Өлеңдер ✍️

  27.02.2022
  223


Автор: Өтеген Нұрмағамбетов

«АҚТӨБЕ» ГАЗЕТІНІҢ ҰЖЫМЫНА АШЫҚ ХАТ


Тал-теректей
кесілген бұтақтары,
Кітап жоқта
жабырқап жұтадым.
Таратуға бір күні
келді реті
Соңғы шыққан
Шаханов кітаптарын.
Жаса, елім,
мекені алыптардың.
Алтыннан
мүсін құяр қалыптардың.
Алты алаш
әлдилеген ағамыздың,
Он кітабын
газетке алып бардым.
Неге керек жазғаның,
ел көрмесе,
Құр желік,
желкеніңді жел көрмесе.
 Ұлттық сезім,
ұлт жаның, ұлы ісің,
Ұлтыңның
жүрегінде тербелмесе.
Сұйық сөзге
қашаннан аз құштарым,
Өтіп жатыр қаламмен жаз,
қыстарым.
Тастап кеттім
газеттің ұжымына,
Ортасы деп
ақын мен жазғыштардың.
Бір соққанда
кәмпит пен шарап тұрды,
Тағы бірде
айна мен тарақ тұрды.
Мен әкелген
ақынның кітаптары,
Жетімсіреп
сөреден қарап тұрды.
Бір кітапты
біреуі қарамапты,
Өлең парқын
өздері бағалапты.
Есепке жүйрік болар,
бір қарындас.
Қанша пайда
түсерін санап жатты.


 Оқымаса Мұхтарды,
Қасымдарда,
Мұқағали,
Жұмекен асылдарды.
Елге қалай айтады
ер жайында,
Қалайша
оятады жасындарды?
Газет – елдің ұяты,
шарайнасы.
Елің сеніп тапсырды,
абайлашы!
«Қарашада қара үй тұр»,
содан шықтың,
Арт жағыңа, ағайын,
қарайлашы?
18.03.2013 жыл




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу