27.02.2022
  146


Автор: Пернебай Дүйсенбин

ЕРТЕҢ АУЫЛҒА ҚАЙТАМЫЗ

 


Ертең ауылға қайтатын болдық. Бүгiн колхоз бастығы Әйнекбай келiп: – Рахмет. Балапандарым! Шын алғыстан басқа не айтамын. Ер-азаматтардың орнын жоқтатпаған азаматтықтарыңа мына ақ басымды иемiн, – деп, әрқайсымыздың қолымызды алып, арқамыздан қақты… Содан соң сәл-пәл мүдiрдi де:



  • Әттең орны толмас бiр өкiнiш болмаса, бәрi оңынан оралып едi. Қайтейiн, маңдайға сыймай кеттi, – деп көз жасын сығып алып, терiс айналып кеттi. Орамал iздеген қолы қалтасының аузын таба алмай, бiраз қарманды.


Бiз төмен қарап кеттiк. Ернiмiздi қырши тiстеп, еңiреп жылап жiбермеу үшiн әлдене ойлаған болып, жер сызғылап, шұқылап жатырмыз.


Жиын-терiн бiтiп, қырман тазарып, тұқымдық дән сұрыпталып, қоймаға құйылды.



  • Жақсылап тұрып тынығып, алыңдар, айналайындар. Ертең ауылға қайтасыңдар, – деп, колхоз бастығы қамқор көңiлiмен ақтарылып жатыр.


 


Ертең ауылға қайтамыз.


Барлығымыз далада, ашық аспан астында жатырмыз. Жонның жусанды даласынан ескен леп салқындай бастапты. Көрпемiздi қымтана түсiп, бiр- бiрiмiзге тығылыса түсемiз.


Бұрынғыдай гулесе, жарыса сөйлеп, iштi баса, шек-сiлемiз қата күлетiн көңiлдi қылықтардың барлығы жоқ. Ақырын сөйлеп, сабырмен ғана күлетiн бiр күй өз-өзiнен қалыптасып кеттi. Бiр-бiрiмiздi қажап, қалжыңдап, зiлсiз әжуалайтын сайқымазақ қылықтардың көбi көмескi тарта бастағандай. Көңiл көкжиегiмiздi бiраз уақыттан берi сұрғылт реңдi тұйық тұман торлап алған сықылды.


Саусақтары салаласа айқасқан қолымды басыма төсеп, шалқамнан түсiп, алқара көк аспанға ойлана қарап жатырмын.


Сан мың шырағын жағып тұратын түнгi аспан бүгiн түнерiңкi күйде. Жартыкеш ай селдiр бұлттың тасасына тығылып, айналасына көмескi әрпет берiп тұр. Ұзақ ұйқыға кетер дәуреннiң тақанғанын сезгендей әр бөлек тұстан шегiрткелер де қысқа қайырым сыбызғыларын тынымсыз бебеулетiп, бөлек сарынмен саз төгедi.


Кешке қарай күн желтеңдеу едi. Кенет аз уақыт ұйытқи соққан жел ашуы тез жұмсара бастады. Ақбұлақтың жылғасын бойлап өскен сәмбi талдар сүйрiк жапырақтарын шулатып, айналаны мазасыз әуенмен көмiп- көмiп өттi. Күн бiршама уақыт сiркiрей жауып, күндiз көтерiлген шаң- тозаңды басып үлгерер-үлгерместен қоя қойды. Дегенмен де ауа жаңғырып, айнала жағымды иiске бөлендi.


1988 жыл.


 




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу