Өлеңдер ✍️

  27.02.2022
  356


Автор: Өтеген Нұрмағамбетов

ТІЛ ТУРАЛЫ ТОЛҒАУ

Тіл дегенде
тебірентер ой легі,
Жолығасың
құдыретке бейне бір.
Бірде ортада,
көп адамның ішінде
Бір қария
орысшалап сөйледі.
Орыс емес
қарап тұрсам түріне,
Ол да сезді
қалғанымды үңіле.
– Ау, ағайын,
орыссыз ба? – дедім мен,
Қарияның
сөз-ләмінен түңіле.
Екі көзі
бақырайып кеткендей,
Менің сөзім
жебіріне жеткендей.
– Айналайын,
Сібірденмін, – деді ол
Өткен күнде
алашағы кеткендей
 – Білем, Аға,
Сібір –
көне түркілердің мекені,
Қалың орман,
өзен-көлдер етегі.
Сол аймақта
ат ойнатып жауына,
Көшім сынды
ерлер өткен көшелі.
Ол жайында
бар емес пе сан аңыз,
Оған куә
бәрін көрген даламыз.
Ермак сынды
есерлерден ел тозып,
Көмескілеу
тартып кеткен санамыз.
Бұл ағамыз
Сібір – Іібір зәузаты,
Сұрағыма
ол тереңнен қаузады.
Бір кісідей
біледі екен өткенін,
Айтқандары
жүрегімді баурады.
Бастапқыда
сөйлесем де сүйкеніп,
Бауыр бастым
бір ғаламат күйге еніп.
 – Басқа елде өскеннен соң,
бауырым,
Басқа тілге кеттік, –
деді, – үйреніп.
– Жоқ, - дедім мен,
- күнің туды қайтадан,
Өз тілімде
айтарымды айта алам.
Өз тілімде
сүйгеніме сөз салып,
Өз тілімде
сөйлегенде жай табам.
Өз тілімде
өлең жазам толғанып,
Өз тілімде
ойлай білу – зор бақыт.
Бесігінде
жаңа туған нәресте
Бесік жырын естімесе,
сорладық.
Абай жолы –
Әуезовтың тілі бұл,
Жұмыр-Қылыш –
Махамбеттің жыры бұл.
Әлдиімен
алтын бесік тербеткен
Алтын құрсақ
аналардың сыры бұл.
 Адуын жыр,
тілімізде тұр дәмі,
Отызында
көктемей-ақ құрғады.
Ортамыздан
ерте кеткен сағым боп
Айтылмаған
Айбергенов жырлары.
Күміс көмей,
жез таңдайдан ән тамған,
Бүкіл дала
ән сап тұр деп тамсанған.
Еуропа жүрегінде,
Парижде
Қашаубаев
осы тілде ән салған.
Ақиығы
жиырмасыншы ғасырдың,
Сынығындай
Махамбеттей асылдың.
Осы тілде
Мақатаев жырлары
Қазағыма
шашу болып шашылды.
Жат бауыр боп
кеткені ме қорғалап,
Көздерінен
тамшы кетті сорғалап.
 – Ау, ағатай,
мұныңыз не, қойыңыз,
Тұрғам жоқ
қой мен өзіңді қор санап.
Тұрғаным жоқ
өзімді де зор санап,
Нем бар еді
қазбалайтын соншама?
Қасына кеп
құшақтадым ағамды,
Көп ішінде
ыңғайсыздау болса да.
19.08.2014 жыл.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу