27.02.2022
  206


Автор: Пернебай Дүйсенбин

ТАҒЫ ДА КЕЛЕМIН, ӘКЕ!

 


Бiздер өзен жағасынан кеш оралдық.


Киiз үйде қыздар жатыр. Балалар бұрынғысынша даладағы тоқыма алаша үстiне жайғасты.



  • Ертең ерте тұрасыңдар. Балалар барлықтарың жатып, тез ұйықтаңдар, – дедi Жарқын ағай қамқор үнмен.


Қыздар көпке шейiн күбiрлесiп, әлденелердi айтып, булыға күлiсiп жатты.


Мен ұйықтай алмадым. Екi алақан, табыным қызып, дөңбекши бердiм.


Алдияр мен Айдан қорылға басып, елден бұрын ұйқыға кеттi.


Ескi күпәйкеме басымды қойып, шалқамнан түсiп, аспанға ойлана қарап жатырмын.                     Түнгi   аспан   жымың   қаққан   сан   мың   жұлдыздарды  ашық


 


кеудесiне қадап алып, бар дүниеге, мынау жатқан жер әлемге бөлекше мейiрiн төгiп тұрғандай. Сонау оңтүстiк батысқа қарай жосыла созылып жатқан құс жолы бозаңдана, көгiлжiм тартқан көкжиекке қарай құлап жатыр. Көзiң тоймайды, сүйсiнiп қарай бергiң келедi, қарай бергiң келедi. Әне, тағы бiр жұлдыз жарқырай ағып өттi. Тап қазiргi сәтте қандай адам мынау жарық дүниемен мәңгiге қош айтысты екен, ә?!


Әкемнен хат келмегелi көп болды. Апам да қатты қобалжып, өзiн қоярға жер таппай жүр, Мүмкiн… Әрi қарай ойлаған ойымнан өзiм шошынып кеттiм.


Айналайын, жан әке, сiз тап қазiргi кезде қай жерде жүр екенсiз. Сiз туралы осы мезетте менiң не ойлап жатқанымды бiлсеңiз ғой. Екi көзiм төрт болып, ауылды ойлап, апам мен екеумiздi елжiрей сағынып-ақ жүрген шығарсыз.


О, шiркiн, ұшар қанатым болса ғой. Сiз орманның шетiнде менi бiр төбешiктiң басында күтiп отырсаңыз,мен құс болып, қырандай зулап, сонау көк аспанды көмкерiп тұрған алып Құс жолымен сiзге жетсем, бiр керемет болар едi-ау! Мүмкiн, сiз қашқан жауды дүркiрете қуып, айдап бара жатқан шығарсыз. Қолыңыздың тимеуi әбден мүмкiн ғой. Бiрақ, әкетай, апам жүдеп өлетiн болды. Ұрыстан бiр қалт еткенде: «Аманмын, мұңаймаңдар. Жеңiс күнi тақау», – деп бiр-екi ауыз сөз жаза салыңызшы. Жарай ма?


Оњо, алақай, менiң қиялым шындыққа айналып сала бергенi бар емес пе? Ойпыр-ай, мұндай да болады екен-ау! Қос қолым қос қанатқа айналып сала бердi. Көзiмдi тарс жұмып алдым…


Туњ, әкетай, айтпақшы ұмытып бара жатыр екенмiн ғой. Сiздiң менi көргендегi қуанышыңызды тiлмен айтып еш жеткiзе алмаспын-ау. Орманның iшiнде тұрған сiздiң жауынгер серiктерiңiз екеумiзге қызғанышпен қарап тұр. Олардың барлығы да: «Шiркiн, бiздiң баламыз да осылай қанат байлап, неге ұшып келмейдi екен, ә», – деп көздерiне жас алып жатыр. Сол кезде орманнан бiр генерал шыға келiп, сiзге былай дейдi:



  • Қатардағы жауынгер Аманжолов Бейсен! Ұлыңыздың сонау алыстан еш қаймықпай, осынау ұрыс даласына жеткендiгi үшiн сiзге бiр сағат мұрсат беремiн!


Әкем саңқ еткiзiп дауыстап:



  • Рахмет, жолдас генерал! – дедi.


Екеумiз бiр сағат бiрге болдық. Әке, сiз аздап жүдепсiз. Бiр-ақ рет жарақат алдым дейсiз бе? Жазылып кетсеңiз, ештеңе етпейдi. Кеудеңiздегi орден, медальдардың көз қызықтыра жарқырауын қарашы. Талай ерлiк жасағыныңызды көрiп тұрмын. Екеумiздiң осылай кездесiп тұрғанымызды бүкiл ауыл көрсе ғой, шiркiн! Бұл бiр елдiң есiнен кетпейтiн ересен оқиға болар едi-ау!


Апам аман. Шаршап жүр. Егер өзiңiз елге аман-есен оралсаңыз, оның бұл шаршағанының бәрi бiр күндегiдей болмайды. Әлi-ақ ұмытылып кетедi, әкетай.


өзiмiз де аманбыз. Кеше колхоз бастығы Әйнекбай келiп, бiздi әбден мақтады. Бiзге де оңай соғып жатқан жоқ. Ана Мәлiкаждардың қара сирақ


 


баласы Бақтиярлар да қабырғасы ыржыңдап, айырмен шөп тиеп, әжетке жарап жүр. Он екi, он үштегi, он төрттегi бiздер де бiр ауыз сөзге келместен, осында өзiңiз ат шалғымен шөп шабатын Қарақоғада шөп жинап жатырмыз. Жарқын ағай: «Әрқайсымыз жақсы еңбек етсек жау да солғұрлым тез жеңiлетiнi естерiңде болсын», – дейдi.


Бiрақ ағай қайта-қайта ауданға барғыштап, майданға сұранып жүр. Неге екенiн бiлмеймiн, сол ағайдың соғысқа бармай-ақ, өз қасымызда жүргенiн жақсы көремiз. Тiптi жас қой. Апамдар айтады: «Сорлы баланың онысы несi, он екiде бiр гүлi ашылмай жатып өлiмге асыққаны» – деп.


Жақында Жонға бидай ораққа жүремiз. Биыл бидай өте бiтiк шығыпты. Киiкбай атамдар айтады: «Бұл жақсы ырым, елдiң несiбесi. Жауды жеңiп қайтқандардың ырысы», – деп жүр.


Түсiп құрдасыңыз соғысқа бiр қолын берiп, бiржола оралды. Қазiр Жонда бригадир болып жүр. Сиыр бағатын Елшiбай атамның Жамбы деген баласы майданнан жарақат алып келдi. «Жұмысқа жарамайды», – дейдi апамдар. Бектастың, Ыдырыстың әкелерiнен жақында қара қағаз келдi. Екеуi не қылсын, жылап-жылап қойды. Қазiр екеуi де арамызда. Көп ортасы болған соң ба, ұмытып кеткен сияқты.


Менiң Мақсұт досымның әкесi госпитальда жатыр. өзi ауыр жарақат алыпты. Келiп қалар деп күтiп жүр. өкiнiштiсi сол, Мақсұт жардан құлап, аяғынан ауыр зардап шегiп жүр. Қазiр алты ай болды. Ол өзi керемет суретшi бала. Батыр ұшқыш Нұркен Әбдiровтiң ерлiгiн бейнелеген суретi керемет. Ендi батыр апаларымыз Әлия мен Мәншүктiң ерлiктерiн бейнелеп салам деп жүр. Сондай тамаша бала.


Бiз жұмысқа келгелi тiптi көңiлденiп кеттiк. Жарылқасын арамызда. Ойын- күлкiге қарықпыз. Киiкбай атам айтады: «Ойнап-күлiп жүрiп iстеңдер, iстерiң өнедi». өзi де бiздi күлкiге әбден қарқ қылады. Шiркiн, Киiкбай атамның мая салғыштығын айтсайшы, көке. Керемет! Бiлетiндер айтады:


«Бұл маяға бiр тамшы су тұрмайды, жаңбыр тамған бетте, сырғанап етекке кетедi», – деп.


Мен үлкен кiсiлердiң iшiнде өмiрi ашуланбайтын кiсi кiм десе, Киiкбай атам дер едiм. өткенде Ермек көкем: «Кикеннiң баласынан төрт-бес айдан берi хабар жоқ», – деп айтты. Сөйтiп: «Мықты кiсi ғой, сонда да ешкiмге қабақ шытып, сыр бiлдiрмейдi. Не болса да iшiнде», – деп бiр кiсiлерге айтып жатты.


Көкешiм, айта берсем, әңгiме көп. Анау генералдан да ұят болды. Ол кiсiлердi де сыйлау керек қой. Бiр екеумiз үшiн қанша адамды иiрiп қойды. Ол кiсi бiздiң көңiлiмiздi қимай бiр сағат уақыт бердi. Соған да рахмет. Ендi маған рұқсат берiңiз. Қанатымды байлап ап, құс жолымен адаспай, ауылға керi ұшып барайын. Уақыт тапсам, тағы да келемiн, әке! Тағы да сiз аңсаған жаңалықтарды жеткiзiп беремiн. Көрiскенше күн жақсы болсын, әке!..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу