Өлеңдер ✍️

  27.02.2022
  305


Автор: Өтеген Нұрмағамбетов

АЛЫСТАП КЕТКЕН АРАМЫЗ

Қараптан-қарап
алыстап кетті арамыз,
Қарсы тұруға
келмей-ақ қойды шамамыз.
Қоңыраулатып
келеді тағы қоңыр күз,
Жоғалтып нені,
тағы да нені табамыз.
Қайтесің сұрап
өзгеден менің халімді?
Базарда жүрмін
шығарып жоқ пен барымды.
Саудаға салып
сары алтынымды сақтаған,
Жоғалтып алғам
ұятымды да арымды.
Етіміз өлген,
бетіміз ғана шырайлы,
Қыдырған бірге
қара түн ғана тұр айлы.
Сырт көзге салғырт,
ішімді тұман жайлаған,
Тек жүрек қана
жасырып көптен жылайды.
 Сенімім едің,
сен ғана мені ұғушы ең,
Сағынып келсем,
жайраңдап алдан шығушы ең.
Сарсаң күндерден
сабырың қашқан, сұрықсыз,
Сен ғана ебін,
сен ғана емін білуші ең.
Мен сені күткем,
сен-дағы күткен шығарсың,
Тылсым түндері,
тұншығып кейде жыларсың.
Табыспай кету
шын сүйгендердің тағдыры,
Маңдайға солай
жазылғандығын ұғарсың.
27.08.2014 жыл.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу