Өлеңдер ✍️

  27.02.2022
  165


Автор: Өтеген Нұрмағамбетов

МАХАМБЕТПЕН ТІЛДЕСУ

 


О, Махамбет,
Батыр бабам, арысым.
Түн қатып ең
қайма қазақ қамы үшін.
Аш арыстан,
жолбарыс та болдың сен,
Қара көзің –
қарындастың ары үшін.
Келер күндер,
келе жатқан таң үшін.
Заманыңның
тепкісіне көнбедің.
Жалын едің,
дауылдарда сөнбедің.
Ұрпақ барын
«теңдік сұрар ұрынып»,
Көре білдің.
Ақтың туын бермедің.
Жылағанды
жақсы игімен тең көрдің.
«Еңку-еңку» құм Нарында
жер шалдың,
Еділ кешіп,
есіргенге қол салдың.
 Ертеңі үшін
есіктегі еркектің,
«Ереуіл мініп,
егеулі найза қолға алдың»,
Еркіндік күнге
еңіреп жүріп жол салдың.
Маңайын Еділ
толтыру еді арманың,
Толассыз көшкен
керуендерге бар маңын.
Тасырлап желіп,
табындап өрген жылқыға,
Тай құлындарға,
қуалай шапқан жан жағын,
Тай, бұқаларға,
аспанға шашқан шаңдарын.
Естіліп дауысың,
намысқа найза қайраған.
Ішінде жүрсің
ұрыстың әлі қайнаған.
Ұраны өзің
артыңнан ерген ұрпақтың,
Жаңа жорыққа
арғымақтарын сайлаған.
...Құм төбелерде
іздерің жатыр сайраған.
08.06.02 ж.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу