27.02.2022
  192


Автор: Пернебай Дүйсенбин

СПТУ-дың «СТУДЕНТІ»

ӘҢГІМЕ


 


Мұрат қабырғаға қыстырылған шарайнаға үңіле қарады. Басына жаулық тартқанда түрі апасына әжептәуір ұқсайды екен. Көйлегі де үстіне қона кеткендей. Ол еріксіз езу тартты.


Сырлы жеңіл шелек пен шылапшындағы жемді алып, сыртқа шығуға беттеді. Есіктен басын шығарып, даланы байқады. Көзге түсер бөтен, бөгде жан жоқ екен. Қу тілді құрдасы Орақбай көрмесін, көрсе бітті, түймедей затты түйедей қылып, ал келіп гулетсін. Онсыз да бұған қойған аты елге баяғыда-ақ тарап кеткен. Кездескен сайын қолын шекесіне апарып: «Привет, СПТУ-дың студенті!» - деп амандасады. Құрбылары да Орақбай аузынан шыққан құтырма сөздің құлағынан мықтап ұстаған.


Былтыр ауданнан келген өкіл мектеп аралағанда, жаңа ашылған училищеге бұл оқыған мектептен ең алғаш та, ең соңғы да тілек білдірген Мұрат болған-ды.


Мектептің маңдайалды, үздік оқушысының табан асты жасаған байламына таңырқаушылар да көп болған. Көп мұғалімдер де, шешесі де әжептәуір қарсылық білдіріп еді. Бірақ Мұрат өзгеше бір қайсарлықпен өз шешімінен бір сәт те айныған жоқ-ты.


Күзде училище берген форманы киіп, ауылға келген күннен бастап,


«студент» аты қыр соңынан біржола қалмайтын болып еді.


Сегізінші оқып жүргенде, интернаттан үйіне демалысқа келгенде жалғыз шешесінің тынымсыз, күйбең тірлігі, дімкастығы мұның арқасына аяздай батып жүрді. Әкесін қайтпас сапарға аттандырып салғалы да екі жылдың жүзі болып қалған. Осы бір анық, айқын жайды дұрыс ұқпай, сөз құтыртқан кей құрбыларына ызасы қатты-ақ келеді. Кейде мол дәлелдер айтып, бар жан-тәнімен, шыншылдықпен ұғындырғысы келеді. Алайда бойда тұтанып сала беретін бір өршіл намыс іштей тежей береді. Тіпті балалардың екі- үшеуімен шекісіп те қалған.


Ол Орақбайдың үй жағына сығалай көз салды. Жан көрінбейді. «Әй, ол қайдан тұрсын. Түнде орталықта болған тойдан тойып келіп, тырайып тұрып, ұйқыны соғып жатқан шығар-ау».


Кеше кешкілік үй жанынан өтіп бара жатып:


-Әй, студент, тойға барайық, - деген. Бірақ артынша қолын бір-ақ сілтеп:


-Өй, сен барушы ма ең ондайға. Сенің сопы екенің естен шығып кетіпті ғой, - деп, тілімен тағы бір шымшып кеткен.


Мұрат зып етіп, жыңғыл қораға енді. Қайқы мүйіз тентек қара сиыр түрегеп кеткен екен. Ә дегенде сен кімсің дегендей ала көздерін аударып- төңкеріп, бұған тесіле, суық қарады. Мұраттың тұла бойы мұздап қоя берді. Іштен шапшаң бой көтерген сақтық сезім оның аяқ қимылына табан асты түзету енгіздірді. Тап апасы құсап шайқалақтай басып, тап апасы құсап, жөткірініп қойды.


 


Кенет қара сиыр бас жібін жұлқи тартып, жемге ұмтылды. Танымағаны мұндай жақсы болар ма.


Жемді жып еткізіп, сиырдың алдына итере салып еді, қомағай қара бөккен арпаға шабақтың шоғырын көрген шортанша шүйлікті. Осы алаң сәтті пайдаланған ол бұрышта жатқан ағаш орындықты астына қойып алып, емшекке жармасты. Уыс толар жұмыр емшек қолға сондай жайлы екен. Тек жебей тарт та сауа бер.


Аппақ сүт сырлы шелектің бүйіріне сыздақтай шапшып, шыныдай сыңғырлаған әуен шығарады, құлаққа да сондай жағымды.


Аздан соң-ақ саусақтары талаурап, ауыра бастағандай болды. Бірақ Мұрат оған қарамады. Көз алдында көлемденіп, көбік ойната көтеріліп келе жатқан сүт мұның бойына бөлекше шыдам ұялатады.


-Әже! Әже!


Желке тұсынан жыламсырай шыққан үнге Мұрат жалт бұрылды.


-А,а, не дейсің? Мұрат сасқалақтап абдырған қалпы, орнынан атып тұрды. Бұл сәтте тосын да жат қимылдан осқырына жалт еткен қара сиыр бұрышқа қарай жұлқына қашты. Артқы аяққа қағылған сырлы шелек айналаға ақ толқын атып, әрі аунап кете барды.


Жас баланың   көзі   атыздай   болып,   ұясынан   шығып   кеткен   екен.


«Әжеден» кейін айтпақ сөзі көмекейіне кептеліп қалғандай. Аңтарыла қарап, аузын ашып қалыпты.


-Не болды?! Сөзімен бірге қолы қоса қимылдады, басындағы жаулықты жұлып алды.


Өңін үрей алған баланың байланып қалған тілі енді шешілгендей.


-Әжем қайда? Әжемді шақырып жатыр. Үні дір-дір етеді.


-Әжем жоқ! Кімдер шақырған? Жай ма?!


-Әйелдер.


-Е, неге?


-Мамам туа алмай қысылып... Соған... Бала егіліп қоя берді. Күс шалған қолымен бетін басқан қалпы бүгіліп отыра кетті.


Мұраттың тұла бойы шымырлап сала берген. Қара қанат жамандықтың жат хабарын сезгендей жас жүрегі жұлқи ойнап соға жөнелді. Маңдайынан шып-шып еткен суық терді қолындағы жаулықпен сүре сүртіп тастады да, қапаланған халде:


-Қап, апам кеше Созақтағы әпкемдікіне кетіп еді. Енді қайтік? – деп тіл қата, бүк түсіп отырған Досанға аяу көзбен қарады. Құныса, жүдеу тартқан жауырыны тұзаққа шырмалып, тұншыққан құстың топшысындай әлсіз бүлк- бүлк етеді.


-Әлгі Серіктің әйелі қайда?


-Қал-ла-ғаа қыдды-ррып ке-ке-тіпті.


-Тфу! Мұрат жерге ызалана түкіріп жіберді. –Осы сол-ақ қалашыл екен! Күйеуі машина алғалы тіпті сұмдық болып кетті. Ійи, осы! Досанға шарасыз халде мұңая қарады.


 


– Апам жоқ қой енді. Досан орнынан ауыр көтерілді. Аз-кем уақыт бұған көз тоқтата қарап қалды да, үйіне кетуге ыңғайланды. Жас толы жанарында сәби жасқа тән емес сұмдық бір сыз ізі жатыр.


-Мен қазір барайын. Сен бара бер. Асыға сөйлеп, үстіндегі жемпір көйлекті жүре шешіп, үйге беттеді. Жас бала Мұратқа аз-кем шақ аңырая қарап қалды. Бірақ Мұратты өзі де өзінің неге бұлай дегенін толық ұқпады.


Мұрат үйге тақана бергенде, Досандарға көрші ақсақ кемпір кішкене үйдің тар есігінен ентелей сыртқа шығып келеді екен. Кемпірмен қабаттаса үй ішінен үрей үркіп шығып келе жатқандай. Аласы мол көзінде алапат қорқыныш бар.


-Балам-ау, ана сорлының жағдайы болмай жатыр. Апаң жоқ болса, шарамыз қанша енді. Мұндайда апаңның қолы жеңіл еді. Құрып қана қалғыр, қас қылғандай, ауылдағы бар бір-екі дөңгелектің тап бүгін құруын көрмейсің бе?! Сен анау қамыт аяқ Қатпанікіне жүгірші. Әлгі су таситын домалағы бар екен баласының? Сорлы-ай, сорлы-ай, күні нешік болар екен? – деп, жыламсырай, үйге асыға кірді. Үркіп шыққан үрей кемпірмен бірге үдеріп, үйге қайта кірді.


Ол екі өкпесін қолына алып, шағын ауылдың шетіндегі Қатпа қарттың үйіне келді.


Шал ауласынан көк есігін жетелей шығып келеді екен. Қолында орағы


 


бар.


 


 


-Әй, батыр, аман ба, ей? Немене, түтігіп, жай ма?


-Әлгі Досанның мамасы...


-Е?!


-Сол туа алмай қиналып...


-Не дейді, ойбай-ау?! Өзі аман ба? Әлгі доғдыр келін қайда?


-Ауылда жоқ. Қалаға кетіпті.


-Өй, қалада басың қалғыр! Мұраттың сөзін аяқтатар емес.


-Енді не істейсің?


-Соған машина іздеп... Сіздің балаңызға жіберіп еді.


-Өйбүй ғана, құдай-ай! Қарт қайнап кетті. Қолындағы орағын анадай


 


жерге атып жіберді.


-Ойбай-ау, ол сорлы ерте ескертпей ме? Есек ердің доғал қасын қос қолымен солқ еткізіп бір ұрды. –Алда ғана құдай-ай! Ол атаңа нағылет бағана таң азаннан құрдымға құрыған жоқ па балық деп. Енді қайттік?! Ол дел-сал халде аз шақ тұрды да, бір кезде жау қуғандай алас-күлес қимыл жасап, есегіне әрең мінді. Қос аяғымен бүйірден нықырта нұқып қалғанда, көк есек қысқа белі қайқайып, тайпалап ала жөнелді.


-Ә, құдай атқан Елеубай! Көріңде өкіргір Елеубай! Өзім де шошығандай болып едім-ау, бәсе, мүсәпірдің әнеукүнгі шөпте жүргендігі түрінен, - деп күйзеле бас шайқап қояды. – Енді қайтсын, шиеттей бала-шағасын қырсын ба? Ә, көріңде өкіргір, Елеубай! Қарттың соңынан елпелектеп Мұрат келеді.


-Әлгі шөпші иттер күн демалыс деп тайлы-тұяғы қалмай орталыққа зытысқан ғой ә, нәлеттер!


 


Есік алдына шағын ауылдың бар әйелі жиналып қалыпты. Бағанағы ақсақ кемпір топтан жарылып, бері шыға берді.


-Әй, қамыт аяқ, далбаңдап немді бітірейін деп келесің? Балаң қайда?


-Әй, бүйткен баласы құрысын! Таң азаннан құрыған жоқ па осы ауылдың бар жындысымен.


-Қайда?


-Ойбай, менің басыма көк тас қоюға кетті дейсің бе? Балық дей ме, қылтанақтап қана қырылғырлар!


-Енді неменеге келдің?


-Енді қайт дейсің ойбай-ау! Қалай шыдайын?! Кей әйелдер күлген болды.


-Ендеше тұрма! Анау Қосқұдықтағы шөп біргәдіге шап. Машина табылар.


-Ойбүй. Жарайды! Жарайды!!


-Қалқам, сен де тұрма. Анау үлкен жолға жүгір!


Мұрат үй жанынан жүгіріп өте бергенде, көлеңке тұстан ағараң еткен әлденеге көз қиығы түсіп кетті. Жалт бұрылып қарап еді, Досан мен биыл бірінші класты бітірген қарындасы екеуі иықтары түйісіп, қатар отыр екен. Ажарлары тым пәс, сынық. Досан басын көтеріп, ерекше бір мұңлы салмақпен бұған тесіле қарады. Осы мезет оларға жұбату сынды әлде бір сөздер айтқысы келді, бірақ айтылар сөз оңтайын тауып, тілге орала қоймады.


-Досан, мен қазір... Бір орында қипақтап, қыбыжықтап, кете алмай біраз тұрды. Бағанағы бір «ұяттылау» болып қалған жайдың жағдайын дұрыстап ұғындырсам деген тілек тіл ұшына үйірілді. Бірақ сыртқа шығуы мұндай қиын болар ма.


-Досан... бағанағы көргеніңді... Енді түсінесің ғой... Анам Созаққа кетіп, келе алмай... Сөз аяғын айтуға шамасы келмеді. Досанның айтқан сөзді толық ұққанына көзі анық жеткен жоқ. Сол бетінде жол бойына қарай, екі өкпесін қолына алып жүгіре берді...


Күн недәуір көтеріліп қалыпты. Ауаға ыстық леп ене бастағандай екен.


Мұрат телеграф бағанасына арқасын сүйей, демігін басып, біраз отырды.


Біршама уақыт өткен соң су таситын машина қою шаңын шұбатып, құм жаққа өте берді. Қол көтерсем бе деп бір ойлап тұрды да, ниетінен тез бас тартты.


Әу дейтін жерде тіркемесі бар бір көк «Беларусь» бағанадан қаңтарылып тұр. Жүргізушісі болу керек, ұзын бойлы, толық тұлғалы біреу трактор түбінде күйбеңдеп жүр. Бұл тұрған тұсқа енжар көз салды да, өзімен өзі болып кетті.


Белдеме темірдің астынан қаққан қазықтай қарайып, жұмырша домкрат көзге шалынады.


Төбешіктің тасасынан жүк машинасы шыға келгенде, Мұраттың жүрегі жарылып кете жаздады. Тақана бергеннен түрегеліп, қол көтерді. Машина қатарласа беріп, кілт тоқтады.


 


Мұрат кабинаның аяқ салғышына қарғып шығып, кабина ішіндегі екеуімен қол алысып, жылы амандасты. Шоферы жиырмалар шамасындағы балаң, жас жігіт екен. Кішкене көзі ойнақшып, бұған тесіле, салқын қарайды. Қасындағысы сәнді киінген, галстук таққан бидай өңді, ересектеу кісі болып шықты. Ол бұған қарай мойнын бұрып, күлімсірей назар салды.


-Қайда барасың? Дауысы жұп-жұмсақ.


-Ағай, менің өзім ешқайда... Шофер жігіт саршұнақша шақ ете қалды.


Сөзін аяқтатпады.


-Енді неге тоқтаттың?


-Ағай, ауылда бір әйел босана алмай, қатты қиналып... Соған ... Шофер мұның алдын тағы орап кетті.


-Е, немене, мені роддомның шоферы деп пе ең?


-Мен жағдайды айтып тұрмын ғой. Мұрат шофер жігітке енді бұрылып, барлай назар салды. Көзі тентек текенің көзіндей ежірейіп, бұған ішіп-жеп қарай қалған екен.


-Ауылда дәрігер әйел болмай...


-Е, онда менің шаруам қанша? Немене, мені әйел тудыратын акушерка деп тұрсың ба?!


-Жоқ, жағдайды түсінд...


-Айда, түс! Мен балтай-шалтайды білмеймін. Жол кесір болма, асығыспыз!


Галстукты кісі бұдан көзін тайдырып, мән-мағынасыз бір бейнеде құмқайрақ төселген сұр жолға қарап кетті. Езуіндегі күлкісі жел үйірген тозаңдай зым-зия жоғалған екен. Мұрат секіріп түсті.


-Еще, адамға аларып қарайды өзі! Вот, нахал! Шофер бұған жирене, оқты көзімен ата қарап, жылдамдықты қоса берген. Мұрат та қолын бір-ақ сілтеді.


-Бар, бар, асығып тұрсаң! Аузың көпірмей-ақ қойсын!


Машина орнынан жұлқына қозғалғанда, доңғалақ табанынан ұшқан майда тас ағаш қалдайға сатыр-сұтыр соғылды. Сол дыбыспен жарыса шыққан тұздығы мол бір боқтық сөз тұнық ауаны былш еткізіп бетке соқты.


-Сенің де тап әкең... Мұрат та ет қызумен бастап барып, кілт тоқтады. Дағдысында жоқ мінезі тіл ұшына үйірілген тентек сөзге тұзағын сала салды.


-Тіфу! Жерге ызалана түкіріп жіберді. Бағана түбіне қайта отырып, сылқ етіп отыра кетті де, сол бетінде қасындағы түп бидайықты жұлқи тарта, бырт еткізіп, түбімен қопара жұлып алды.


-Тіпті, әне біреуі галстук тағып... Мырс етіп күлді де: -Тура бір артистен аусайшы, - деп мысқылдай дауыстап, қолына қыса ұстаған сегіз өрім қамшыдай шоқ бидайықты шалбарының балағына сарт еткізіп бір соғып, әуелете, серпи лақтырып жіберді.


Көз талдырып күткен қандай жаман. Әр дыбысқа бір елеңдеп, діңкең де құриды. Былайғы тірлікте жылдам уақыт мұндай сәтте тым созалаңданып кетеді.


Сары түсті жеңіл машина сонау сағымды белден қылт ете түскенде, Мұрат орнынан атып тұрды. Үміт ұшқыны лып етіп тұтанды да, көкіректе


 


көңілді от маздатты. Күмән, күдіктің күңкілшіл, келеңсіз ауылы тіптен алыс, қашық өріске қоныс аударып кеткендей. Қолын батыл, сенімді көтерді.


А деп аузын ашып үлгерген жоқ, сары машина ақ шаңын аспанға үйіріп, заулатып өте шықты. Қара көзілдірікті шоферы бұған қарай көз салуға да ерінгендей. Шолақ жең жібек көйлегі желпілдеп ойнай, «Қош, бала!» - деп әжуалап кетіп бара жатқан тәрізді.


Ол қолын көтерген қалпы, бір орында қалшиып қатты да қалды.


-Ох, оңбаған! Ол ақ селдір тозаңы басыла қоймаған жолға жабыға, мұңдана қарады. Машина, машина емес, сары сайтанның елесі секілді. Жас кеудедегі лып тұтанған көңілді отты тұманды тозаңымен тұншықтыра тұмшалап кеткен тәрізденді.


Бойын келеңсіздік биледі. Назарын жол бойына салғырт аударды. Бағанағы кісі тіркеме көлеңкесінде күйбеңдеп әлі жүр. «Тегі дөңгелегі жарылған болар».


Тыпыршып, тынши алмай, жол жонымен әрлі-берлі жүре бастады.


Қас қылғандай, бүгін бәрінің қырсығуын. Ыза ызғарына шарпылған наразы ой бейкүнә аяққа тыншу берер емес.


-Қап, енді не істедім? Күйзеле дауыстады. Көз алдына үй көлеңкесіндегі бүрісіп отырған екеуі келді.


Ол жол үстінде аласұрып жүр. Уақыт өтіп бара жатыр. Қатпа атай көк есегімен митыңдап Қосқұдыққа жеткенше не заман! Қап!...


Оқшау ірі, бадана тастардың қайбірі бүйірден дөп тиген туфлидің тосын тепкісінен зырлай ұшып, жолдан аулаққа топылдай түсіседі. Осы бір сәтте қара түнде адасқан қамкөңіл жолаушы алдынан жарқ етіп жанған алау оттай болып, төбе бұрылысындағы айыр жолдан қызыл «Жигули» шыға беріп еді. Жол ортасында жүрген Мұрат оған қарсы қасқая қарап, тұра қалып, қол көтерді. Осы сәтте ол өзінің тап осындай тосын қимылға неге бой ұрғанын еш ойлап үлгермеген-ді. Балапан бұлдырықтай кішкене жүрегі алабұрта ойнап, тулай соқты.


Қызыл «Жигули» шиқ еткен ащы үн шығарып, бұған тұмсық тірей тоқтады. Кабинадан толықша, кең иықты сары жігіт басын шығарды. Қатарындағысы жас қыз екен. Қысқа тұлымына желбірете байлаған ақ бантигы бар. Жігіт бұған қарап күле сөйледі.


-Немене, бала? Әбден машина тоқтамай, опық жеген түрің бар-ау, ә, жол ортасында қасқая қарап тұрысыңа қарағанда.


-Саламатсыз ба, ағай! Бөгде жанның мұның оғаштау қылығын айып көрмей, құп көре сөйлегеніне іштей сүйсінген Мұрат бейтаныс жанмен көңілді амандасты.


-Иә, батыр, хал қалай?


-Жақсы!


-Баяғыда студент кезімізде Алматыға барар жолда тап сен сияқты жолға тұратынымыз бар еді машина тоқтамай қойса. Соны мына қызыма айтып, күліп келе жатыр едім, - деді аңқылдай сөйлеп.


-Ал, отыр. Дәу де болсаң ауданға бара жатқан шығарсың. Қайта жол серік болатын болдың. Мына қызым не әңгіме айтып жарытпайды, не әңгіме


 


сұрап, көңіл ауламайды. Өзі әбден ішім пысты, - деп бұған көз қысып қойды. Қыз қымсына, ұяң жымиды да, бетін әрі бұрып әкетті.


Мұрат сөзді қалай бастаудың қисынын таппай біраз кідірді.


Жағдайды жұқалап жеткізген орынды. Кім біледі? Саусақ көбесіне ине тығып алғандай шошытып алып жүрсең, дүниеде сол жаман. Әдемі қыздың көзінше түйеден түскендей қойып қалудың жарасымды емес екенін жүрегі тағы сезеді.


Табанында жатқан қайыр тасты туфлиінің ұшымен жанышқылай берді. Қобалжулы бір сәтті бастан кешкен ол таңдайы кеберсіп, тіл ұшынан үйірілген кермек дәмді айқын сезінген.


-Ағай, сіз мына біздің совхоздың орталығы арқылы жүрмес пе екенсіз? – деді ұяң үнмен.


-Жол бұрыс қой. Немене, ақшаң көп пе? Машина егесі кеңкілдей күлді.


Қызыл машина да селк-селк етіп, кеңкілдеп күлген тәрізденді.


-Ой, ағай, ақша дегеніңіз сөз бе? Табылады! – деді жайдары үнмен. Бірақ жайдарылығында жасандықтың иісі аңқып тұрғанын іштей сезіп тұр. Қызға көз қиығын салып, барлай қарап еді, ол томсырая қалыпты.


-Е, енді несіне тұрсың, мінбейсің бе? Мұрат үніне де, жүзіне де бір мағына бере:


-Ағай, сізбен бір шаруаға сәл оңаша сөйлессем, айып етпейсіз бе? – деді.


Аяқ астынан сыпайы, тым ересек жандарша сөйлегеніне өзі де таңданды.


-Ойпырай, жігітім, сенің өзің осы мені жарылқайын деп тұрсың-ау деймін, -деп, екі езуі екі құлағына кеткен машина егесі есікті ашып, ентелей шыға берді.


Қыз әкесі мен бейтаныс баланың жол шетіне аулақтай шыққанын маңдайдағы айнадан бақылай бастады. Бір уақытта ол оң қолымен шығыс тұстағы төбе басына ұйлыққан аз ғана ауыл тұсты нұсқап, әлденелерді айта бастады. Балаң жігіттің әр қимылынан, бет ажарынан бөлекше мазасыздық аңғарылғандай. Бір мезетте әкесі жалаңаш табанымен жылан басып кеткендей шоршып түсті де, қолын бір-ақ сілтеп, бері қарай бұлқына жүрді.


Діттегенін ұқтыра алмай, мұның соңынан созыла ұмтылған қол әуелей қалқып тұрып қалды. Әкесінің жүзі қып-қызыл нарттай.


-Ақшаң да өзіңе, әйелің де өзіңе. Мені өйтіп жарылқамай-ақ қой. Сыртта айтылған ашу сөздің қаңтардай қатаң ызғары әкемен ілесіп, ішке түтей енді.


-Қарай көр өзін! Жаман мұрынбоқ! Қарғадай болып, мені ақымақ қылмақшы!


Есікті сарт жапты. Екпіні ерек ауа толқыны қыздың ақ бантикті тұлымын серпе лақтырды.


Әке жүзіне қарау еш мүмкін болмай қалған екен. Бетін төменшік сала берген қыз осы бір қас қағым сәтте әлдененің ағараңдай бұлың етіп, алға қарай атылғанын аңғарып еді. Басын көтеріп алды. Өзі-өзінен селк етті. Көздері от шашып, қос қолын қыран құстай кере жайып, машинаның қарсы алдынан тұра қалған жаңағы бала жігіт екен.


 


Тік қайырылған қайратты қара шашы тіптен ереуілдеп кетіпті. Ерекше бір ерлікке, қайтпас қайсарлыққа бой ұрғандай. Неден болса да тайынбас бір қимылға бет қойған қалып танытады. Қыз жүрегі осылай түйсінді.


-Кет деймін жолдан!


-Кетпеймін!


-Кет деймін!


-Кетпеймін!


-Әй, жексұрын, қайталап айтамын! Кәне, кет деймін шыбын жаныңның барында! Әкесі ысылдай сөйледі. Соңғы сөзінде сұмдық салмақ жатыр. Қыз денесіне жеңіл дірілдің шым-шымдап ене бастағанын сезінді.


-Кетпеймін. Сол әйелді алмай ешқайда кетпейсіз!


-Сен, не оттап тұрсың өзің? Мені осы елдің туатын қатындарының қарауылы деп тұрсың ба?


-Ешкімді ешкім қарауыл қоймайды. Бірақ сол әйелді орталыққа апарсыз.


Халі өте ауыр деп айттым ғой сізге. Егер өлсе не болады?. Соны ойлаңыз.


-Өлмесе неге өмірем қатпайды!


-Онда жауап бересіз. Өзіңізді білмесем де, нөміріңізді білемін.


-Әй, сүмелек, ондай заңыңды қалтаңа салып қой! Түсіндің бе?!


Жас қыз табан асты туған шатақтың шын сырын енді ұққандай. Әке аузынан батпаңдап шыққан зілі мол зобалаң сөздерден жас жаны шын шошынып, шектен тыс тіксінген.


-Па-па-а!!! Әкесі жалт қарады. Қыз көзінде алаулаған қарсылық тұр еді. Ол тілі байланған жанша аз шаққа үнсіз қалды да, бір кезде барып, қызына жирене жекіді.


-Жөніңе отыр, кәне! Саған не жоқ?! Суық жарқ еткен оқты көзімен қызын беттен бір осып өтті. Сол бетінде сыртқа атыла шыққан.


Барған бетте баланы қапсыра құшақтай алып, жол жиегіне қарай сүре итерді. Бірақ бұлқынған бала оның ырқына еш көнер емес. Тарамыстай тыртысып, есіктің жақтауынан шеңгелдей ұстап, тастай қатып қалыпты.


Қатты долырған әкесі бір мезетте баланың бетінен жалпақ алақанымен былш еткізгенде, мұрнынан қан сүмектеп қоя берді.


-Папа, сұмдық қой мынауыңыз! Шырылдай сыртқа ұмтылған қыз бара әкесінің қолына жармасты.


-Әй, сен сайтан, кет былай! Шынтағымен қағып жіберді. Қыз сең соққан балықтай сенделектеп барып, әрең түзелді. Балғын өңі сұп-сұр болып, болған жайдың не рас, не өтірік екеніне сенбегендей бір халде есеңгіреп біраз тұрып қалды да, қыстыға жылап жіберіп, бүк түсіп отыра кетті. Әп-сәтте айнала дүниенің бәрі аламан-тасыр болып кеткендей. Әке көмейінен зеңбірек оғындай атылған зілмауыр сөздер ауаны қақыратып, оңды-солды тілгілеп жүр. Бір-бірімен шарпысып, деміккен үндер тұншыға, құмыға естіледі.


Артынша дүңк еткен күңгірт үн қызды ауыр сезім күйінен айықтырып жіберген-ді. Оң қанатта, жол шетінде, бұрқ етіп, шаншыла көтерілген шаң назарға шалынды. Іле-шала саңырауқұлақтанып, жерге жайлап, жазыла қонып келе жатқан шаңның бозғыл шымылдығынан қозғалақтап жатқан туфлидің табаны айқындала бастады.


 


-Сен жексұрынға не жоқ! Төніп келген түкті қол қатты қорыққанан дір- дір етіп, булыға, әлсіз жылаған қызды қолтығынан қаңбақтай көтеріп әкетті де, сұмдық бір сойқан күшпен артқы орындыққа шиыра ұрды.


Қызыл «Жигули» орнынан орғи атылған.


Мұраттың құлағына араша тілегендей қамыға жылаған қыздың үні біраз уақытқа дейін үздіге, талып жетіп жатқандай болды.


Қол сыртымен мұрнынан жылымшылай аққан қанды сүртіп тастады да, дәрменсіз қалған халіне ызаланғандай өзі де жылауға шақ қалды. Тамағына сусып келе қалған жасты күшпен ірікті.


-Әй, балам, жай ма? Айналайын-ау, не болды? Жаңағың кім?


Алыстан абыржи айқайлаған үн жетті. Ол орнынан ауыр көтеріле берді.


Әудем жерде ұзын бойлы, қапсағай денелі біреу қалбалақтай бері жүгіріп келеді...Ағы мол толқынды шашы жүгірген екпінмен жалдана желпілдейді.


Бұрын көрмеген бейтаныс жан. Алпысты алқымдап қалған кісі секілді. Сол жақ самайы тосын жолыққан жанды кәдімгідей таңдандырып, қайран қалдырғандай; күнге ерекше шағыла жарқырап, көзді арбайды. Тақана бергенде аңғарғаны - сол жалтыраған тұстың төменгі жағын ала қиғаштай, терең түскен ұзынша сай еді. Тегі жанай тиген қорғасын оқтың ізі болса керек...


Көз талдырып, үлкен жолға тесіле қарап отырған Досан, күн ұзаққа жол үстінде міз бақпай тұрған тіркемесі бар көгілдір трактордың қылдай қылта тұрбасынан қара түтін бұрқ ете қалғанда, жүрегі әлде бір жақсылықты сезгендей болып еді. Орнынан елеурей көтеріліп, енді не қылар екен дегендей тыныс тартып, күре жол тұсқа қадала қарап қалған-ды.


Орнынан ақырын қозғалған көгілдір трактор ауылға бұрылар соқпақ тұсқа келе бергенде кең жолмен ағындап келе жатқан қалпын тежей беріп еді. Көгілдір, жұп-жұмсақ тұмсығы жарқ етіп, бері қарай жалт бұрылғанда, Досан үйге қарай қуана айқайлай жөнелді. Су бетін сабалап ұшқан қасқалдақ балапанындай кішкене қарындасы да оның соңын ала жүгірген. Сүрініп құлап та қалды, бірақ жылаған жоқ.


Қара жолдың үстінде тар орындыққа қысылса сыйып, Мұрат келе жатты. Ойқы-шойқысы көп жүдеу жол асығыс келе жатқан көк трактор кабинасындағы екеуді көтеріп-көтеріп тастайды. Ойынға орашалақ әкенің жас баланы қақпақылдап, әуелете тастап ойнаған олақ тірлігіндей.


Мұраттың есіне Елеубай оралды. Әрдайым ішіп алып, көшені басына көтере, барқырап айтар «тұрақты ариясы» құлағына қарлыға, қайта естіліп келе жатқан тәрізденді.


Жақсы қызды ала алмай, Жаман қызға көне алмай,


Қор болды-ау сорлы, Елеубай! Бай,бай, бай-ай, Бай, бай-ай!


Қазір қайда жүр екен,ә?


Мұрат сонау көз ұшындағы көгілдір тартып, мұнарта көрінген көркем тауларға ойлы жүзбен көз салды. Бір ауық балалық қиялға да беріліп кетеді.


 


Қатарында отырған жаңа таныс жақсы аға көшерін жел білген, қонарын сай білген Елеубайды желкелеп-желкелеп, дедектете сүйреп, сонау беймәлім алыстан ауылға қарай алып келе жатса...


Өз ойына өзі жымиып езу тартты.


Көше шетіне ене бергенде Орақбайдың үй жағын назарлады. Сая талға байланған масахана әлі жиылмаған екен.


Ал Қатпа қария болса әлі жолда кетіп бара жатқан-ды.


-Арам қатқыр! Ыхы-ыхы! Ауылдағы көк қауынның қабығын ойлап келе жатсың-ау, ә! – деп есегіне жеки ұрсады. -Ә, көріңде өкіргір, Елеубай, туыс болмай тұншығып өлгір, Елеубай! Топты бала-шағаны қаңғыртып қайда барып оңарсың?! Ыза жасы ақ күміс сақалына аунап-аунап түсті.


Қара сиыр жыңғыл қора ішінде ыстықтан өлгелі тұрған. Қарға адым жерде тұрса да жұмсақ емшекті бір соруға құмартқан ала бұзау енесіне қарап, қайта-қайта жұлқына ұмтылады. Анда-санда мөңіреп-мөңіреп қояды. Үнінде не жазығым бар еді, жазықсыз жазаландым-ау деген жеңіл мұң бар.


 


1978 жыл.


 




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу