Өлеңдер ✍️

  27.02.2022
  148


Автор: Өтеген Нұрмағамбетов

ҚАРАҚШЫНЫҢ МҰҢЫ

Ат жалында,
ер қомында күнбе-күн,
Арпалыспен
өтіп жатыр күндерім.
Төсегім жер,
қараңғы түн жамылғы,
Бел шешіп
бір дамылдауды білмедім,
Өз жерімде,
өз еліме кірмемін.
Тағдырымнан
маған деген бұйырым,
Талай қудым
қысырақтың үйірін.
Таңды соғып
келе жатқан бір таңға,
Қайда менің
сонда шыққан бүйірім?
Ас қалмапты
қазанымда түйірім.
Қамшы тартып,
сойыл соқтым жасымнан,
Не өтпеді
менің ғазиз басымнан.
 Атымды айтып
жұбатады баласын,
Түз тағысы
болып кеттім расында,
Қолын созар
жақыным жоқ қасымда.
Жыртық киіз,
бой қарыған суық түн,
Қарашада,
қараңғы үйде туыппын.
Жөргек етіп
басындағы жаулығын,
Омырауын қайран шешем
Көз жасымен жуыпты,
Кіндігімді шашыменен буыпты.
Содан бері айлар өтті,
жыл өтті,
Қара тұман
қаптап алған жүректі.
Ат үстінде
алып кетсе арман жоқ,
Жаппар Алла
қабыл етсе тілекті.
Білектіге жолығар-ау бір күні
Тағы да бір білекті.
Қарақшы деп
айта берсін ел мені,
Қайдан білсін
қасіретті мендегі.
 Жұдырықтай
жүрегім бар тынымсыз,
Жалшы болып
күн көргісі келмеді,
Жалғыз арша
жабайы өскен белдегі.
Жылатпадым
жақыбай мен жарлыны,
Елдің мұңы
менің тартқан бар мұңым.
Ойлай білген
жанның көбі бақытсыз,
Ойхой дүние,
белгілі ғой тарлығың,
Қолмен ұстап
көріп келем барлығын.
Артым тұман,
жүріп келем, алдым жар,
Арқа сүйер
ақылшыға болдым зар.
Қарақшы боп
туғаным жоқ анамнан,
Мені өздерің
қарақшы ғып қойдыңдар,
Жарты жілік,
несін мүжіп тойдыңдар.
Менің мұңым
өзгелерден дара мұң,
Жұбанышым
жалғыз арша, қара түн.
 Өгейсітіп итерме
тек өңменнен,
Туған жерім
топырағында қаламын.
Тербет сосын бесігіңде,
баламын.
25.08.2014 жыл.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу