Өлеңдер ✍️

  27.02.2022
  134


Автор: Өтеген Нұрмағамбетов

* * *

Кез болатын
су ішкен ауыздықпен,
Текетірес ұласқан
жауыздықпен.
Бетегені боздақтың
қаны жуып,
Өспей жатып солатын
қауыз біткен.
Бітпес дауы
қазақ пен түрікпеннің,
Басы қалған
далада үріккеннің.
Жалғыздың үні
шықпай сары құмда,
Желбіреген
жалауы біріккеннің.
.
Даусы қалған
адасқан боталардың,
Айта алмайды,
тілі жоқ жоталардың.
Шала-жансар
шоқ қалды қоламтада,
Отпан тауда
тағы да от жағар кім?!
 Бөлінгенді далада
бөрі жеген.
Айта алмайды кеткен жан,
көрі терең.
Бәрін көрген
құм жалдар сөзге сараң,
Көзі соқыр,
жүрегі тас, құлақ керең.
Итіс-тартыс
сондай бір барымтада,
Малға-мал,
жанға-жан қарымтада.
Атынан ауып
қалған бір түрікпен,
Ашық барып
алған соң арың таза.
Аламанда мерейі
болған өктем,
Өмір өзі бірде қыс,
бірде көктем.
Жау жүрек
бір қазақтың тақымында,
Түрікпеннің әйгілі
аты кеткен.
Содан бері қан қою,
тіс қайраулы,
Найза өткір,
белдеуде ат байлаулы.
 Түн қатып,
тас жамылып, ұйқы қашып,
Ерегеске түсетін ер сайлаулы.
Қарауылда тыным жоқ
бебеу қаққан,
Оңды хабар күтуде
күнгей жақтан.
Ат артына
өңгеріп қадірлісін,
Сіміру дұшпан қанын
сел боп аққан.
Балаларын құл қылу,
әйелін күң,
Олжа қылу қыздарын
бермей-ақ мың.
Сабасына келтіру
сар даланы,
«Дандайсып кеткен екен
қазағың тым».
«Туырлығын тілгілеп
тоқым кылу,
Керегесін кескілеп
отын қылу»,
Есі кірген
баласын шырқыратып,
Түрікпеннің атынан
шоқындыру.
 Күн туды қан төгісер,
алар кекті,
Аттандаса ат мінген
талай текті.
Аңдысқан жау қалайда
алмай қоймас,
Шолғыншының атынан
хабар жетті:
«Қуалап еңістікті,
сай-саланы,
қатын-қалаш бастаған
көш барады»,
Бала-шаға,
қартайған кәрі-құтаң,
Оңтайын орып
түспей кеш қалады.
Сең-сең бөрік,
көзіне қан бүріккен,
Кешікпей атқа
конды жүз түрікпен.
Қарқынын құм қорқып,
жер именіп,
Қабағынан қар жауып,
түз үріккен.
Ойлары қамсыз көшті
басып қалу,
Оңай келген олжадан
шашып қалу.
 Орайы кеп тұрғанда
ойып алып,
Отағасы жоқ көшке
ойран салу.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу