып кеттi де, моторы өшiп қалды.



  • Рас, көке! Қоқымға шаншыла қараған Алғабай:

  • Әй, ит! Мұндай да ит болармысың сен! – дедi де, оны соншама бiр күш- салмақпен жағасынан шеңгелдей ұстап, жұлқып-жұлқып жiбердi. Ызалана, қатты дауыстады. Көзiнен ыстық жас ытып-ытып кеттi. Кенет екi иығы дiр- дiр еттi де, еңiреп қоя бердi. Қолы да Қоқымның жағасынан босана берген. Сол қалпы әйнек алдындағы кенереге маңдайын тiреп, басын әрлi-берлi шайқай, соншалықты терең де ауыр ыза-күйiкпен:

  • Құдай-ау, не болып бара жатсыңдар сендер, а?! Жат болғандарың ғой ендi! Мұндай да сұмдық болады екен, ә! Сен ит қалай ғана дәтiң шыдап…

  • Әй, көке, көке! Мен қайдан бiлейiн? Иығына қолын салды. Ол мұның қолын сiлкiп жiбердi.

  • Сенi да қырыққа келген еркек деп… – деп булыға жылады.

  • Тиышбайым, Тиышбайым! Бауырым, арысым! Түтiнiң ендi тiк шықты. Шынайы, шыншыл жүректiң сонау тұнығынан, тереңiнен бой шымырлата,


ширығып шыққан осы бiр сөздер болған жайдың бар салмағын, бар қадiрiн Қоқымға ендi ғана тереңдеп ұғындырғандай. Ол да рульге бетiн төсеген күйi ерiксiз, үнсiз отырып қалды. Сұраусыз келген бiр тамшы жас бетiмен сусып, төмен түстi. Қасындағы қадiрлi серiгiне көрсетпей қол сыртымен сүртiп тастады. Алғабай машинаны жарым жолдан орталыққа бұрғызды. Сол түнi Алғабайдың ала қоржынының iшiндегi мол азық Қоқым үйiнiң дастарқанына шашылды. Дүкеннен алған «қымбаттары» ортаға қойылды. Қара кемпiрге көңiл тойғызар көрiмдiк те берiлдi.



  • Шiлдехана бiткен соң пышақкестi қоясың. Ендiгәрi жат иiспен Тиышбайдың босағасын былғама, аруағы атады. Жас нәресте – перiште, киесi ұрады, - деп Қоқымға iшкiздi.


… Екеуi сәске түсте Жалдағы ауылға келдi. Алдынан жүгiрiп шыққан ұлына қалтасындағы өзгеше бiр мейiрмен, еркелей қарап тұрған қонжықтың әсем суретi бар соңғы шоколадты, тәттi шоколадты сыйға тартты.


Қоқым бiр шай iшiп, орталыққа қайтты, Алғабай берген той малын ала қайтты.


1980 жыл.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу