Өлеңдер ✍️

  27.02.2022
  179


Автор: Өтеген Нұрмағамбетов

САРЫ ҚОЯН

Сарым менің, сап-сарым,
сары қояным,
Қылығыңа қалайша
тоя аламын.
Тәтті ұйқың бұзылып
кетпесін деп,
Таң атқанша сан рет оянамын.
Қамсыз ұйқың, алтыным,
бұзылмасын,
Ұзақ болсын қызығың,
ұзын жасың.
Шыбынның да
дауысы естілмесін,
Тең анаңның
әлдиі ыңылдасын.
Қуалаған құйынды
құлыншақтай,
Күні бойы
жүгірдің тыным таппай.
Дем алсын деп
Күн кетті қырдан асып,
Сенің үшін
аспанда нұрын жақты Ай.
 Туған жерің,
тау-тасың түсіңе енсін,
Тек жақсылық
санаңда күшін керсін.
Түн ұйқысы
бұзылған әке жайын
Өзің әке
болғанда түсінерсің.
Атқа мінген
кезіңді көрсем деймін,
Жарыстарда
жүлделі келсең деймін.
Бір қараға жеткізсем,
балапаным,
Содан кейін арман жоқ,
өлсем, мейлі.
Жая берсін
жанымда күз етегін,
Тәтті ұйқысын
баламның күзетемін.
Бұзылмасын
ұйқысы сәбилердің...
Соны ойласам
жүрегім дыз етеді.
15.04.2014 жыл




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу