Өлеңдер ✍️

  27.02.2022
  186


Автор: Өтеген Нұрмағамбетов

АҚТАНАУ

Шапағатын
себелейді әсем күн,
Толғанамын,
болмас әсте бәсең үн.
Жан сарайы
тылсым сырға толы еді,
Жылдар бойы
жылқы баққан әкемнің.
Қиындықпен
өткізіпті жас шағын,
Жылқы мінез,
өзгеруі қас-қағым.
Тауқыметін
талай тартып жүрсе де,
Баласындай
аялайтын аттарын.
Қадірлейтін
Қамбар-ата киесін,
Мал бағары,
құлын-тайы, биесін.
Сезеді ме
ықыласын ерекше,
Аттары да
түсінетін иесін.
 Өткен күнсіз
болашағың мәнді ме,
Ұнататын
домбыраны, әнді де.
Жылқы көрсем
еске түсе кетеді,
Ертеректе
әкем айтқан әңгіме:
«...Дей алмаймын
уақытымды аққа жау,
Кез болатын
іздемейтін жоққа дау.
Бағып жүрген
көп жылқының ішінде,
Айғыр болды,
аты ерекше –Ақтанау.
Делінген
қос танаулары аппақ ек.
Шағыр көзді,
сүйір тұмсық, шақша бет.
Кекілдері
жауып шағыр көздерін,
Шашалары
аппақ еді жатқан шет.
Тұяқтары
қара тасты шаң қылар,
Тұқымында
арғымақтың қаны бар.
 Шапқан кезде
жымитып қос құлағын,
Жер апшысын
қуыратын жануар.
Бас сүйегі –
пышақ жүзі, оқ қыры,
Қазанатым,
биік еді шоқтығы.
Сом денесі
тарамыстай тартылған,
Білінбейді
аштығы не тоқтығы.
Тұлпарларға
мекен болған осы ара,
Бәрі кетті,
өткен күнге не шара?
Бар айыбы –
тек тілі жоқ демесең,
Адамнан да
есті еді бишара.
Әлі есімде,
қақаған қыс болатын,
Ішін тартып,
ұйтқып боран соғатын.
Жылқыдамын,
үшінші түн ұйқы жоқ,
Арман болып
бір ықтасын қонатын.
 Ақтанаудың
мұз көмкерді сауырын,
Қиыршық қар
тілгілейді бауырын.
Бойымда күш,
қолда тізгін тұрғанда,
Қорқыта алмас
мені сойқан дауылың.
Омбы қардың
таусылмады сарсаңы,
Ақ көбік боп
жануарым шаршады.
Аттан түсіп
бой жаздырдым бір сайда,
Қалғып кеттім.
Кез болатын таң сәрі.
Ұйқыдамын.
Сезбей қырсық жеткенін,
Сай жағалап
жылқы өріп кеткенін.
Уысымнан
шығып кеткен қыл шылбыр,
Ақтанаудың
табынға еріп кеткенін.
Ащы дауыс,
шошып кеттім көз ашып,
Ала боран
ысқырады қар басып.
 Ақтанау
жүр екі ортада арқырап,
Кісінейді
тұяғымен қар шашып.
Ақтанауым,
бақ еді ғой басымда,
Құр-құрладым,
жетіп келді қасыма.
Жан серігім,
құшақтадым жалынан,
...Сабыр сезім,
сап көңілім тасыма.
Қарғып мініп,
ерге мықтап орнықтым,
Бір-ақ сәтте
аяқталды қорлық күн.
Жануарым жершіл еді,
қанатым.
Бесін ауа
көп жылқыға жолықтым».
Көп жыл өтті,
осы әңгіме көңілде.
Көп жаңалық,
көп өзгеріс өңірде.
Көп жыл өтті,
ағыс алып кеткелі,
Ақтанау да,
әкем де жоқ өмірде.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу