Өлеңдер ✍️

  27.02.2022
  162


Автор: Өтеген Нұрмағамбетов

ЖАЗ

Шіліңгір шілде, күн аптап,
Төбеде күн тұр қонақтап
Шыжғырып барып Жер бетін.
Мұндайда іздеп бұлақ тап,
Кетейік көптен жырақтап.
Сағала өзен-көліңді,
Басасың сонда шөліңді.
Елестетуге қорқамын,
Қайнарсыз, сусыз өмірді,
Жалынсыз, отсыз көңілді.
Қыс келер ертең ызғырып,
Барлығын кетер мұз қылып.
Ақ шұнақ Аяз қайдасың,
Күн өртеп барар қыздырып,
Табаға салып шыжғырып.
Аяла мені, Алтын күн,
Қалдырма ізін салқынның.
Күнімен бірге күн кешем,
Күнін бер маған жалпының,
Үнін бер маған халқымның.
Теңізге қарай ұшамын,
Қарт Каспий жайды құшағын.
Құлаштай кесіп айдынын,
 Жағалау құмын құшамын,
Жанымнан жалау, ұшар мұң.
Маңғыстау – жарты аралым,
Өркендей берсін тарабың.
Шаңқылдай ұшқан шағала,
Көз алмай оған қарадым,
Сағынып сені барамын.
Ақселеу, аппақ нұр таңда,
Тербеліп теңіз тұрғанда,
Алыс та алыс қиырға
Кемелер бағыт бұрғанда,
Сап түзеп сапар қылғанда.
Шақырып алыс сапарлар,
Көрмеген біздер шаһарлар.
Кемелер жүзді жөңкіліп,
Жүк артқан керуен-атандар,
Жолдарың болсын, атандар!
Айналып аққу-қаз кеткен,
Самала, салқын әз-көктем.
Сағымды сығып су еткен,
Ыстықсың сонша жаз неткен,
Ып-ыстық демің, мәз кеткен.
Жер таппай жанды қоярға,
Ақ қайың, тұрмыз саяңда.
Күн қанша ыстық болса да,
Тірлікке адам тояр ма,
Соғуын жүрек қояр ма.
 Жанымның іздеп дауасын,
Жұтамын теңіз ауасын.
Сағындым сені, Алматы,
Сағындым достар арасын,
Сағындым жастар қаласын.
21.08.2014 жыл.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу