Өлеңдер ✍️

  27.02.2022
  166


Автор: Өтеген Нұрмағамбетов

ӘКЕМНІҢ ҚАБІР БАСЫНДА АЙТҚАНЫ


Ел-жұртың келіп
арнауда саған батасын,
Қош енді қош бол,
балаларымның апасы.
Жазымыштан озмыш
озып кеткен бе,
Осылай болды,
осында енді жатасың.
Сен артқан жүкті
жеткізу үшін әріге,
Жүре тұрамын
жұмыр жер басып әлі де.
Күре тамырым
үзіліп кетті, білесің,
Шарамыз бар ма
көнуден басқа бәріне.
Зымырап аққан
заманың неткен қас-қағым,
Өзіңе сеніп
күйттемеппін де бас қамын.
 Осыған ғана
жағдайым жетті, риза бол,
Басыңды сенің
темірмен қоршап тастадым.
Тас бауыр
қозы маңырар-дағы оттығар,
Өзіңдей қамқор
балаларыңа жоқ шығар.
Жетім жыласа
періште налыр көктегі,
Ілігіп кетсе
жапырық жаяр көк шынар.
Кем бір дүние.
Кеш ұқтым бәрін, кешіргін,
Тас түйін едім,
көңілім босап шешілдім.
Қарайлай бердім
сен асып кеткен белеске,
Өтпестей болған,
келмеске кеткен есіл күн.
Шаттықты маған
сыйлады сенің етегің,
Сағым күндерді
санамда сақтап өтермін.
Таусылған күні
тартылған тары-талқаным,
Қасыңа сенің бір
күні мен де жетермін.
28.03.2013 жыл




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу