Өлеңдер ✍️

  27.02.2022
  177


Автор: Өтеген Нұрмағамбетов

АҚТӨБЕДЕГІ АҢШЫ ДОСЫМА

Көрінбейді
бораннан ара қашық,
Күн өтеді
ақ қармен жағаласып.
Ақтөбенің
ақ шұнақ аязында,
Батыр болсаң
аң қуып далаға шық..
Білген жанға бәрі ыстық,
бәрі мәлім,
Біздің елдің
түседі қары қалың.
Үріп-соғып
ақ түтек ысқырғанда,
Жақсы ат пенен
жақын дос табынарың.
Алға қарай
жетелеп барады үміт,
Айқайлап қой
адассаң арагідік.
Қасқыр тектес
қас батыр қасыңдағы,
Жарамайды
мұндайда бала-жігіт.
 Қасқыр ма деп
қарайсың қараларға,
Қар үстінде
жортады ала қарға.
Қамысқа алып
барады қабан ізі,
Қырсық шалса
далада шама бар ма.
Қылаң берді
қиядан қызыл түлкі.
Қар үстінде қып-қызыл,
үрпі-түрпі.
Қас қарайды,
жұлдыздар оянады,
Қырдан асып
барады тағы бір күн.
Қоян қашар
қыр асып қалбалақтап.
Тазы-көңіл қуады
далбалақтап.
Қой ауылдың
түтіні көз ұшында,
Бұралқысы үреді
абалақтап.
Малға тыным бермеген
аңын атып,
Сақтаған соғымының
дәмін татып.
 Жауды жеңіп қайтқандай
күйге енесің,
Дел-сал болып даладан
келе жатып.
21.08.2014 жыл.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу