Өлеңдер ✍️

  27.02.2022
  151


Автор: Өтеген Нұрмағамбетов

ҚУАНА БЕР, ӘКЕ

Қуана бер, әке,
енді, мен де өзіңдей әкемін.
Болашағы жарқын болсын,
атын ата бөпеңнің.
Мен де өзіңдей
әр күнімді жанұшырып өткізіп,
Мен де өзіңдей
кей күндері гоңашаға кетемін,
Енді ғана сезгендеймін
алар орнын әкенің.
Кей-кей жерде
мен де өзіңдей қатты кетем, білемін.
Кей кездерде
тартқан жүктен шаршағандай білегім.
Өңменімнен итергенде
ауырғандай жүрегім,
Аңсағанда, шаршағанда,
өзің барсың – тірегім.
Қапаланба сен де,
әке, қабыл болсын тілегің.
Тауқыметін тағдырыңның тартып,
әке, жүрсің бе?
Талайына жазылғанын
татады екен әркім де.
 Талайларға арман болған
таттың дәмді бұл күнде,
Озымыштан оза шабу
бұл жалғанда мүмкін бе?
Жақсы ісіңнің жалғасы бар,
күрсінбе, әке, күрсінбе.
Бәрін тастап бір күндері қасыңа,
әке, жетемін.
Көк шалғанда жоталарды,
төбелердің етегін.
Қатар тұрып шөп шабуды
армандадым неше мың,
Баудай түскен көк шалғында
аунамадым неше күн.
...Шаршап келсең
қою шайы дайын еді шешемнің.
06.12.2012 жыл




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу