Өлеңдер ✍️

  27.02.2022
  443


Автор: Өтеген Нұрмағамбетов

ТАҒЫ БІР КӨКТЕМ

Жүрекпен сезіп
өкпек жел үнін,
Жаурады жаным,
өкпелі гүлім.
Тағы бір көктем
толассыз жаңбыр,
Тағы бір жылдың
өткенін білдім.
Балалық шағым,
бұлаң кездерім,
Қайда жүрсіңдер,
бұраң белдерім?
Қырмызы күндер
қызыл түлкідей,
Байқамай қалдым
бұлаң бергенін.
Сағыныштарым,
сағым құшқаным,
Жалыныштарым,
жанып ұшқаным.
Жоғалтып алдым,
жабығып қалдым,
Сарыны билеп
сабылыстардың.
 Сығалай берсін
жақтаудан күдік,
Тағы бір көктем,
тағы да үміт.
Хабарсыз қалған
сол бір жұмбақ жан,
Қарсы алар ма екен
алдымнан шығып?
О, менің осы
ғайып көктемім,
Осы сәніңнен
тайып кетпегін.
Өзіңнен шығып,
өзіңе жетем,
Жылап та алам,
айып етпегін.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу