27.02.2022
  222


Автор: Пернебай Дүйсенбин

САЯТ

ПОВЕСТЬ


ТӘРБИЕ САҒАТЫ



  • 1945 жылы Хиросимаға атом бомбасы түскен кезде Сасаки Садаки небәрi төрт жасар сәби едi. Ол ерекше сүйкiмдi нәзiк қыз болған. Сасаки сәуле ауруына ұшырап, көптеген жылдар бойы сұмдық азапты басынан кешедi. Ол күнi-түнi осы бiр ауыр дерттен жазылуды армандайды. Аурухананың терезесiнен жарығы кең дүниеге ет жүрегi елжiрей қарайды. өзi секiлдi жас қыздардың, балалардың елiктей асыр салып ойнаған қимылдарын ұзақты күн қызықтайды. Кейбiр кездерде өзiнiң солармен бiрге бола алмайтынын ойлаған кезде терiс қарай аунап түсiп, екi бетiн басып, үнсiз ғана егiле жылайды екен.


Кей шақта терезеден естiлген құстардың көңiлдi шиқылы мен сан алуан әуендерiн елiте тыңдап, жымыңдай күлiп жатады. Сонау алыс-алыс жерлерден көгiлдiрленiп, ерекше әсем болып көрiнген тауларға ұзақ телмiре қарап, көңiлiн жұбататын. Сондай бiр күндерi ол сонау тұнық көктiң күмбезiнен тырнаның сазды, сиқырлы үнiн естидi. Ол қуанғанынан орнынан тұрып:



  • Ей, тырналар, ей, айналайын тырналар! Мен қашан жазыламын, айтыңдаршы! – деп айқайлағысы келiптi. Тырулаған тырналар Сасаки Садаки жатқан аурухананың төбесiнен үш рет айналып, мұңды бiр әуенмен сызылта ән салып, сонау алыста жұмбақтана көрiнген көгiлдiр тауларға қарай ұшып кете барыпты.


Бiр күнi әлгi жас қыз түс көрiптi. Түсiнде бiр адам қызға былай дейдi:



  • Ей, сүйкiмдi кiшкене қыз! Сен ауыр дертiңнен жазылғың келсе, онда қағаздан өз қолыңмен мың тырна жаса! – дейдi де жоқ болады. Кiшкене Сасаки Садаки таңертең ерекше көңiлдi оянады. Келген дәрiгерлерге өзiнiң көрген түсiн айтады. Олар қызға қағаз, желiм, қайшы әкелiп бередi. Ол жанға батқан кеселмен алыса отырып, кiп-кiшкене, нәп-нәзiк саусақтары майысып, көк еркесi, пәк мiнез тырналардың бейнесiн бiрiнен соң бiрiн жасайды. Бiрақ меңдеткен дерттен әбден титықтаған Сасаки Садаки кейде жасай бастаған қағаз тырналарын аяқтай алмай, талықсып құлап қала бередi.


Зор жүректi, сезiмтал жанды дәрiгерлердiң бiрi газетке хат жазады. Жапон балаларынан Сасаки Садакиге көмек көрсетуiн сұрайды. Бұл өтiнiш хат әлемдегi көптеген газеттерге көшiрiлiп басылады.


Бұдан соң не болды дейсiңдер ғой, балалар? Мұны тiлмен айтып жеткiзу тiптен қиын.


Жапонияны былай қойғанда, әлемнiң барлық түкпiр-түкпiрiнен поездармен, самолеттермен, кемелермен осынау Хиросима қаласына өздерiңдей балалар жасаған қағаз тырналар жүздеп, мыңдап келiп жатты.


Әр қағаз тырнаның қанатының астында қамқор жүректердiң лүпiлi, адал сезiмдердiң тасқыны, пәк ниеттердiң толқыны жапон халқының сол бiр кiшкене қызына теңiздей ақтарылды. Олардың барлығы да Сасаки Садакидiң


 


құлан таза жазылып, еш мұңсыз, қайғысыз күлкiсiмен өз қатарларына қайта қосылатынына кәмiл сендi. Балалардың барлығы күнделiктi жаңалықтарға құлақ тiгiп, өздерiнiң сонау алыстағы аяулы досының «жазылды!» деген хабарын тағатсыздана күтiп жүредi.



  • Бiрақ… – дедi де Жаннұр апай iркiлiп тұрып қалды. Саят осы «бiрақ» сөзiн естiгенде селк еттi. Бөлекше әсермен, бар ынта-ықыласымен құлай тыңдап отырған балалардың бiразы қозғалақтап, ендi не айтар екен дегендей тыныс тарта қалды. Саят қатарындағы партада отырған Әсияның жүзiне қарады. Кiп-кiшкене жұдырығын иегiне сүйеп, шарасы кең көкшiл көздерi бұрынғыдан да үлкейiп, үрей аралас бiр күйге ауысқан. Көз кенерi жаспен шыланған ба, қалай? Иегi де дiр-дiр ететiн секiлдi.


«Сасаки Садаки он төрт жасына қараған шағында, қыршын шағында, он екiде бiр гүлi ашылмай мәңгiге көз жұмды». Жаннұр апай төмен қарап, терең күрсiндi. Көпке дейiн стол үстiнен көзiн алмай, бiр қағаздарды аударыстырып жатты.


Балалардың барлығы да үнсiз отырып қалды. Әр тұстан iш тарта тыныс алып, күрсiнген үндер құлаққа шалынады.


Саят төбесiнен мұздай су құйып жiбергендей сезiндi. Аз сәтке болса да көз алды тұмантып, бұлыңғыр тартты. Терезеден сыртқа көз тiктi. Сонау көгiлдiр аспаннан көп тырна төмен қарай құйылып келе жатқан тәрiздендi. Жаннұр апайдың даусы қайта естiлгенде барып, сол бiр елес әсерден айықты.


«Бұл жас қыздың мезгiлсiз өлiмi жапон халқын қатты күйзелттi. өздерi он жыл бұрын кешкен сол бiр сұмдық трагедияны қайда бастан өткергендей болған. Бүкiл жапон балалары қаржы жинап, сол қыздың мүрдесiнiң басына ғажайып ескерткiш жасады».


Жаннұр апай ескерткiштiң суретiн көрсеттi.


Көкке сүйiрленiп, әуелей орнатылған үш таған бомба тәрiздес күмбездiң үстiнде нәп-нәзiк тұлғалы, қос қолымен қағаз тырнаның мүсiнiн ұстаған жас қыз тұр. Сәлден соң қалықтап ұшып кеткелi тұрған секiлдi. Не деген ғажайып ескерткiш!


Саяттың құлағына тырулаған тырналардың үнi келдi. Көзiн тарс жұмып алды. Сасаки Садакидың қос қолын қанат қылып, сонау заңғар көкке қарай ұшып бара жатқан суретiн көз алдына келтiрдi. Бар дүниенi жаңғырықтырып:



  • Мен тiрiмiн, мен өлген жоқпын! – деген қыздың үнi құлағына жеткендей болды.


Неге екенi белгiсiз, көңiлi жүдеу тартып, жабырқап қалды. Ойына шешесi оралды. Осыдан екi-үш күн бұрын ауруханаға түсiп қалған. Тағы да – сол баяғы жүрегi. Бұл жолы ауыр халде түскен. Ауырғандағы түрiн көз алдына елестетсе, тұла бойы түршiгедi. Қол-аяғы сiресiп, өңi қуарып сала бередi. Суық тер тұла денесiн жауып кетедi. Шешесi мұндай ауырған сәтте Саяттың кiшкене жүрегi шаншып, қақпанға түсiп, жанталаса қалған қоянның халiне ұқсас бiр күйде болатын. Дiр-дiр етiп, қолды-аяққа тұрмайды.


Е, шiркiн, апам жазылса ғой…


Сыртқа шыққанда, анадай жерде Әсия мұны күтiп тұр екен.


 



  • Жүрсейшi, Саят, қайтайық. – Екеуi бiраз жерге дейiн үнсiз жүрдi. Әсия Саяттың өңiндегi көңiлсiздiк көлеңкесiн аңғарып келе жатқан. Ол осы үнсiздiктi бiрiншi болып бұзды.

  • Шынында да жаңағы қыздың тағдыры қандай аянышты, ә? Саят ерiксiз тiл қатты.

  • Айтпа, аянышты екен. Он жыл бойы ауыру деген де сұмдық қой.

  • Мен алғашында жүрегiм лүпiлдеп, ой, алақай-ай, жазылатын болды-ау деп қуанып отырдым. Апай «Бiрақ» деген кезде не болғанымды бiлмей кеттiм. Бiздiң Жаннұр апай да айтқанда адамды елiктiрiп әкетедi ғой. Тiптi менiң көзiмнен жас шығып кете жаздады.

  • Шынында да керемет қылып, тап сол қыздың қасында болып келгендей айтқан жоқ па?

  • Иә, дәл солай. Ескерткiштi тiптен қатырып соққан,ә! Қандай әдемi!

  • өте әдемi екен. Қыз тiптi тырна болып көкке ұшқалы тұрған сияқты.

  • Ой, шiркiн, сол ескерткiштiң дәл өзiн барып көрсең ғой! Нағыз тамаша сонда болар едi, ә!

  • Бәрiнен де соны айтсаңшы! – Екеуi де бiр сәтке көздерiн алысқа қадап, қиялдап кеттi.


Содан кейiн:



  • Саят десе, түстен кейiн мектептегi концерт дайындығына келесiң бе, мен сенi күтемiн, – дедi Әсия.

  • Жоқ, бара алмайтын болып тұрмын. Апама тамақ апарамын.

  • Е, – автобус орталыққа баяғыда кетiп қалған.

  • Yйдегi Ақтайқарыммен барамын.

  • Кешке шейiн үлгересiң бе?

  • Е, үлгермей! Оның өзi өте жүйрiк қой. Анада Ақтөбе түбiнде, бәрiмiз жарысқанда бiрiншi болып келгенi есiңде жоқ па? – Саяттың үнiнде сәл мақтан бардай.

  • Е, неге есiмде емес! Бiлемiн ғой. Балалардың нағыз тұлпар екен деп мақтағаны ойымда. Сонда да сегiз шақырым деген талай жер емес пе?

  • Түк те емес. Әрi аурухана көшенiң бергi шетiнде. Ақтайқармен көздi ашып-жұмғанша барып келемiн.

  • Онда жақсы! Апаңа менен сәлем айт.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу