Өлеңдер ✍️

  26.02.2022
  183


Автор: Өтеген Нұрмағамбетов

САҒЫНАМЫН ӘКЕМНІҢ АЛАҚАНЫН


Жыламаймын,
жыласам мұң шалады.
Сағыныштар
ойымды тұмшалады.
Аспан асты өзіңсіз
бос қалғандай,
Кең дүние
қаз-қалпы тұрса-дағы.
Бос қалғандай есік те,
терезе де.
Басқалдақтар,
босаға, кереге де.
Ішін тартып
кер бие кісінеді,
«Кешікті ғой қара шал,
неге» – дей ме.
– Атам қайда?
Келе ме, атам қайда?
Айта алмаймын,
Не дейін балақайға?
– «Көктем шыға қыдыртам»
деуші еді ғой,
Ер салып ерте туған қара тайға.
 «Жер қарая, – деуші еді,
– елге барам,
Апаң жатқан
киелі жерге барам,
Қамыс шулап,
толқыны еркелеген.
Көлге барам,
көк орай белге барам».
Қанат қағып
өргізген балапанын.
Аңсаймын
ауылымның ала таңын.
«Құлыным»,
– деп сипаған маңдайымнан,
Сағынамын
әкемнің алақанын.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу