Өлеңдер ✍️

  27.02.2022
  145


Автор: Өтеген Нұрмағамбетов

ШАЛКӨДЕ ЖАЙЛАУЫНДА

Атам жұріп өткен жер.
Атамекен,
Атыңды қандай
қазақ атады екен?
Шаршағанда шабыстан,
сабылыстан,
Шалғыныңа келем де
жата кетем.
Шалкөденің бауырын
мал жайлаған,
Айғайтас
мен мұндалап айғайлаған.
Жүрегіме жыр құйған
Қарағайлы,
Шабытыма дем берген
айхай далам.
Тау басынан сарылдап
аққан бұлақ,
Кәрі тастар, шалдығып
жатқан құлап.
Желмаяға мініп ап
жер кезгенде,
Атам қазақ іздеп кеп
тапқан тұрақ.
 Тұзды көл,
Есекартқан, Тоғызбұлақ.
Жағалауы сары гүл,
майса, құрақ.
Теке суы тіресіп
теріс аққан,
Түзу, Қисық,
текелер еткен тұрақ.
Сұңқылдаған
естілді байғұз үні,
Орманшының
ұсынған бал қымызы.
Бесік жырын
жатқа айтқан өрімтал қыз,
Шалкөденің
біз көрген жалғыз күні.
Көп жүріппіз
әр түрлі бағытпенен,
Санаспайды
жайлауда уақытпенен.
Қар жол, тау арасы,
салқын самал,
Осы екен ғой туған жер,
бақыт деген.
18.07.2014 жыл




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу