27.02.2022
  124


Автор: Пернебай Дүйсенбин

КИIКБАЙ АТА

 


Барлығымыз, барлығымыз болғанда, он бес–он алтыдай оқушы колхоз кеңсесiнiң алдына таң сәрiден жиналдық. Жарқын ағай шолақ көшенiң шет жағында тұратын Киiкбай атайдың үйiне кеттi.


Артынша қос өгiз жегiлген шарбақты арбаны айдаған атай көрiндi. Жарқын ағай ол кiсiмен қатарласа отырып алыпты. Балалар арбаға қарай дабырласа, топтала қозғалды.



  • Ассалаумәлейкүм, ата.

  • Салаумәликүм.

  • Әликүмсалам.

  • Амансыз ба, ата! Барлығымыз атайға жамыраса сәлем берiсiп жатырмыз.


Киiкбай атай көнетөз бөркiн басына кептей киiп, жып-жылы күлкi ұшқыны шашырап тұратын қысық көзiмен балалардың бетiне сынай қарап аз тұрды. Барлығының айқыш-ұйқыш ұсынған қолдарын күлiмсiреген қалпы алып жатты.



  • Әй, зәнталақтар-ай! Сен сары Әубәкiрдiң Алдиярысың ба, ей?

  • Иә.

  • Әй, жалпақ бет, сен Бүкiрдiң Айданысың ба?

  • Әй, мына бiреуiң кiм? Әлгi Ақанның аудан болып сұрап алған Ауданбегiсiң бе, ей?

  • Иә.

  • Ой, бәтшағар, танауың таңырайып, кiмге тартқансың? Шешең Төлеукүлге кеткен-ау, ә.


Балалардың екi езуi екi құлағында. Қыздар жағы үнсiз жиылысып, шетке ұйлығып тұр.



  • Қарай гөр, бәрiн, зiңгiттей-зiңгiттей жiгiт болып кеткенiн. Мiнiп болдыңдар ма?

  • Болды.

  • Ана қыздарымды ортаға отырғызыңдар.

  • Жарайды.

  • Айдаңыз.

  • Шүу! Арба орнынан сықырлап, шайқала қозғалды.


Қарақоға ауылдан қашық та емес. Бас-аяғы сегiз-тоғыз шақырымдай. Бiрақ өгiз арба үшiн бiрталай уақыт алатын жер. Сәске түс болмай-ақ ұясынан тез


 


көтерiлiп,  бар   алапты   тез   қыздырып  кететiн   оңтүстiк   күнi   бет-жүзiңе қарамайды. Қазiр де күн алаулап, ысуға бет бұрғандай.


Киiкбай атай ауылдан ұзай бере-ақ әңгiме бастады.



  • Батырларым, қалай болар екен, ә? Кәне, қол көтере қойыңдаршы, ұйқыны кiм жек көредi? Артына бұрылып, қулана күлiмдедi.


Ешқайсымыз қол көтерген жоқпыз.



  • Дұрыс. Ұйқыны барлығың жек көрмейдi екенсiңдер.

  • Келесi сұраққа жауап беруге дайындалыңдар. Ұйымшыл үнмен шу ете қалдық.

  • Дайынбыз.


Киiкбай атаның бiр көңiлдi жайды бастағалы келе жатқанын бәрiмiз сезе бастағандаймыз. Бұл кiсi бiз ес бiлгелi сол Қарақоғада мая басында қарауыл әрi мықты мая салушы деп еститiнбiз. «Кикең айтты, Кикең бүйттi, сүйттi» деген әңгiмелерден де шетпұшпақтап хабарымыз бар-ды.



  • Ертең мына Жарқын: «Жолдас сарбаздар, орындарыңнан тұрыңдар!» – дегенде, тұрмай қалатын тоңмойын қайсың боласыңдар?

  • Ешқайсымыз.

  • «Тұр» дегенде тұрып кетемiз.

  • Тоңмойыны құрысын, – дедi Алтынсары күлiп.

  • Онда жарадыңдар, ендi мен сендер туралы күдiктен адамын.

  • Осы сендер нешiншi оқисыңдар?

  • Алтыншы.

  • Жетiншi.

  • өздерiң барлығың да дырдай-дырдай жiгiт екенсiңдер. Мен сендерден бiр сұрақ сұрағым келiп жүр едi, соған жауап беруге қалайсыңдар?

  • Қойыңыз, ата.

  • Жауап беремiз.

  • Мүдiрiп қалып жүрмейсiңдер ме?

  • Жоқ.

  • Мүдiрмеймiз. Жарыса жауап берiп жатырмыз.

  • Ендеше, бiрiншi сұраққа жауап берiңдер.

  • Берейiк.

  • Осы бiздiң жауымыздың басшысы кiм деген?

  • Гитлер.

  • Гитлер.

  • Ендеше оттапсыңдар! Соншама зiл-салмақпен, түсiн жылытпастан бiр-ақ кесiп айтты. Бiз аң-таңбыз. Әрi-сәрi халде Жарқын ағаға қараппыз. Аз iркiлiстен соң сауал қойдым.

  • Ендi кiм басшысы, ата?

  • Соны да бiлмейсiңдер ме?

  • Бiздiң бiлетiнiмiз – Гитлер.

  • Газеттегi мазақ суретiн де, өз суретiн де көрдiк, Аты – Гитлер, – дедiм.

  • Оның шын аты Гитлер емес.

  • Ендi кiм?

  • Айтайын ба?


 



  • Айтыңыз.

  • Естерiңде сақтайсыңдар ғой?

  • Сақтаймыз.

  • Оның аты Гитлер емес, Yйтiлер.


Барлығымыз қыран-топан, шексiлемiз қатып күлiп жатырмыз. Көзiмiзден жас аққанша күлдiк.


Күлкi саябырси бастағанда, Киiкбай атай сол сабырлы қалпынан иненiң жасуындай да ауытқымай бiздердi шола қарап:



  • Мен шын айтып отырмын. Оның аты – Yйтiлер. Тағы күлдiк.

  • Немене, нанбайсыңдар ма? Жақында менiң балам Жақан әскерден хат жазды. Сонда былай дептi: «Көке, жеңiс күнi жақын. Адамзат баласының жауы Гитлердiң басы өз үйiнiң ошағында үйтiлер күн тақанып қалды», – деп жазыпты. Мен содан берi Гитлерiңдi «Yйтiлер» деп атаймын.


Жарқын ағай Киiкбай атайға ерекше iлтипатпен қарап қойды да:



  • Атайдың айтқан сөзi рас, – дедi. Iшiмiзден күбiрлеп: «Yйтiлер, Yйтiлер»,



  • деп қойып бiз отырмыз. Жұлдыздай жымыңдаған қашыртқы күлкi әр езуде, әр ерiнде бөлек ойнап, әр бөлек құбылады.

    • Yйтiлер – Гитлер.

    • Гитлер – Yйтiлер.




Бiрнеше пысықталып, бiрнеше қайталанған құбылма сөз сана төрiнен берiк орын алып үлгердi.



  • Yйтiлер – Гитлер.

  • Гитлер – Yйтiлер.


Осы ду-думен межелi жерге тақанғанымызды кеш аңғардық. Алдымыздан салқын самал мен көк иiсi есiлiп қоя бердi. Шабақты өзенiнен өтiп, жыңғылды жазаңнан өткенде, шалғыны шалқыған, көкпеңбек шалқар алап Қарақоға көзге көрiндi…




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу