Өлеңдер ✍️

  27.02.2022
  216


Автор: Өтеген Нұрмағамбетов

ЕЛІ ҮШІН ТУҒАН ЕР БАРАҚ


Асынған қару жарақтан,
Аузына елін қаратқан.
Асып та туған ер бар ма
Табыннан шыққан Барақтан?
Үстіртте құм бар Сам деген,
Доңыз тау асып таң келген.
Пендесіне Хақ-Тәңір
Сол құмда бала, жан берген.
Табыннан шыққан Шөмішті
Қалмақтың қанын көп ішті.
Шөміштінің Барағы
Тапқанын елмен бөлісті.
Жасынан әскер бастаған,
Жауынан қорқып саспаған.
Қиялай келген дұшпанын,
Қылышпен бөліп тастаған.
Ала шаң қылған тақырды,
Жекпе-жекке шақырды.
Кеудесін бөлген екіге
Алакөбік батырдың.
 Өкіріп қалмақ құлаған,
Ұзыннан тура сұлаған.
«Батырың болса келсін», –деп,
Қалмақтан қайта сұраған.
Жадында елдің өткен күн,
Тұралап қара нар шөккен күн.
Туралап келген көп қалмақ
Туралып қанға бөккен күн.
Жауынан қорқып ықпаған,
Шашасына шаң жұқпаған.
Ысқырып келсе сұр жебе,
Шіміркіп басын бұқпаған.
Жауырыны жалпақ төрден де,
Жарты атан болар бөлгенде.
Қалмақты көріп қуанған,
Жауым деп көрген өлгенде.
Бет бақтырмай тіріні,
Қалмаққа жеткен бүлігі.
Қол-аяғы сом біткен,
Атан түйенің жілігі.
Асаудан тұлпар жаратқан,
Құйрық та жалын таратқан.
Шөміштінің Барағы,
Қан кешкен дейді балақтан.
Сұлуды кімдер сүймеген.
Сұңқарды кімдер ілмеген.
 Асылдан туған Асыл ер
Елім деп көзін ілмеген.
Тоқтағаны Наркескен,
Томылғыдан қар кешкен.
Тобылғы қамшы үйіріп,
Толарсақтан саз кешкен.
Орысқа найза білеген,
Терісін алып іреген.
Қой үстінде бозторғай
Балапандауын тілеген.
Мерейін елдің асырған,
Топырлап жауын қашырған.
Тосыннан төнген тасырдың
Төбесін ойып басынған.
Асығы түсіп алшыдан,
Қол жинаған жалшыдан.
Ұрандап жауға тигенде,
Дұшпаны қанға малшыған.
Хан баласы ақ сүйек.
Қолдаған ерін нақ сүйеп.
Бір жеңнен қол шығарған,
Біріккен елге бақ тиеп.
Дат ұлы Сырым бастаған,
Батыры Барақ қостаған.
Орыстың қашқан үрейі,
Ерлігін елі қоштаған.
 Үмітін елдің ақтаған,
Отаршыл жауға жақпаған.
Еділ мен Жайық арасын,
Орысқа бермей сақтаған.
Береке күтпей биліктен,
Кескілесіп киліккен.
Бекініс салып бекінген,
Орынборына шүйліккен.
Көріпкел Бекет қолдаған,
Асырып айтса ол да адам.
Шөмішті Барақ қанында
Үш ұрпаққа жететін
Батырлар бар деп болжаған.
Әулие халық айтпаған,
Тарихта болған жәйтті алам.
Барақтан туған Асау да,
Асаудың ұлы Дәуіт те
Еңсермей жауын қайтпаған.
Елеулі етіп ел бетін
Еңселі етіп келбетін.
Асау мен Дәуіт аттанған,
Қызғыштай қорып жер шетін.
Ұрпаққа үлгі ететін,
Мұра боп елге жететін.
Батырлар өткен өмірден
Ғасырға аты кететін.
 Еліміз – ерлік тұрағы.
Жанары ердің қырағы.
Қаһармандық рухтың.
Желбіреп туы тұр әлі.
22.08.2014 жыл.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу