Өлеңдер ✍️

  27.02.2022
  107


Автор: Өтеген Нұрмағамбетов

СЫР

Қызарамын,
жаман айтса біреулер сен жайында.
Қызарамын,
мақтап та айтса біреулер сен жайында.
Ұқсап кетті
мұңая қарағаның,
Жалғыз өскен
жапанда тал-қайыңға.
Қорғаны көп
жақсының жер бетінде,
Ол неге
жалғыз өскен жел өтінде?
...Ұмыт болған
біреудің елесі бар,
Жып-жылы
боп қараған келбетіңде.
Сағынамын,
көрсем деп асығамын.
Жанарыңа,
күлкіңе асық жаным.
Жабығамын,
жарқ етіп кіріп келші,
Қоштасуға асықпай,
ғашық жарым.
 Жету қиын ой шеті,
тылсым терең,
Жүрегімді
қайтемін дүрсілдеген?
Кеудемдегі
жалынға жанып барам,
Көп су ақты,
осылай күрсінбеп ем.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу