Өлеңдер ✍️

  27.02.2022
  194


Автор: Өтеген Нұрмағамбетов

АҚСАҚ ТЕМІРДІҢ АДАСУЫ

Қанымның оянғанда ар-намысы,
Жанымның аз болмады арпалысы.
Өртейді өзегімді ой жіберсем,
Өткен күндер, өмірдің қалтарысы.
Таусылмасын тағдырдың бал, тарысы.
Тарихқа болса кейде таңданысым,
Ерліктің танысам да тарлан ісін,
Елдікті сақтай білмес жауыздықты,
Ұлағат ете алмадым жалған үшін,
Қарыздармыз жадында қалғаны үшін.
Заман тұрмас, далада құм көшеді,
Ізі де жоқ алыптың күн кешегі.
Ауызекі атадан сөз қалмаса,
Кейінгілер мақұрым, білмес еді,
Әр тіршілік өзінше күн кешеді.
Ұлағатты өткенді ұға білген,
Ой тербесе тамады шұға тілден.
Бәрі, бәрі, болған жай, еш нәрсе жоқ,
Жер астынан жік болып шыға келген,
Қос құлағы тік болып тұра келген.
Өмірден небір тұлға тарлан өтті,
Уақыт өзі айқындар қарабетті.
Шыңғысхан түркі жұртын біріктірсе,
 Түркіні Ақсақ Темір талақ етті,
Естілікті, ерлікті мазақ етті.
Сан-сапат одан бері заман өтті,
Бірде бақ, қайсы бірде зауал жетті.
Күшімен ақ білектің, көк найзаның,
Даласын ата-бабам қорғап кетті,
Қанша боздақ өмірден боздап кетті.
Ежелден арман болып ерікті күн,
Ғазиз басын қатерге беріпті мың.
Сабақ алып ғасырлар тізбегінен.
Егемен боп алдыңа келіп тұрмын,
Еріктімін бүгінде, еріктімін.
Мекен болған халқыма арман далам,
Жусаның боп өсуді армандағам.
Дүбірлеген өзінің дәуірінде,
Бабалар төсін қағып талтаңдаған,
Бала сүйіп, бақ көріп балпаңдаған.
Заманның тылсымын-ай сан арналы,
Тарихта қай халықтың жанар бағы?
Шыңғыс хан жарты әлемді жаулап алып,
Тіккен-ді Алтын Орда, Ақ Орданы,
Мұра болған түрікке бақ, Орданы.
Амал не, қолдан сусып бағы кетті,
Бірлік күннің бүлінер шағы жетті.
Сұрапыл Ақсақ Темір заманында,
Зұлымдықтың запыран зәрі жетті,
Құрбан болып жалау жас, кәрі кетті.
 Болса да дара туған қабілетті,
Талайына төндірген ақыретті.
Тарихтың алмағайып кездерінде,
Өзінен де, елінен қадір кетті,
Салиқалы елінен сабыр кетті.
Барластан, түркі елінен нәр алса да,
Қол бастап жер түбіне бара алса да,
Қан жылатқан өзінің топырағын,
Топырағынан даланың жаралса да,
Шыбық болып жеріне қадалса да.
Бабалардың әруағын қор еткендей,
Дүйім елдің үмітін жер еткендей.
Бағындырып алса да барша елді,
Түркінің несібесін кем еткендей,
Түркіні өзгелерге жем еткендей.
Қаһарлы Ақсақ Темір, өзі сесті,
Өзі байлап түйінді, өзі шешті.
Сайыпқыран әскері ат үстінде,
Біздерге қарсы келер жау жоқ десті,
Сары дала төсінде сел боп көшті.
Тас жұтса да тағдырдан түңілмеді,
Жаны бардың алдында бүгілмеді.
Есімінен ат үркіп, бала жылап,
Тірескеннің тізесі дірілдеді,
Дара қайың дауылда иілмеді.
Ежелгі ата-дәстүр сақтардағы,
Ұмыт болды, қалпында сақталмады,
 Кеңістік қолымыздан сусып кетті,
Сенімі қалың елдің ақталмады,
Топқа салар арғымақ бапталмады.
Ат үстінде, жорықта шыңдалса да,
Арман болған талайға шыңды алса да,
Ата тарих түйеді қабақтарын,
Жарты әлем, жарым жұрт, мыңды алса да,
Жорық жыры дастан боп тыңдалса да.
Бас игенде бүкіл ел, барша маңай,
Зарлатып өз ордасын шаршағаны-ай.
Ақиретте жұбаныш болар ма екен,
Басына кеткендердің салса сарай,
Оралмасқа аттанған алып талай.
Тектіден жаралса да Ақсақ Темір,
Уақыт куә, ісі бар жаңсақ небір.
Түркі туын төменге құлдыратып,
Ұтылды ұлылықта оқсап Темір,
Қарайлашы артыңа тоқтап, Темір.
Тарих куә, ақылдан саяз кетті,
Түркінің арқасынан аяз өтті.
Қан қақсатып ұрыста талқандады,
Еуропаны билеген Баязитті,
Еуропаны илеген Баязитті.
Бір-бірін қолдамады шын естілер,
Бекерге екеуара тіресті ер...
Мәз болды сүйек-саяқ тастағанға,
 Түркіден таяқ жеген кресшілер,
Түркіден саяқ өрген кресшілер.
Не жорық өз жұртыңа түнергенге,
Бопсасына басқаның тым ергенде.
Мәз болдың, арбап сені кресшілер,
Алтыннан аптап күйме жібергенге,
Асылдан баптап түйме ілерменге.
Өмірде осы ма екен ұлдың парқы,
Қара бақыр базарда құлдың нарқы.
Қан қақсатып өзгені жылату ма,
Мирас болған кейінге ғұнның салты.
Немен біткен ғаламда мұның арты?
Сан ұрпақ өткендерін мақтан етті,
Өз еліңді өзің кеп таптап кеттің.
Тоқтамысты талқандап жатқан кезде,
Еліңнің бақ-баяны жатқа кетті,
Мұң-мұқтажы баладан қартқа жетті.
Мұндай іске барды екен дәті қалай,
Жазылады тарихта аты қалай?
Өреніңді өңменнен тептің неге,
Өз еліңнің жауларын алқымдамай?
Тауларың тұр көрсетіп салқын самай.
Осылай қайран түркі босқа күйді.
(Өйтпесе кешер ме еді басқа күйді?)
Кешірмейді өткен күн кесапатты.
Кешенін салдырсаң да Иассауидің.
Атағын қалдырсаң да Иассауидің.
 Иассауи – исі түркі тұғырлы ері,
Ұлы Дала, көшкен ел шыққан тегі.
Темірдің түркі еліне зауалдығын,
Болжаған қайран бабам күн ілгері.
Жасырын жылады ма, кім біледі.
Күнә бар ма барлығын көрген көзде,
Оранбай-ақ тірілей, өрген бөзге.
Жер астын өз еркімен мекен еткен,
Пайғамбардың жасына келген кезде,
«Жоқтарсың», – деп бір күні өлген кезде.
Халқына болмай пайда қара бақыр,
Ен дала еншісі боп ала тақыр.
Қытайға төрт жүз мыңмен бара жатып,
Аурудан ажал құшты далада ақыр,
Өзгермеген, сол күйі дала жатыр.
Тітіркенер естісең тылсым денең,
Тірілер ол кеткенде күрсінбеген.
Табыттан қос алақан шығып жатса,
Дымсыз келген өмірге тірі жанның,
Дымсыз бара жатқанын білсін деген,
Ұлы Тарих алдында кімсің деген.
Өзгереді, дүние өзгереді,
Көзге ілмей жүрсең де өзгелерді.
Шешеннің сөзі қалған ғасырларға,
Көкірегі ояудың көзі көреді,
Өзі алған Жаратқан өзі береді.
 Болса да заманында алтын алмас,
Қыран болсын қияда қанат талмас.
Жақынын зар жылатқан жаудан бетер
Өмірден адам өткен халқына қас,
Көңілден адам кеткен жалпыға қас...
15.08.2014 жыл.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу