Өлеңдер ✍️

  27.02.2022
  143


Автор: Өтеген Нұрмағамбетов

* * *

Бұйрат құмдар бұйығады ет жеңді,
Самала жел соғып тұрды көктемгі.
Самсаған ел сары құмның етегі,
Көп түрікпен көшті қуып жетті енді.
Алқақотан, шөккен түйе,
Артулы жүк ашылған.
Ақ дастарқан, туралған ет,
Ақ бауырсақ шашылған.
Астан үлкен кім бар дейсің,
Ашу сосын тасынған.
Тұрып қалды қуғыншылар,
Мыжғылаған күн бетін.
Мұндай жағдай құм ішінде
Бола бермес күнбе-күн.
Жазылмаған дала заңы,
Ас тұрғанда алдыңда
Тізгін тарту,
Ауыз тиу міндетің
Ас алынды, сосын қымыз тартылды,
Сый-сияпат көрсетеді парқыңды.
Ас аяқтан аттап кету масқара,
Ашу кернеп тұрса-дағы алқымды.
 Содан кейін бас түрікпен сөз алды,
Ақ дастарқан, тау бауырсақ көз алды.
Айту қиын, қайту қиын мұндайда,
Үнсіз тұрды. Бір қызарып, бозарды:
«Көшкен елміз,
Оған куә даламыз,
Ат үстінде қартаяды баламыз.
Дәмін татқан қандас еді,
Енді қайтып шабамыз.
Шулатқанда бейбіт елді
Не абырой табамыз?
Келер күнге қарабет боп қалармыз,
Осылай деп айтып кеткен бабамыз».
Қуғыншылар кейін бұрды ат басын,
Бұл кесімге ешкім енді тақпас сын.
Көшкен елдің, өскен елдің баласы,
Санасында болған жайды сақтасын.
Ер шешімдер болып тұрған далада,
Ер жүректің ерен ісін шамала.
Ет жүрегім елжірейді еріксіз,
Есте мәңгі, естимісің, Жан-Ана.
Елің тәнті, естимісің, Жан-Ана.
Ұлы істердің Ана бастау-бұлағы,
Ұлы жүрек - ұлы күннің шуағы.
Жаулығына жанын түйген балам деп,
Көз алдыма апам келіп тұрады.
...Көш - керуен қырдан асып ұзады.
20.02.2013 ж.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу